Ұстаз – ұлы есім

Ұстаз болу – ең жауапты, мәртебелі мамандық. Жас ұрпақтың жеке түлға болып қалыптасуына бағыт беретін де ұстаздар қауымы. Ал, еліміздің ертеңі жастар дейтін болсақ, олардың кемел болмысын қалыптастыру ұстаздар міндетіне айналған абыройлы іс екенін ұстаздар жақсы біледі. Алдына келген әрбір шәкіртін білім нәрімен сусындатып, болашақ өмірінде еркін ойлауға, қажет кезде дұрыс шешім қабылдауға, әрдайым өзін-өзі жетуілдіруге де баулитын осы ардақты ұстаз десек, ол- шындық!

Осындай білімді де білгір ұстаздар ұжымы Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Тайынша қаласындағы 1959 жылдан бастау алған Тайынша агробизнес колледжінде еңбек атқаруда. Бұл білім ошағы – аудандағы ауыл шаруашылығы үшін кадрлар даярлайтын бірден-бір базалық оқу орны. Білім ордасынан  мыңдаған түлектер үлкен өмірге жолдама алып, ауылшаруашылығы саласында еңбек атқарып жүргенін мақтанышпен айтуға болады. Бүгінгі таңда бұл ұжымды ұлағатты ұстаз, ҚР Білім беру ісінің үздігі Даулыбай Ешімбайұлы Ташетов басқарады.

Ол колледжді басқару теориясы мен практикасын жетік меңгерген жоғары білікті маман. Қазақстанның білім беруді дамыту стратегиясын, оқыту мен тәрбиелеудің мақсаттарын, мазмұнын, заманауи тұжырымдамалары мен технологияларын, білім беру жүйесінің жұмыс істеу және даму негіздерін, мектеп, колледж жұмысының қағидалары мен әдістерін, білім беру мекемесінің қызметін жоспарлау және талдау әдістерін жақсы біледі. Д. Тәшетов өзінің саналы ғұмырының 40 жылын Қазақстанның білім беру жүйесіне арнаған азамат. Жалпы білім беру және тәрбие бағдарламаларын іске асырудағы елеулі табыстары үшін «Ы. Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды.

Колледжде дуальды оқыту жүйесін енгізу үшін кәсіпорындармен кәсіптік тәжірибеден өту туралы шарттар жасалған. Қазіргі таңда әлеуметтік серіктестік – көптеген мәселелер бойынша іскерлік өзара тиімді ынтымақтастық болып табылады. Колледждің әлеуметтік серіктестері ауданның ірі ауыл шаруашылық құрылымдары болып табылады: «ТайыншаАстық» ЖШС,  «Астық  STEM» ЖШС, «Тайынша Агроном» ЖШС, «Ильич Тайынша» ЖШС, «ТайыншаКоммунСервис» ЖШС, «Вишневское» ЖШС, «Әлжан» КХ, «Николюк Е.Н» ЖК., «Казбекова Ж.М» ЖК., «Егимбаев С.З.» ЖК. Колледж студенттері жыл сайын түрлі байқауларға қатысады.

Колледждің оқу ғимаратында 15 оқу кабинеті, 1 зертхана-кабинеті, спорт залы, 100 орындық асхана, 10 000 данадан астам оқу кітап қоры бар кітапхана, штаттық медицина қызметкері бар медициналық кабинеті, әкімшілік кабинеттері орналасқан. Колледж аумағында 4 зертхана, 3 шеберхана, жобалық қуаты 100 орындық жатақхана ғимараты бар. Агробизнес колледжіне бекітілген алқаптарда колледж студенттері дәнді дақылдарды егіп, жинайды. Соңғы бес жыл ішінде колледж айтарлықтай өзгерді. Әкімшілік және оқу ғимараттарында жөндеу және абаттандыру бойынша үлкен жұмыс жүргізілді.

Колледждің барлық маңызды іс-шаралары өткізілетін акт залы толығымен жаңартылды. “Ауыл шаруашылығы техникасына техникалық қызмет көрсету және жөндеу” мамандығы бойынша арнайы пәндер кабинеттері және тарих кабинеті қайта жабдықталды. Осы өзгерістердің бастамашысы, ұйымдастырушысы және жетекшісі – колледж директоры Д. Ташетов мырза екенін көпшілік қолдайды. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің тапсырмасына сәйкес Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімінде “Жас маман”жобасы бастау алды.

“Жас маман” жобасының мақсаты 100 сұранысқа ие мамандық бойынша 180 колледж бен 20 жоғары оқу орнын жаңғырту және білікті мамандар даярлаудың халықаралық тәжірибесін енгізу болып табылады. Ол үшін әр өңірде конкурстық негізде бір базалық университет және 10 колледж анықталды. Бұл жобаға Тайынша агробизнес колледжі де қатысты. 2021 жылы колледж аккредиттеуден сәтті өтті. Бүгінгі таңда колледждің материалдық-техникалық базасы нығайып келеді.

Тайынша агробизнес колледжі еңбек нарығының заманауи сұраныстарына жауап беретін, түлектерді сапалы біліммен қамтитын білім беру орталығы. “Жас маман” жобасын іске асыру мақсатында  колледж ұжымы жаңа буынның жоғары білікті мамандарын даярлауда және  Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына  арнаған Жолдауынан туындайтын мақсат- міндеттерді жүзеге асыруда колледж ұжымы аянбай еңбек атқаруда.  

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын лайықты табыстармен қарсы алып отырған ұжымның еңбек жолында сәттілік дейміз! Білім ошағын абыроймен басқарып отырған біздің бүгінгі кейіпкеріміздің биылғы оқу жылында «Қазақстанның Алтын кітабының»  бетінде ойып орын алуы да ұлағатты ұстаздың, білікті басшының өз ісінің маманы, білікті басшы екендігінің бірден бір дәлелі болса керек. Ұстаздар! Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын!

Гүл НҰРАЛИНА, журналист,
Солтүстік Қазақстан облысының
Тайынша қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий