Ұстаз деген ұлы сөз ұлағатты…

Ұстаздар күні мерекесіне байланысты Батыс Қазақстан облысының орталығында «Ұстаз деген ұлы сөз ұлағатты…» атты  мерекелік шара ұйымдастырылды. Қала әкімі Абат Шыныбеков педагогтарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, озық тәжірибелі  педагогтерді марапаттады, – деп хабарлайды Орал қаласындағы білім бөлімінің баспасөз қызметі.

Жастар мәденет үйінде өткен шара сала ардагерлеріне құрмет көрсетуден бастау алды. Ардагер-ұстаздарға гүл шоқтары ұсынылып, олар қызыл кілеммен жүріп өтті. Cалтанатты жиын «Қазақ даласындағы білім жолы…» қойылымымен ашылды. Қала әкімі Абат Шыныбеков құттықтау лебізінде ардагер-ұстаздар мен олардың салған сара жолын жалғастырушы  бүгінгі педагогтардың ел болашағын тәрбиелеудегі рөліне ерекше тоқталды.

– «Ұстаз – жас ұрпақтың рухани сәулетшісі» деп бекер айтылмаған. Ұстаздардың қоғамдағы рөлі жоғары және өркениеттің дамуына сәйкес зор мәртебеге ие екенін бәріміз білеміз. Тарыдай болып мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршінді мейірімге бөлеп, тәлім-тәрбие беріп, білім нәрімен сусындатып, таудай болып шығуына, өмірде өз орнын табуына негіз қалайтын өздеріңіз. Ұстаздардың еңбегі әрқашан өлшеусіз терең, барлық адамзат бұл өмірге әкелген ата-анасына басын иіп өтсе, әріп танытып, тұлға ретінде қалыптастырған ұстазына мәңгі қарыздар деген ойдамын, – деді Абат Абайұлы.

Сондай-ақ «Үздік педагог» байқауының жүлдегерлеріне алғыс хат пен сертификаттар табыс етті. Орал қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен қала мектептерінің мұғалімдері арасында өткізілген «Орал қаласының Құрметті педагогі» байқауының нәтижесі бойынша алдыңғы қатарлы мұғалімдерге 100 мың теңгелік сертификат берілді. Білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейінің мұғалімі Гүлнара Шоламбаеваға «Орал қаласының Құрметті  педагогі» төсбелгісі мен куәлігі және 300 АЕК (875 100 теңге) көлемінде сыйақы  берілді.

Бір топ білім саласы қызметкерлеріне Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағының тарапынан «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» белгісі табыс етілді. Сонымен қатар республикалық «Үздік педагог» атағын беру қағидаларын бекіту туралы ҚР Білім және ғылым Министрлігінің 2015 жылғы 16 қаңтардағы №12 бұйрығына сәйкес «Үздік педагог» байқауының қалалық кезеңінің жүлдегерлері, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында оздырылған байқау нәтижесіне сәйкес білім беру саласын дамытуға мол үлес қосқан, педагогикалық қызметте шығармашылық табыстарға қол жеткізген педагогтер марапатталды. Шарада қосымша білім беру ұйымдарының ұстаздары мен жас мамандар, шәкірттер өнер көрсетті.

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий