Бағытымыз белгілі, мақсатымыз айқын

«Бүгінгі кәсіподақ – Қазақстандағы азаматтық қоғамның басты белгісінің бірі», – дейді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Берекелі бірлік пен тиянақты тірліктің, баянды белес пен келелі кеңестің қадірін білген халқымыз, қашан да байсалды пікір алмасып отырған. Президент Жолдаулары еліміздің әл-ауқаты мен экономикасына үлкен серпіліс тудырып, жаңа міндеттер жүктеп, игі бастамалардың жүзеге асыруына бағытталады. Биылғы жыл –  еліміздің Тәуелсіздігіне 30 жыл толу мерекесімен ерекшеленбек.

Мерекелі жылдың құрметіне Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен 2021 жыл – бастауыш кәсіподақ ұйымының жылы болып жарияланды. Өткенімізбен бүгінімізді қалыптастырған да, тоғыстырған да – еңбек.  Кәсіподақ ұйымдарының негізі міндеті – кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік – экономикалық және еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау, еңбек заңнамасы талаптарының орындалуына бақылау жасау. Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы кәсіподақ  ұйымдарының саны және қызмет сапасы жағынан да   республикадағы   қуатты қоғамдық   ұйымдардың   бірі. 

Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы – Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексіне, өзге де заңнамалық және нормативтік құқықтық актілерге сәйкес, құқықтық және кәсіби кепілдіктер мен жеңілдіктер, оңтайлы  еңбек жағдайларын жасауды көздейтін, жұмыс беруші мен жұмысшылардың  өзара  міндеттемелерін  анықтайтын, салалық және өңірлік келісімдерді негізге ала отырып, білім беру ұйымдары қызметкерлерінің әлеуметтік – еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғайтын бірден-бір ұйым.

Қазіргі таңда облыстық кәсіподақ ұйымының құрамында кәсіподақ мүшелігінің саны – 37 мыңнан астам болса, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының саны – 526 құрайды.  Облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымында салалық және өңірлік келісімдер негізінде барлық бастауыш кәсіподақ ұйымдары 100 пайыз ұжымдық шарттармен қамтылды. Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы – білім беру  мекемелерінің мүшелік ұйымдарымен әлеуметтік әріптестікті дамыту және әлеуметтік – еңбек қатынастарын реттеу жұмыстарын Орталық Комитеттің «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының 2019 – 2024 жылдарға  арналған қызметінің Бағдарламасы» Стратегиялық құжатына сүйеніп, жүзеге асыруда.

Биылғы жылда, Батыс Қазақстан облысы білім басқармасы және Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы  арасындағы 2021 – 2023 жылдарға арналған Әлеуметтік әріптестік туралы Өңірлік келісімі Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде тіркеуден өткізілді. Екі жақты тараптармен келісілген Өңірлік келісімде  –  еңбек заңнамасы негізінде педагогтардың, ғылыми – педагог кадрлардың, білім және ғылым саласының басқа да қызметкерлерінің көптеген өмірлік – маңызды мәселелері шешіліп, лауазымдық айлықтарға қосымша ақылар мен үстеме ақылар мөлшері, жұмыс уақытының ұзақтығы реттеліп, кепілдіктер мен еңбек  жағдайына өтемақылар мөлшері анықталды.

Бүгінгі кәсіподаққа – белсенді жастар! семинар тренингі. Орталық комитеттің өкілі Ә. Абиевамен

Әлеуметтік әріптестікті дамыту және еңбек қатынастары жағдайының мәселелері жүйелі түрде, облыстық кәсіподақ ұйымында құрылған  Әлеуметтік әріптестік туралы комиссиясының Салалық Кеңесі және Атқару  Комитетінің  мәжілістерінде қаралады. Сонымен қатар, Салалық келісімдегі тараптардың еңбекке ақы төлеу мәселелері бойынша құжаттар жобаларын әлеуметтік әріптестік жөніндегі Салалық комиссия отырысында қарап, нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуде бірлесіп жұмыстану және білім берудегі жан басына қаржыландыруды енгізуге қатысты мәселелерді әлеуметтік әріптестік жөніндегі Салалық комиссия отырыстарында қаралуы облыстық деңгейдегі әлеуметтік әріптестікті дамытып жүзеге асырудың тиімділігі мен ұжымдық шарттардың  сапасының   жақсаруына   оңтайлы   әсер    етуде.   

Әрбір мекемеде еңбекке қатысты кикілжіңдер орын алмас үшін, еңбек ұжымының мүддесі әкімшілік пен кәсіподақ арасында қажетті құжаттар арқылы бекітіліп, кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік – экономикалық құқықтары  мен  мүдделері  заңды  негізде қорғалуы   тиіс. Яғни, барлық іс-әрекет заң шеңберінде және ашық болуы тиіс. Кәсіподақ мүшелерінің заңмен белгіленген құқықтарының бұзылу фактілері аясында да көптеген мәселелер шешіліп, еңбеккерлердің құқықтары қорғалды.

Тәуелсіздік күніне орай педагог ардагерлерге Ақжайық шипажайына жолдама табыстау сәтінен.

Осы бағытта жоспарлы түрде, кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік еңбек құқықтарының қорғалуы мен ұжымдық шарттарының орындалуы туралы және кәсіподақтың жұмысын ұйымдастырудағы түрлі бағыттарда барлық аудандар мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарына әдістемелік көмектер  көрсетіліп, ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Кәсіподақ жұмысын дамыту мен жетілдіру бағытында еңбекті қорғау бойынша қоғамдық инспекторлардың жұмысын күшейту мен өндірістік кеңестердің  жұмысын  жетілдіру  басты  назарға алынған.

Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақ ұйымы аудандық және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының және мүшелікке тартылған білім беру мекемелерінің техникалық инспекторларының «Кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау» курстарынан өткізіліп, оларға 3 жылға жарамды сертификат берілуі қадағаланып отырады. Облыстық кәсіподақ ұйымындағы барлығы 526 бастауыш кәсіподақ ұйымдары болса, оның елуден жоғары қызметкерлері бар – 294 ұйымында Еңбек қауіпсіздігі  және  еңбекті  қорғау  жөніндегі  Өндірістік кеңес  құрылды.

Сонымен қатар, білім беру мекемелерінде заңбұзушылықтың алдын алу мақсатында еңбек заңдылығының сақталуы мен орындалуына қоғамдық бақылау  жұмыстары жүргізілуде. 2019 жылы «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының еңбекті қорғау жөніндегі үздік техникалық инспекторы» Республикалық байқауында Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының атынан бақ сынаған Орал политехникалық колледжі директорының оқу – өндірістік жұмысы жөніндегі орынбасары, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторы Михаил Горлов І орынды иеленді.

Кәсіподақтық  жаңғыртулар  аясындағы  еңбек  қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелеріне қатысты жұмыс берушілердің назарын өндірісте болатын қайғылы оқиғаларды азайтуға, жол бермеуге және өндірісте жарақат алудың алдын алу жөніндегі жұмыстардың тиімділігін арттыру мақсатындағы «Қауіпсіз еңбек бағдарламасы» және «Еңбекті қорғау, еңбекті қорғауды алдын алу мәдениетін бірге көтереміз» акцияларын өткізу еңбек қатынасын  реттеуде  маңызды  рөл  атқарғаны  анық. 

Кәсіподақ ұйымдарының басты міндеті – жастарды кәсіподаққа тарту, жастар кәсіподақ қанатын құру болып табылады. Осы мақсатта, облыстық кәсіподақ ұйымының жастар кеңесінің ұйымдастыруымен түрлі спорттық шаралармен бірге форумдар, семинар – тренингтер мен  дөңгелек үстел,  байқаулар өткізіліп тұрады. Сонымен қатар, дәстүрлі республикалық «Жүректен – жүрекке!», «Еңбек адамына – лайықты өмір», «Еңбек шартын жасаңыз!» және «Мектепке жол!» қайырымдылық акциялары өткізіліп, ардагер ұстаздар мен  қызметкерлер де назардан тыс қалдырылмайды.

Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы елеулі мерекелер мен кәсіби мерекелерге орай, мәдени-танымдық,  спорттық  шараларды  жоспарлы түрде әр жыл сайын өткізіп отырады. Жыл сайын өткізілетін «Денсаулық» спартакиадасының жеңімпаздарына бағалы заттай сыйлықтар, диплом, кубоктар беріліп, Жеңіске жеткен 10 құрама команда мүшелеріне «Ақжайық» шипажайында тегін демалуға жолдама беріледі.

Облыстық кәсіподақта кәсіподақ мүшелерін сауықтыру мәселесі де жолға қойылып, кәсіподақ мүшелері жыл сайын «Ақжайық», «Сарыағаш», «Ақсу Демі», «Манкент», «Ақ ниет», «Жаңақорған», «Щучинск» шипажайларында демалдыру үшін жыл сайын келісім шарттар жасалып, саны артуда. Биылғы жылы сегіз жүзден астам кәсіподақ мүшелері сауықтыру шипажайларында демалды. Еңбек ұжымдарында әлеуметтік тұрақтылықтың сақта­луы­на, алға қойған мақсаты мен мін­деті айқын – халық қызмет­шісі саналатын кәсіподақ ұйымдары,

Тәуелсіздік тұғырын биіктетіп, мемлекет мерейін асырып, татулықтың тағылымын танытып отырған береке – бірліктің бастауына айналғаны сөзсіз. Бағытымыз белгілі, мақсатымыз айқын болған кәсіподақ саласындағы ісіміз оң, абыройымыз асқақ болсын!

Марат Оразалыұлы ДАУПАЕВ,
Қазақстандық салалық білім және
ғылым қызметкерлері кәсіподағының
Батыс Қазақстан облыстық ұйымының төрағасы,
педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий