Әдістемелік әлемін толықтыруымен танылған

Ұстаз болу, педагогикалық қызметкер болу – кез-келген адамның қолынан келе бермейтін, өзіндік қиындықтары бар кәсіп. «Әр істің өз ұстасы болады, ал әр ұстаның өз ұстазы болады» демекші, бар еңбегін шәкіртіне, халқына арнайтын осы бір кәсіптің қасиетін бүкіл адамзат болып, бүкіл қоғам болып әлдеқашан мойындаған. Заманауи ұстаздарға педагогикалық бағыттылық, кәсіби біліктілік, рухани кемелділік, коммуникативтік қабілеттілік, ұйымдастырушылық қабілеттілік, перцептивтік қабілеттілік, педагогикалық мәдениеттілік, дидактикалық қабілеттілік, техникалық шығармашылық және тағы да басқа сан түрлі талаптар қойылуда.

Бүгінгі әңгімеміз осынау талаптардың барлығына сай келетін, ұстазға тән бүкіл жақсы қабілет-қасиеттер өне бойынан табылатын педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Қожаева Сәнім Қожайқызы жайында болмақ. Ол 2003 жылдың қазанынан  бастап қазіргі кезеңге дейін еліміздің маңдайалды оқу ордасы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» кафедрасында қызмет етіп келеді. Қазіргі таңда еліміздің бірнеше жоғары оқу орындарында студенттер С. Қожаеваның оқулықтары мен оқу құралдарын пайдалануда.

Мәселен 2013 жылы жарық көрген «Тәрбие жұмысының теориясы мен әдістемесі» атты оқу құралында оқытудың кредиттік технологиясы бойынша дайындалған. Тәрбие жұмысының негізгі әдістері, бағыттары, мазмұны, түрлері, құралдары, тәрбие жұмысын ұйымдастырудың, өткізудің жолдары, үлгілері мүмкін боларлықтай  шешімдері қарастырылып, есепке алудың үлгілері берілген. 2012 жылы жарық көрген «Жаһандану үдерісіндегі әлемдік университеттер» атты оқу құралында шетелдердегі білім беру және басқару жүйесі туралы дәріс мазмұны, семинар, өзіндік жұмыс тапсырмалары берілген.

Франция, Норвегия, Ресей, Англия, Ұлыбритания, Қытай, Германия, Польша, Жапонияның шетелдегі білім беру және басқару  жүйелеріне салыстырмалы талдау жасалады. 2015 жылы жарық көрген «Педагогика» оқулығы жоғары оқу орындарының мемлекеттік оқу стандартына сай жазылып, «педагогика және психология» мамандығын игеруші студенттерге арналған. Оқулықта тұтас педагогикалық процестің теориясы мен практикасы, қазіргі мектептегі менеджмент оның методологиялық негізі, тәрбие тұжырымдамалары, тәрбие жұмысының құрылымы, өту кезеңдері, оның түрлері, ұйымдастыру формалары мен технологиясы сөз болады.

2015 жылы жарық көрген «Қазіргі заман тәрбие контексіндегі  тұжырымдамалар» атты оқу құралында көптеген шетелдік ғалымдардың тәрбие контекісіндегі еңбектеріне талдау жасаған. 2016 жылы жарық көрген «Ғылым мен білімнің интеграциясы» атты монографиясында әлемдік  халықаралық ірі жобалар, білім беру парадигмаларына сипаттамалар, әлеуметтік ұтқырлық және студенттердің халықаралық ұтқырлығы, Қазақстандағы беделді жоғары оқу орындарындағы ғылым мен білім интеграциясының жүзеге асу барысы сөз болады.

Сондай-ақ, халықаралық   баспаларда  АҚШ, Жапония, Қытай Республикасында, Чехословакия, Кореяда, Болгария, Түркия мемлекеттерінде ғылыми еңбектері жарық көрген. Білікті кадрлар даярлап, саналы ұрпақ тәрбиелеуде еңбегі еленген Сәнім Қожайқызы 2014 жылы «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төс белгісімен марапатталды және дәл осы жылы «2014 жылдың жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын иеленді. Бұл марапаттарды ғалымның отандық ғылымға қосқан еңбектерінің бағасы деп білеміз.

Бұл күндері оқу-тәрбие үрдісіндегі елеулі өзгерістерге байланысты білім беру парадигмасы да өзгерді, білім берудің мазмұны жаңарып, жаңа көзқарас, жаңаша қарым-қатынас пайда болуда. Келер ұрпаққа қоғам талабына сай тәрбие мен білім беруде оқытушылардың инновациялық іс-әрекеттің ғылыми-педагогикалық негіздерін меңгеруі маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Білім беру саласы қызметкерлерінің алдына қойылып отырған міндеттердің бастысы – оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру және қазіргі заманғы педагогикалық технологияларды меңгеру.

Сәнім Қожайқызы – инновациялық және интерактивтік әдістемелерді сабақ барысында пайдалана отырып, сабақтың сапалы әрі қызықты өтуіне үнемі ықпалын жасайтын мықты оқытушылардың бірі. Ол әрбір білім алушының өзі ізденіп, ғылыми негіздерін өз бетінше игеріп, оның ғылыми зерттеуге бағыт алуын көздейді. Сондықтан да студенттер ол кісінің сабақтарына бар ынта-ықыласымен қатысады. Бұл қарым-қатынастың нәтижесінде білім алушылар өзінің жаңашыл инновациялық әлеуетін мейлінше аша түседі.

Сол арқылы студенттер кәсіби білім-білікті терең үйреніп, түйінді-ізденгіштік ойлау қабілетін дамытады, болашақ кәсібі жөніндегі танымын қалыптастырып, ғылыми-зерттеушілікпен айналысу белсенділігін арттырады. Сәнім Қожайқызы студенттердің ой-толғанысы (рефлексия) мен өздерінің даму жетiстiктерiн бағалай бiлу (құзырлылық сезімі) қабілеттеріне үнемі ерекше мән беріп отырады, сол арқылы студенттердің белсенділігін қолдап, шығармашылығын ынталандыра біледі.

Инновациялық технология бойынша оқыту бiлiмдi меңгертуге емес, жеке әлеуметтік тұлғаны қалыптастыруға бағытталғандықтан, субъектінің өзіне тән жеке тұлғалық ерекшелiктерiн, қабілеттерін назарға алып дамыту – басты міндеттердің бiрi. Білім беру жүйесінде инновациялық оқыту технологияларын қолдану оқыту процесінің толыққанды дамуына мүмкіндік жасайды. Оқыту технологияларының қай түрін алсақ та, олардың тиімділігі тек қана оқытушының шеберлігі арқылы және осы шеберлікті шыңдай түскенде ғана жүзеге асады.

Ғылым жолындағы еңбегі арқылы жетістіктерге жетіп, сонау мектеп қабырғасынан басталған шәкірт тәрбиелеу ісіне адал болып, үнемі ізденіс үстінде жүретін әріптесімізге деніне саулық, шығармашылық табыс  тілейміз! 60 жасыңыз құтты болсын!

Жанат Қанашқызы АУБАКИРОВА,
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
ниверситеті, психология кафедрасының
профессоры, психология ғылымдарының
кандидаты, Нұр-Сұлтан қаласы

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий