Кәсіподақ – қолдаушы күш

Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға, білім беру саласына қатысты оң өзгерістерге белсенді түрде қатысып келе жатқан қоғамдық күш – кәсіподақ. Еңбек адамына түсер қиындықты жеңілдетуде, еңбек заңдылықтарының сақталуын бақылауда, кәсіподақ мүшелеріне материалдық-моральдық қолдау көрсетуде кәсіподақтың атқарар еңбегі көп. Аудандық кәсіподақ комитетінің жұмысы – негізінен білім беру ұйымдарындағы бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен тығыз байланыста.

Білім қызметкерлерінің мұң- мұқтажын, мүдделерін, еңбек құқығының бұзылмауын қадағалап, оған әлеуметтік- экономикалық қолдау көрсетуде кәсіподақ комитетінің ықпалы өте зор. Сондықтан да қызметкерлердің кәсіподаққа сенімі арта түсуде. Барлық күш-жігерін мектеп өміріне арнап, болашақ ұрпақты білім нәрімен сусындатып жүрген ұстаздарын жұмыспен қамтылуға, жұмыстан босатуға, жұмыс уақыты мен демалыстың ұзақтығы мен режиміне, тағы басқа туындайтын мәселелерін шешуде кәсіподақ ұйымы елеулі рөл атқарады.

Бүгінгі күні аудан бойынша 43 білім беру ұйымдары ұжымдары Қарқаралы ауданының білім саласы қызметкерлері кәсіподақ комитеті  филиалына біріктірілген. Ұйымда 2318 кәсіподақ мүшесі бар. Аудан бойынша  әлеуметтік әріптестік аясында жергілікті бюджеттен селолық елді мекендерде қызмет атқаратын педагогтерге коммуналдық қызметке 2019 жылы 7575 (3 АЕК) теңгеден төлем жүргізілсе, 2020 жылы 14585 теңге ( 5АЕК)  деңгейіне болса, алдағы уақытта 29170 (10 АЕК) теңгеге  көтеруге ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Кәсіподақ ұйымының ең қуатты құралы – бұл ұжымдық шарт. Ұжымдық шарт талаптарының орындалысы үнемі бақылауда. Елімізде болған төтенше жағдай жарияланған уақытта да ұжымдық шарт талаптарына сәйкес, еңбек ұжымдарына қызметкердің кінәсінен емес бос тұрып қалу уақытында еңбекақы жүз пайыз төленді.  Мәдени іс – шаралар мен спорттық бұқаралығын арттыруда және салауатты өмір салты бойынша кәсіподақ ұйымының аудандық кәсіподақ ұйымымен бірлесіп атқарып отырған жұмыстары жетерлік. Аудандағы кез-келген іс-шаралар кәсіподақ ұйымының қолдауымен өтеді.

Мұғалімдердің сабақтан бос уақыттарын тиімді пайдаланып, демалуларына мүмкіндік жасау мақсатында демалыс бөлмелері ашылған. Бұл бөлме бос уақыттарында газет-журнал оқып, соңғы жаңалықтарды көруге теледидар, шайларын ішуге қажетті ыдыс аяқтар,стол – орындықтар, диван-креслолар, мұздатқыш орнатылған, дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ ойындарын ойнауға да жағдай жасалған. Биылғы жылы осы үрдіс жалғасын тауып Қоянды ауылындағы №35 және Егіндібұлақ селосындағы №43 орта мектептерде қызметкерлердің демалыс бөлмелері ашылып, материалдық базасы жабдықталды.

Республикалық «Қуан Сәби» акциясы шеңберінде жетім балалар және ата –анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қайырымдылық көмек көрсету мақсатында  жасөспірімдерді қамқорлыққа алған білім саласында қызмет атқаратын жанұяларға планшеттер табысталды. Демалыс орындарға денсаулығын нағайтуға байланысты шипажайларда демалып келген ұстаздардың жолдама ақысының 30% аудандық кәсіподақ ұйымы тарапынан беріледі.

Биылғы жылы аудан бойынша 36 кәсіподақ мүшесінің денсаулығын сауықтыруға кәсіподақ комитеті көмек көрсетті. Бұл да болса, мұғалімінің оқушы бойына білікті білім мен тәлімді тәрбие бере алуына кәсіподақ ұйымының жағдай жасауы деп түсіну керек. Салауатты өмір салтын сақтауды ұйымдастыруға үлкен жұмыстар жыл сайын өткізіледі. Жыл бойы үш мезгілге бөліп, спорттық жарыстар өткізіліп тұрады. Соның ішінде: футбол, волейбол, баскетбол, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ түрлері бар. «Әкем, шешем және мен» атты спорттық жанұя әр мектептерде үнемі өткізіледі.

Жеңімпаздар аудандық кәсіподақ комитетінен марапатталып тұрады. Сонымен қатар, әлемде болып жатқан пандемияға байланысты білім алушыларды қашықтан оқыту үшін көмек ретінде ауданның 80 кәсіподақ мүшелеріне компьютер алуға 4 миллион теңгеге әрқайсысына 50000 теңгеден сертификаттар берілді. 2021-2022 оқу жылында мектеп табалдырығын алғаш аттап 1 сыныпқа балалары барған 162 кәсіподақ мүшелеріне кеңсе заттарын алуға сертификаттар  берілді.

Биылғы қыркүйек айының ортасында ZOOM платформасы арқылы онлайн түрде кәсіподақ отырысы өткізіліп, күн тәртібінде кәсіподақ жұмысын ұйымдастыру, одан әрі дамыту және ҚР Президенті Жолдауында айтылған негізгі мәселелер талқыланды. Жиын барысында алдағы уақытта ұстаздар күні қарсаңында, мереке күндерінде ұстаздардың ерең еңбегін елей отырып, кәсіподақ ұйымы атынан марапаттау үшін қосымша шаралар қабылданды.

Кәсіподақ ұйымына бірлік, ынтымақ тілеп, ұстаздарды ынталандырып, ұжымның сый-құрметіне бөлене берулеріне тілектеспіз. Кәсіподақ қай уақытта да еңбек адамымен бірге. Сондықтан, кәсіподақ мүшелерінің құқығын қорғаудағы, еңбек заңдылықтарының орындалуын бақылаудағы жұмысымызды жандандыра береміз.

Азамат СЕКЕРБАЙУЛЫ,
Қарқаралы ауданының білім саласы
қызметкерлері кәсіподақ комитеті
филиалының төрағасы, Қарағанды облысы                               
 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий