Ұстаздар – ардақтысы елімнің

Ұстаз болу –жүректің батырлығы,
Ұстаз болу-сезімнің ақындығы.
Ұстаз болу-өмірдің күн шуағы
Азбайтұғын адамның алтындығы. Ұстаз деген сөзді  айтқанда Ақын Ғафу Қайырбековтың осы өлең жолдары еріксіз есіме түседі. Бар өмірін балаға сапалы білім мен саналы тәрбие беруге арнаған абзал жандардың еңбегі қиын да күрделі, аса жауапты іс.

Тағылымды тарихы бар біздің алтын ұя шаңырағында түрлі ұлт пен ұлыстың ұл-қыздары білім нәрімен сусындауда. Бірлігі жарасқан мектеп ұжымы білім беру саласында қажырлы еңбек етіп, ел алғысына бөленіп отыр. Мектеп директоры Ниетқали Әбдімомынұлы Конкабаев басқаратын киелі білім ордасында еңбегімен елге танылған ұстаздар көптеп саналады. Білім және Ғылым министрлігінің құрмет грамотасымен марапатталған ұстаздардың есімін ерекше құрметпен атаймыз.

Ардагер ұстаз Әлмейізова Базаркүл апайымыз Меркі аудандық білім бөлімінің, Жамбыл облысы білім беру департаментінің, ҚР Білім және ғылым министрлігінің, ҚР Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Құрмет грамоталарымен марапатталған. Меркі ауданының құрметті азаматы Базаркүл Темірбайқызы білім беру саласына айтарлықтай зор үлес қосып, жас мамандардың, шәкірттердің биік белестерден көрінуіне   әркез ықпал етті. 

Мектеп директоры  Ниетқали Әбдімомынұлы Конкабаев пен  тарих пәнінің мұғалімі Жанар Серікқызы Мукашева Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың, облыс әкімі  Б.Сапарбаевтың  Алғыс хатымен марапатталды.

Ардагер ұстаз, математика пәнінің мұғалімі Батиева Мәкен Жолдасбекқызы, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Тоқтар Әлімбайұлы Жақсымбетов, директордың  тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлзия Кәдірмашқызы Даулетова, география пәнінің мұғалімі Гүлмира Мырзаханқызы Найзабекова, тарих пәнінің мұғалімі Киер Лариса Николаевна, физика пәнінің мұғалімі Григорий Викторович Калиниченко, бастауыш сынып мұғалімі Ольга Николаевна Леонтьева тәуелсіз еліміздегі білім беру жүйесін дамытуға және  білім беру сапасын арттыруға қосқан үлесі үшін  ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет Грамотасымен марапатталған.

Ұжымдағы тәжірибелі, білікті ұстаздар аудан, облыс, республика көлеміне тынымсыз  ерен еңбегімен танылып отыр. Шәкірттердің жүрегінен орын алып, ыстық ықыласына бөленіп жүрген аяулы жандарды төл мерекесімен құттықтап, еңбектеріне шығармашылық табыс, отбасыларына амандық тілейміз. Мектеп ұжымының білім беру саласындағы қажырлы еңбектері жемісті, беделі үстем, абыройлары асқақ болсын.

Жанар Серікқызы МУКАШЕВА,
№44 жалпы орта білім беретін
мектептің тарих пәні мұғалімі,
Жамбыл облысының Меркі ауданы

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий