Ертеңге деген сенімді еселейді

Өмір дерек. Марат Сейілбекұлы ҚОҢЫРБАЕВ – Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының төрағасы. Марат Сейілбекұлының ұзақ жылғы еңбегі Тұңғыш Президенттің Алғыс хатымен, «Ыбырай Алтынсарин», «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісмен, «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл», «Жезқазған қаласына 60 жыл» мерекелік медалі мен ҚР Кәсіподақтар Федерациясының «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» Құрмет белгісімен еленді. 

Жасыратыны жоқ, «кәсіподақ» дегенді естігенде көз алдымызға бірден шипажайға жолдама, балаларға берілетін базарлық елестейді. Онысы дұрыс-та. Өйткені, негізі сонау кеңестік дәуірде қалыптасқан түрлі саланың кәсіптік одақтары ең алдымен еңбеккерлерді әлеуметтік жағынан қорғауды мақсат тұтты. Тәуелсіздігімізді жариялаған 1991 жылдан бері заман ағынына қарай өзгерген  кәсіподақтың әлеуеті әлеуметтік қолдаумен ғана шектелмей, мүмкіндіктер аясы кеңи түсті. Енді кәсіподаққа мүшелік ететін әрбір азамат ертеңіне сенімді.

Себебі, оның құқығы мен мүддесі қорғалады. Бүгінде бұндай бақытқа ие болғандардың көшін білім саласы бастап тұр. Бұл сөзімізге жарты ғасырға жуық тарихы бар Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Жезқазған аймақтық кәсіподақ ұйымының атқарған ілкімді істері дәлел болса керек. Кәсіподақтың бүгінгі тыныс-тіршілігі мен жаңа жобалары туралы Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері Марат Қоңырбаевпен тілдескен едік.

Марат Сейілбекұлы, өткенсіз бүгін, бүгінсіз болашақ жоқ деп жатамыз. Ендеше, әңгімемізді әріден бастасақ. Сіз Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Жезқазған аймақтық кәсіподақ ұйымының төрағасы қызметіне қалай келдіңіз? – Шіркін, зымыраған уақыт-ай… Кәсіподақ тізгінің ұстағаныма көзі ашып жұмғанша міне 16 жылдың жүзі болыпты. 1990 жылы Жезқазған-Ұлытау аймағындағы іргелі білім ордасы Ө.А. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетіне жұмысқа кірдім. Араға 15 жыл салып төраға лауазымы ұсынылды.  Жүрек қалауымен ұстаздық жолды таңдап, қатардағы мұғалімнен мектеп директорына дейінгі даму баспалдақтарынан өткеннен кейін болар, ұзақ ойланбай, келістім. Өз-өзіме деген сенімімді айналамдағы әріптестерімнің қолдауы жани түскенін де айтпай кетпеске болмас. Кәсіподақ жұмысын іркіліссіз алып кетуімде аға буынның ақыл-кеңесі мен бағыт-бағдары жатыр.

Бүгінде бізге мүшелік ететін 23 мыңнан астам адамның құқығын қорғауды өз міндеті санайтын білім және ғылым қызметкерлерінің Жезқазған аймақтық кәсіподақ ұйымы –1973 жылдың мамырында Жезқазған облысының құрылуына байланысты ашылған ағарту, жоғары мектеп және ғылыми мекеме қызметкерлері кәсіподағының облыстық комитетінің заңды мұрагері. Кәсіподақ ұйымының қалыптасуына үлес қосқан төрағалар Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, Сәтбаев және Жезқазған қалаларының Құрметті азаматы Х.Джумартбаеваның, білім беру ісінің үздігі Ғ.Исмағамбетов пен Жезқазған қаласының Құрметті азаматы Л.Асылбекованың, «Құрмет Белгісі» ордені, «Еңбек ардагері» медалінің иегері В.Помогаловтың, сондай-ақ кәсіподақ қозғалысының көшбасшылары З.Адибеков, Т.Амандықұлы, В.Заика, Б.Есполова, О.Мухамеджанов, С.Жылқыбаев, С.Бахтияров, С.Попова, С.Плыгунова, Г.Ивлева, Ш. Бекмагамбетованың есімдерін ерекше атағым келеді.

Олар еңбек адамының мүддесін өзінікінен жоғары қойып, соның арқасында ел арасында үлкен сый-құрметке бөленді. Алдыңғы толқынның сара жолын жалғаумаған жүктелген зор жауапкершілік екенін білемін. Сондықтан, күні бүгінге дейінардақты азаматтардың қолтаңбасы қалған ортақ іске дақ түсірмей, олар өсиеттеген бес алтын қағидаға адалмын. Ізгілердіңтыңдауды үйрену, пікір мен фактіні бөлісу, кепілдеме болмаса, уәде бермеу, кәсіподақ мүшелерінің сеніміне селкеу түсірмей, көмек сұрай келгеннің бетін кері қайтармау ережесі біздің ұйымды абырой тұғырына, бедел биігіне бастап келеді.

Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының құрылымы және кәсіподақ мүшелерінің саны туралы айта кетсеңіз? – Қазіргі таңда жұмыс беруші мен қызметкерлердің арасындағы алтын көпірге айналған Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің  кәсіподақ ұйымының құрамында 9 филиал бар. Оның төртеуі қалалық, төртеуі аудандық кәсіподақ болса, тағы біреуі жоғары оқу орны жанынан ашылған. Кәсіподаққа мүшелік ететін білім нысандарының жақыны  – Жезқазғанда, алысы – Балқашта, берісі – Ұлытауда. Бұрынғы Жезқазған облысы аумағын қамтып отырған біздің кәсіподаққа  барлығы – 23076 адам мүше. Олардың 82 пайызы немесе 18904-і – жұмыс жасайтындар, қалғаны студенттер мен зейнеткерлер.

Кәсіподақ ұйымдары өз мүшелерінің құқықтарын қорғайды дедіңіз. Сіздер тараптар арасындағы еңбек дауларын қалай шешесіздер? – Қазақстан Республикасының заңдары баршаға ортақ.  Сондықтан, қандай жағдай болмасын біз біріншіден ҚР Еңбек кодексіне, кәсіптік одақтар және  білім туралы заңдарға арқа сүйейміз. Сондай-ақ,   еңбек қатынастарын сақтау, еңбекке ақы төлеу, еңбек қауіпсіздігі, жұмысшылардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кепілдіктер мен жеңілдіктерді ұсыну кезінде әлеуметтік әріптестік туралы салалық келісімді басшылыққа аламыз.

2021-2023 жылдарға арналған осындай  маңызды құжатты біз   Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігімен, сонымен бірге Гүлсім Қожахметова басшылық жасайтын«Қарағанды облысының білім басқармасы» мемлекеттік мекемесімен жасастық.  Өкілетті  орган  мен кәсіподақ арасында орнаған  әріптестік келісімсала қызметкерлерінің еңбек, әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған.

Біз құқығына нұқсан келді деп хабарласқан әр адаммен жұмыс жасаймыз. Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Жезқазған аймақтық кәсіподақ ұйымының заңгері кәсіподақ мүшелерінің мүддесін түрлі сатыдағы сот процесстерінде қорғап жүр. Соның нәтижесінде заңсыз жұмыстан босатылған 4 қызметкер сот шешімі бойынша өз жұмысына қайта орналастырылды. Одан бөлек, кәсіподақ ұйымының мамандары құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында қала мен аудандардағы білім ошақтарын аралап, әдістемелік көмек көрсетеді.

Білім беру ұйымдарына заңнаманың сақталуына қоғамдық бақылау жасайды. Мәселен, біздің мамандар 2017 жылдан бері 5816 тексеру жүргізіп, еңбек заңнамасы бұзылған 2513 деректі анықтады.  Олқылықтардың орнын толтыру бойынша тиісті лауазымдық тұлғаларға нақты ұсыныстар берілді. Жалаң сөзден гөрі мысал келтіргенім орынды болар. ҚР Үкіметінің «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» (31. 12. 2015 ж, № 1193) қаулыға сәйкес азаматтық қызметшілердің құрамына білім беру ұйымдарындағы автомобиль жүргізушілері енгізілді. Еңбек кодексіне сәйкес азаматтық қызметшілерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына жәрдемақы төленеді.

Бұл заңның нормасы кейбір білім беру нысандарында орындалмағанын дер кезінде анықтап, заңсыздыққа жол бермедік. «Педагог мәртебесі туралы» заңының 12-бабының 5-тармағының 2-тармақшасына сәйкес ауылдық жерде білім беру ұйымдарында еңбек ететін педагогтерге коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге, отын-су сатып алуға жергілікті өкілді органның шешімімен бюджет есебінен қаржы қарастырылатыны белгілі. Бүгінгі таңда өтемақы әр педагог үшін Жезқазған қаласына қарасты ауылдық елді-мекендерде 28 мың, Ұлытау ауданында 17 мың, Жаңаарқа ауданында 12 мың, Шет ауданында 5834 теңге көлемінде.

Алайда, бұндай көмекті кейбір ауданның ауыл мектебі қызметкерлері мүлде алмаған. Әлеуметтік әріптестікті дамытудың нәтижесінде кәсіподақтың тікелей араласуымен тиесілі коммуналдық өтемақыға қол жеткізгендер алғыс арқалатқаны әлі есімде. Жалпы, соңғы жылдары жұрттың кәсіподаққа деген сенімінің артқаны байқалады. Кәсіподақтың көмегіні жүгінушілердің көпшілігі әлеуметтік желі мен телефон арқылы байланысқы шығады. Толғандырған сұрақтардың басым бөлігі жалақы мен үстемақы төлеу, еңбек демалысы, еңбек шартына қатысты. 2020 жылдың өзінде кәсіподақ мүшелерінен 256 өтініш түсті.

Өтініштері жан-жақты қаралып, тиісті шаралар қабылданды, мәселелері оң шешімін тапты. Еңбекті қорғау мәселесін бір жүйеге келтіру  үшін білім беру ұйымдарында 273 өндірістік кеңес құрылып, еңбекті қорғау инспекторлары тағайындалды. Біздің сала өндіріспен тікелей байланысы болмаса да, қызметкерлеріміздің жұмыс барысында жарақат алмауына қоғамдық бақылау жүргіземіз. Еңбекті қорғау және . қауіпсіздік техникалары бұзылған жағдайда тиісті лауазымды тұлғаларға қалпына . келтіру туралы ұсыныстар жолдаймыз.   

Кәсіподаққа мүшелік ететін азаматтарға әлеуметтік қолдау мен денсаулықты нығайту бағытында қандай игіліктер  қарастырылған? – Бүгінде біздің кәсіподаққа мүшелік ететіндердің 25 пайызы – жастар. Бұл қуантарлық жағдай. Неге десеңіздер, жалындаған жастар жаңалықты жатсынбай кәсіподақ тарапынан ұйымдастырылатын түрлі қоғамдық, мәдени, спорттық шараларға біркісідей, асқан белсенділікпен атсалысады. Биіктерді бағындырудан талмайтын жас буын – әріптестерімізідің бастамаларын біз де өз тарапымыздан қолдауды ұдайы назарда ұстаймыз. Мұғалім мамандығын таңдаған білім алушы студенттерді де ынталандырып, демеуді  жолға қойдық.

Былтыр тоғыз студентке материалдық көмек көрсетіліп, жылына екі рет кәсіподаққа мүше жастарға шәкіртақы тағайындалды және оқу семестрінің соңында 4 студент қомақты қаржымен ынталандырылды. Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің және Жезқазған жоғары политехникалық колледжінің, Жезқазған гуманитарлық колледжінің, Жезқазған технология және сервис колледжінің жатақханаларында студенттерге қолайлы жағдай жасау мәселесі де күн тәртібінен түскен емес.Осы мәселені әр жылдың соңында талқылайтын Атқару комитетінің шешімімен былтыр жатақханалар қажетті тұрмыстық техникалармен жабдықталды.

Кәсіподақ мүшелері мен олардың балаларын сауықтыру – біздің жұмысымыздың тағы бір бағыты. Жыл өткен сайын бұл мақсатқа қарастырылатын қаржы көлемі артуда. Еңбеккерлердің бауыр еті балаларына Көкшетаудағы «Дисковери», «Чайка», Алматыдағы «Маралсай», Балқаштағы  «Жас қанат», Жоламан ауылындағы «Ақтоғай», Бектау ата үңгірі маңындағы  «Факел» жазғы сауықтыру лагерьлерінде демалуға көмек көрсетіледі. Тегін демалу мүмкіндігі бірінші кезекте әлеуметтік жағынан аз қорғалған отбасы балаларына ұсынылады. 2021 жылы 251 кәсіподақ мүшесінің балалары демалды.

Еліміздегі танымал «Сарыағаш», «Мойылды», «Көктем», «Жаңақорған», «Қарғалы», «Арман», «Шучинский», «Манкент» шипажайы мен мысты өлкедегі «Кеңгір» профилакториялық орталығына 50 пайыз жеңілдікпен ем алатын педагогтер мен басқа да қызметкерлердің қатары көбеймесе азайған жоқ.Аталған шипажайларда биыл 546 кәсіподақ мүшесі ем алды.

Ашық әңгімеңізге рахмет!
Сұхбатты жүргізген
Диана ОРАЗАЛИНА,
Қарағанды облысы, Жезқазған қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий