“Ұлы қызметті” ұлықтағаннан ұтылмаймыз

Ортақ Отанымыздың үшінші онжылдығы – өткеніміз бен келешегімізді кемел ойдың таразысында теңестірер кезең. Ел еңсесін еңсере алмай есеңгіреген Тәуелсіздіктің ең алғашқы жылдарында қоғамның түрлі саласы тоқырағанмен бір ғана білім мен ілімнің іргесі іркілген жоқ. Көреген көшбасшының көздегені күрделі кезеңнен кідірмей алға жылжыды. Осылайша, білім саласы кезең-кезеңмен кемелденіп, әлемдік тәжірибелер мен қоғамдық пікірдің негізінде үдерістерге икемделіп келеді.

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы білім мен ғылым саласындағы өрелі өзгерістерге өзгеше рең беріп, биылғы Жолдауында «Сапалы білім беру» бағытына кеңінен тоқталып, ұстаздарды қолдау саясатын жалғастыра беретінін алға тартып, педагогика саласы қызметкерлерінің жалақысын арттыру үшін алдағы үш жылда 1,2 триллион теңге жұмсалатынын жариялады. Мұның өзі педагогтар мен болашақ мұғалімдерге мотивациялық мүмкіндіктердің кеңейгенін көрсетері сөзсіз.

Бүгінде серпілісі сейілмеген саланың реформалары жылдам жаңғыртылып, білім және ғылым қызметкерлері үшін мемлекеттік қолдаудың ауқымы арттырылуда. Жастар арасында мұғалімдік мамандықты таңдаушылардың қатары еселеніп, педагогтарды мәртебелеу ісі мәресін межелеп келеді. Өскелең ұрпаққа тегін кәсіптік-техникалық білім беру ісі жолға қойылып, оқытушылардың кәсіби біліктілігін арттыруға мемлекет тарапынан ерекше мән берілуде.

Мектептердегі орын тапшылығын жою мақсатында Президенттің пәрменімен 2025 жылға дейін 1000 мектеп құрылысы жүргізілетін болса, студенттер үшін өзекті проблемаға айналған жатақхана мәселесі де жергілікті атқарушы органдар мен оқу орындарының жылдар бөлінісінде негізгі жоспарларына енгізіліп, жүйелі жүзеге асырылуда. Биылдың өзінде аймақта 2 студенттік жатақхананың пайдалануға берілуі – саланы жаңғыртудың жасампаз көрінісі деп білемін.

Ғылым саласындағы серпілісте Сыр өңірінің ғалымдары да жаңалықтарын ғаламдық деңгейде дәлелдеп, түрлі бағыттар бойынша гранттардың жеңімпаздарына айналып келеді. Бұдан бөлек, Қазақстан Үкіметі тұрмысы төмен отбасылардың балаларын тегін оқытудың тетіктерін кезең-кезеңмен шешуді қолға алды.  Мұндай игі істер мен жағымды жаңалықтардың жүзеге асырылуына белсенді қазақстандықтардың, бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғамдық ұйымдардың, барлық деңгейдегі мәслихаттар мен Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының ұсыныс-пікірлері септескенін айта кету керек.

Қызылорда облыстық Мәслихатындағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі, Білім мен ғылымды дамыту жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы ретінде бұған дейін бірнеше мәрте көтеріп келген мәселелерімнің бірі – білім мен тәрбие беру мекемелеріндегі кітапханашылар мен техникалық қызметкерлердің жүргізушілердің жалақыларының өзгеріссіз қалуы болатын. Бұл мәселе білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы комитетінің Орталық аппаратынан қолдау тауып, Үкіметтік деңгейде талқыланды. Осылайша, ел Президенті Жолдауында көрсетілгендей 2022 жылдың қаңтар айынан бастап осы санаттағы азаматтардың  жалақылары жоғарылайтыны жарияланды.

Соңғы жылдары барлық білім беру мекемелері арасында өзара бәсекелестік қарқын алды. Бұл өз кезегінде кәсіби білікті оқытушылардың қатарын арттырып, үздік шәкірттер шоғырын қалыптастыруға, оқу орындарының имиджін көтеруге жәрдемдеседі деп ойлаймын. Сол арқылы оқушы мен студенттердің таңдау мүмкіндіктері кеңейіп, сапалы білім салтанат құрмақ. Қазіргі уақытта Сыр өңіріндегі 60 мыңнан аса педагогтардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы қоғамдық белсенділік біршама белеске биіктеп келеді.

Сондай-ақ, осы саладағы қоғаммен байланыс, ата-аналар мен білім мекемелері арасындағы ашықтық ортақ нәтижелерге қол жеткізуге септігін тигізуде. Пандемия кезінде қашықтан оқытуды жедел меңгеріп, екі жылға жуық уақыт бойы шәкірттерімен байланысын үзбей сапалы білім, саналы тәрбие беру ісін іркіліссіз ілгерілете білген ұстаздардың еңбегі ұшан-теңіз. Қызылорда облыстық Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы  өз құзыреті шегінде атқарған жұмыстарын бұқарамен бөлісіп, саладағы өзекті мәселелердің түйінін әріптестерімізбен бірге тарқатып, қызметкерлердің қуанышы мен қайғысына ортақтасуды дәстүрге айналдырған.

Ұстаз бен шәкіртті қайта қауыштырған биылғы оқу жылында да қалыптасқан үрдістен айнымай Қазақстан Республикасының Конституциясы, Білім күні, қарсаңында 1000 ға жуық  ұстазға сый-сияпат жасап, құрметімізді жалғастырдық. Жуырда ғана 50 жас педагогтар мен 50 бастауыш кәсіподақ ұйымының көшбасшыларын, «Кәсіподақтың үздік ұйымы» облыстық байқауының жүлдегерлері мен жеңімпаздарын, кәсіподақ белсенділерін  Түркістан облысында орналасқан Талды су шипажайына апарып, «Тәуелсіздік – әрбір қазақстандықтың мақтанышы» тақырыбында тәжірибе алаңы, «Күшті бастауыш ұйым – қуатты кәсіподақ» тақырыбында  семинар-кеңес ұйымдастырылды.

Сонымен қатар Еңбек күні қарсаңында білім саласындағы ұзақ жылдық еңбегі бар кітапханашылар мен есепшілерге арналған құқықтық оқыту семинары өткізілді. Семинар барысында айлық жалақының төленуі уақытында кездесіп жатқан мәселелер талданып, кеңінен түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сала қызметкерлеріне ұйымдастырылған бұл басқосу жаңа оқу жылына деген ерекше серпіліс болды деген сенімдемін. Алдағы уақытта жоспарға сәйкес, білім беру ұйымдарының кіші қызметкерлеріне де шаралар қарастырылғанын айтып өткім келеді.

Мұғалімдер күніне байланысты жоспарға сәйкес мерекелік шаралар жүзеге асырылды. Өтпелі кезеңнің өзекті проблемасына айналған коронавирус пандемиясының тұсауына тынымсыз төтеп берген медицина қызметкерлерімен қатар мұғалімдер қауымының да еңбегін ерекше ескерген жөн. Педагогтардың ел басына күн туғанда балалардың ғана емес тұтас елдің болашағы үшін үздіксіз білім беруі ерлікпен пара-пар іс екеннін де мойындаған абзал. Мұғалім – білімге құйған инвестицияның еселеніп келетінін терең сезінген Тәуелсіз елдің төрінен түспеуі тиіс. 

Батыр Бауыржан Момышұлының «Ұстаз – ұлық емес, Ұлы қызмет» деген нақылы Ұлы Даланың ұлы мен қызына  ұстаз ұлағатын ұдайы ұғынуды көксесе керек. Адамзат баласы бас иетін ұрпақ тәрбиешісіне тағзым ету әр тұлғаның парызы болып қала бермек. Барша ұстаздарды кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Шәкірт шуағына шомылып, ата-аналардың алғысына бөлене беріңіздер! Тәуелсіздіктің төл перзенттерін тәрбиелеуге төккен тер тұғырларыңыңызды аласартпай, абыройларыңызды асқақтата түссін! Баршаңызға мықты денсаулық, отбастарыңызға бақ-береке тілеймін!

Гүлнар Бабабекқызы ЕСҚАЛИЕВА,
Қызылорда облыстық мәслихатындағы
“Nur Otan” партиясы депутаттық фракциясының
мүшесі, Білім мен ғылымды дамыту жөніндегі
қоғамдық кеңестің төрағасы, облыстық білім
және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы

 

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий