“BARINE BILIM”: Атыраулық ұстаздар жаңа жобаның жеңімпазы

«Barine Bilim» шағын гранттар жобасы бойынша «National Teacher Prize Kazakhstan – «Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығы» қайырымдылық жобасын іске асыру аясында конкурстық комиссия «Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығына өтініш берген отыз мұғалімді іріктеп алды. Енді олардың мектептерінде 1 миллион теңге мөлшерінде шағын гранттар жүзеге асырылады, – деп хабарлайды Атырау облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.

Жеңімпаздар тізіміне Алматы, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Түркістан, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақмола, Маңғыстау, Қарағанды және Ақтөбе облыстары ауыл мектептерінің мұғалімдері енді. Олардың қатарында атыраулық ұстаздар Құрманғазы ауданы З.Серікқалиұлы атындағы мектеп-интернатының мұғалімі Жанна Сағадаева мен Жұмекен ауылы Еңбекші орта мектебінің ұстазы Сара Амирханова бар.

Жобаның негізі мақсаты – шағын гранттар жобасын іске асыру жолы арқылы оқушылардың жан-жақты дамуы және жаһандық азаматтықты дамыту, Қазақстанның жалпы білім беретін оқу орындарына жағдай жасау арқылы «Қазақстан мұғалімі-2021» ұлттық сыйлығына қатысушы мұғалімдерді қолдау және оларға көмек көрсету болып табылады.

Қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қорының төрағасы Ермек Мажитовтың айтуынша, шалғай және ауылдық жерлердегі мектеп ұстаздарына ерекше көңіл бөлінеді. «Гранттық қаражатты бөлудің астарында тікелей ақшалай сыйақы емес, белгілі бір әлеуметтік жобаларды біріктіру мақсаты тұр. Яғни мұғалім өз мектебін қолдау үшін ұйымдастырушылармен бірге қандай да бір жобаға бастамашылық етеді. Бұл сыртқы немесе ішкі көгалдандыру, кітапханы қорын, мұғалімнің жұмыс орнын (кабинетін) жақсарту болуы мүмкін, – деді ол.

«Barine Bilim» шағын гранттар жобасы «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры мен Қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қорының қолдауымен «National Teacher Prize Kazakhstan – «Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығы» қайырымдылық жобасын іске асыру аясында өтуде. Жобаны Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының көмегімен «Natural Energy» қоғамдық қоры жүзеге асырып жатыр.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий