Қазақ тілі және қазақ әдебиеті сабақтарында кері байланыс түрлерін ұйымдастырудың тиімді жолдары

Білім берудегі жаңа технологияларды меңгеру мұғалімнің өзінің де кәсіби тұрғыда дамуына, азаматтық ұстанымының қалыптасуына, оқу-тәрбие жұмысын тиімді ұйымдастыруына игі әсерін тигізетіні белгілі. Мұғалім өзінің кәсіби құзыреттілігін жоғарылатқанда ғана, үйренушілердің білім алу сапасының жоғарылауына жол ашылады. Ол үшін мұғалім білім беру саласындағы жаңалықтардан қалыс қалмай, үнемі шығармашылық ізденісте болып, өз тәжірибесіне өзгерістер енгізуі қажет.

Жаңартылған білім мазмұны жағдайында білім беруде нәтижеге бағдарлану, оқытуды оқушының жеке тұлғасына бағыттау, ал оқыту әдістерін тұлғааралық қарым-қатынастарға бейімдеу маңызды. Бүгінгі күні оқушының білімді дайын күйінде қабылдамай, өзінің өмірлік тәжірибесіне сүйену арқылы шығармашылық тапсырмаларды орындау негізінде қабылдауының маңыздылығы жоғары екендігі дәлелденіп отыр.

Қайталау мен жаттауға негізделген білім тек есте сақтау дәрежесінде болса, сындарлы білім үйренушіден білу, түсіну, қолдану, талдау негізінде жаңа мазмұн құрастыруды және жинақтау, бағалау негінде белсенді әрекеттерді жүзеге асыруды талап етеді. Ал оқушы бұл талапты мұғалім әр сабақта оқытудың интерактивті әдістерін қолданғанда ғана орындай алады. Сондықтан оқыту әрекетінде мұғалім бар күш – жігерін, педагогикалық шеберлігін оқушы бойындағы табиғи мүмкіндіктерді ашуға, үйлесімді дамытуға бағыттауы, шығармашылық жағдай жасауы тиіс.

Сонда ғана оқушы өз тарапынан белсенділік танытып, дербестікке ұмтылады, оның өзіне деген сенімі артады. Мұғалімнің қолдауымен оқушылар нені үйрену керек? Өмір сүруге бейімделу, адам, тұлға болуға ұмтылу; Ойлай білуге үйрену; Өзіндік түсінік қалыптастыруға дағдылану; Жаза білу, өз көзқарасы мен пікірін жазу арқылы жеткізуді үйрену; Білімді игерудің тиімді тәсілдерін үйрену; Әлеуметтік (өмірлік) тәжірибе арқылы үйрену. Бұл білім, білік, дағдыларды оқушылар қалай үйренеді? Өздігінен; Белсенді әрекеттер арқылы; Бірлесе жұмыс жасау арқылы; Өмірмен байланыс арқылы; Кері байланыс арқылы; Рефлексия арқылы.

Кез-келген білім алушы үшін маңызды ресурс – қағаз емес, электронды құрал емес, адами  ресурс. Оқушылар жұмысты қандай деңгейде орындаса да, үнемі бағалануы тиіс, яғни мұғалім оқушыға үнемі тиімді кері байланыс беріп отыруы керек. Кері байланыс – белгілі бір әрекетті немесе оқиғаны түсіну, игеру, онымен келісіп, келіспейтіндігін көрсететін белгілі бір әрекет немесе оқиға туралы пікір, баға беру, жауапты реакция. Оқушылардың қажеттіліктерін анықтау және қанағаттандыру жаңартылған оқу бағдарламасының оқу жоспарын рәсімдеуде маңызды болып табылады.

Бірінші кезекте оқушылардың күшті жақтары мен олар кездестіретін қиындықтарды анықтап алу қажет. Бұл көп жағдайда оқушылардың ауызша жауаптарын бақылау арқылы және жазбаша жұмыстарын оқып тексеру арқылы жүзеге асады. Сонымен қатар, бұл ақпарат әр оқушының үлгеріміне көмектесетін жаттығуларды жоспарлау үшін пайдаланылады. Бұл үдерісті табысты етуге көмектесетін бірқатар элементтер бар: мұғалімдер оқушылардың қателік жіберуге қорықпай, тәуекелге бару мәдениетін қолдайды; мұғалімдер оқушыларға өз жұмысының сапасын бағалау тәсілдерін ойлап табуға көмектесу мақсатында барлық оқушылармен қарым-қатынас жасайды; мұғалімдер оқушылардың оқу мақсаттарына жетуіне мүмкіндік беру үшін оқу мақсаттарын белгілеу арқылы, мақсатқа жетуді бақылау және оқытуды түзету арқылы оқу үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етеді.

Мұғалімдер әртүрлі оқушылардың түрлі қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін оқушылардың түсінуін бағалау тәсілдері мен оқытудың әртүрлі әдістерін үйлестіре қолданады; мұғалімдер оқушылардың жұмыстары туралы ауызша және жазбаша кері байланыс ұсынады, бұл кері байланыс уақтылы, айқын болып, нақты критерийлерге негізделеді. Кері байланыс барысында мұғалім мен оқушы арасындағы сұхбатқа мән беріледі. Сұхбат барысында оқушының сөздік қоры молаяды.

Қарапайым тілмен түсіндіруден бастап, деңгейі жоғарылаған сайын оқушы мазмұны күрделі сөздерді қолдануға бейімделеді. Мұғалім әр оқушының даму траекториясын қалыптастыру үшін олардың қабілеті мен сұранысына сай тиімді кері байланыс ұсына білуі қажет. Кейбір оқушылар белгіленген мақсатқа қол жеткізуі үшін  арнайы көмекті қажетсінеді. Көмек ауқымы мен деңгейі де оқушы қажеттілігіне сай сараланған болуы тиіс. Кез келген оқу әрекеттерін кері байланыспен аяқтау. 1-мысал. Қазақ тілі, 9-сынып. Сабақтың тақырыбы: Тәуелсіз Қазақстанның халықаралық жетістіктері.

Оқу мақсаты: Ж.9.3.6.1. Жазба жұмысын абзацтар мен бөліктерге бөлу, ойын (ақпарат, идея) дұрыс  жүйелеп, логикалық түзетулер енгізу, редакциялау. Тапсырма – «Артық болмас білгенің» айдарымен берілген мәтінге бір оқушы аннотация, екінші оқушы тезис жазады, мәтінді абзацтарға бөледі. Жұптасып, бір-бірінің жұмыстарына логикалық түзетулер енгізіп, редакциялайды. Бұл жұмыс түрінің мақсаты – балаларды басқа адамға өз пікірін айтуға,  дәлелдеуге,  басқаның пікірімен санасуға мүмкіндік береді.

Мәтінді өзара редакциялаудың кезеңдері: 1-кезең: қошемет сөздер; 2-кезең: ұсыныстар; 3-кезең. түзетулер. Жағымды жақтарын анықтап болған соң, мәтінді қалай жақсартуға болатыны туралы нақты ұсыныс жасауы керек. Соңында логикалық түзетулер енгізеді, редакциялайды. Оқушылар осылайша бір-біріне кері байланыс береді. Қалыптастырушы бағалау да кері байланыс арқылы жүргізіледі. Оқушы үшін мұғалімнің ауызша, жазбаша кері байланысының маңызы өте зор. Тиімді кері байланыс арқылы оқушы өзінің тапсырманы қалай орындағанын, жетілдіру үшін не істеу керектігін түсініп, дер кезінде қателігін түзетуге бағыт-бағдар алады.

Мысалы осы тапсырмаға мынадай үлгіде кері байланыс ұсынуға болады: абзацтарға дұрыс бөлгенсің, редакциялауың сәтті шыққан, тың деректер мен детальдерді ұтымды пайдаланғансың, ұсыныс білдіруде нақтылық қажет, логикалық түзетулер енгізуде мұқият бол, ойыңды жинақтап, жүйелеп жаз және тағы да басқалар. 2-мысал: Қазақ әдебиеті, 5-сынып. Бөлім: Адамгершілік –  асыл қасиет. Сабақтың тақырыбы: М.Қабанбай «Бауыр» әңгімесі. Оқу мақсаты: Т/Ж 5.1.2.1 – әдеби шығарманың тақырыбы мен идеясын анықтау. Тапсырма – «Бөліскім келеді» әдісі. Жүзеге асыру қадамдары: Пікір алмасу (диалог) топта жүргізіледі; Топ мүшелері мәтінді бөліктерге бөліп оқиды; Әр топ өкілі өз оқығандарын кезектесіп басқаларына баяндайды; Бір-бірін мұқият тыңдайды, түсіну үшін сұрақ қояды («Мен сені дұрыс түсіндім бе?» «Егер мен дұрыс түсінсем,…» «Бұл солай ма?»…). Осыдан соң әр топ мүшесі кестені толтырып мұғалімге тапсырады.

Өзара бағалау парағы.

Топ

Баяндаушылардың айтқаны тыңдаушыларға бірден түсінікті болды ма? Олар не туралы айтты?

Тыңдаушылардың сұрақтары баяндаушыларға түсінікті болды ма?

Барлық сұраққа баяндаушы немесе айтушы жауап бере алды ма?

Тыңдаушылардың сұрағы баяндаушыларға кедергі келтірді ме немесе қорытынды жасауға көмектесті ме?

 

 

 

 

 

 

Оқушылар осылайша бір-біріне кері байланыс береді. Қалыптастырушы бағалау да кері байланыс арқылы жүргізіледі. Сонымен қатар заманауи білім беруде сандық білім беру ресурстары арқылы да кері байланыс түрлерін ұйымдастыруға болады. Google қосымшалары: Google Forms, Google Docs, Google Classroom Google кесте, Jamboard тақтасы. Web-ресурстар: LearningApps, Kahoot. 3-мысал: 

Қазақ әдебиеті, 9-сынып. Бөлім: Мәңгілік ел-мәңгілік мұрат. Сабақтың тақырыбы: Кнут Гамсун «Аштық» романы. Оқу мақсаты: Т.Ж.9.1.3.1. Көркем шығарманың идеясына сай кейіпкерлер жүйесін анықтау. Тапсырма – «Ой күмбезі» әдісі арқылы шығарманың идеясына сай кейіпкер жүйесін ашады (жеке жұмыс). LearningApps бағдарламасы бойынша тапсырма орындау және кері байланыс үлгісі.

Бағыттары

Түсініктеме

 

Ой қазығы

 

Негізгі сөзді тауып, түсінік беру

Кейіпкер – Ведель-Ярльсберг

Ой желісі

Негізгі сөзден өрбитін ойды талдап, жан-жақты зерделеу

Жаны нәзік, өзгеше жан, әсершіл адам, тез күйіп, тез суитын, санасы сансыраған, күйзелген көңіл-күй, тез сабасына түсетін тұлға, т.б.

Ой өрімі

Түйінді сөзді жинақтау, дәлелдеу, өзге ұқсайтын құбылыстармен салыстыру (сөйлем жазу):

–         Аштық қысса да, адамгершілігіне көлеңке түсірмейді.

–         Адамдықтың адал жібін аттамайды.

–         Еңсесін езген тұрмыс тепкісіне шыдайды.

–         Өзегін өртеген жоқшылық үшін қоғамды кінәламайды.

Ой күмбезі

Ойдың маңызы мен мәнін  ашып, қажеттілігі мен орнын айқындап, баға беру (түйін)

Өзінің дарындылығына сенімі мол кейіпкер аштықтан азап шексе де, намысын қолдан бермеуге тырысады. Тәні мен жаны ауырған ол өзінің ішкі дүниесін елес пен қиялға толтырады. Ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір жаппай енжарлықтың тас қабырғасын құлатып, өзін қалың қауымға танытатынына сенеді. Иіліп-бүгіліп өмір сүргеннен тік тұрып, өлгенді артық санайды.

 

Кері байланыс оқушылар арасындағы қарым-қатынастың жақсаруына да ықпал етеді. Сыныпта өз ойларын еркін жеткізе алмай, үндемей отыратын оқушылар да ашыла бастайды, оқушылар өз ойларын ашық түрде білдіреді, өз идеяларын, пікірлерін дәлелдеуге қызығушылықтары артады. Қажетті жетістікке жетуде кері байланыс қаншалықты жиі берілсе, соншалықты оқушының оқуға деген оң ынтасының артатыны байқалады.

Гулдарига Туремуратовна МАМУТОВА,
“Өрлеу” БАҰО” АҚФ Маңғыстау облысы бойынша
ПҚ БАИ жаратылыстану және гуманитарлық пәндерді
оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының магистрі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий