Жақсы мамандық – жан тынысы

«Ісім оңсын десеңіз, сол істің маманы болыңыз. Даңқым шықсын десеңіз, көпшіліктің адамы болыңыз», –  дейді әлемнің екінші ұстазы, ұлы ойшыл Әбу Насыр Әл-Фараби. Мамандық – адам өмірінің бір аспектісі. Оның алатын орны зор, мәні үлкен. Өз мамандығын сыйлап, ерекше махаббатпен сүйген адам ғана «маман иесі» деген атқа ие болады.

Тек сондай жандарды «ұлағатты ұстаз, мықты дәрігер, іскер кәсіпкер, шебер қолөнерші, әуезді әнші, кәсіби музыкант және тағы да басқалар, – деп атай аламыз. Мамандық – қазіргі экономикада да маңызды рөл атқарады. Себебі, елдің дамуы үшін жоғарыда айтылған мамандықтар қажет. Ел болашағы – жастар қолында. Ал жастардың болашағы ата-ана мен ұстаздардың қолында. Әр бала армандайды, «армансыз адам – қанатсыз құспен тең» деген сөзді ескерсек, армандау ол ең бастысы екендігін түсінеміз.

Тек, сол арманды мақсатпен ұштастыру – ата-ана мен ұстаздарға артылған жүк. Баланы қолдап, жүрегіне жақын мамандығын таңдауға көмектессек, ол баланың ертеңі жетістікке ұласады. Қазіргі дамыған заманда мамандықтардың саны өте көп, және бәріне қойылатын талап «ерінбей еңбек ету». Маман атану – оңай іс емес, ол үшін үздіксіз білім алып, ой-сананы толықтыру қажет. Осы орайда, еліміздегі жас жеткіншектерді арманына жақындатып, түрлі мамандықтармен таныстыру мақсатында біздің республикалық оқу-сауықтыру орталығында «Шеберлер қаласы» мамандықтар жәрмеңкесі» атты 13-ауысым өтуде.

Басты міндет – ауысым барысында демалуға, білімін толықтыруға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 300 балаға болашақта пайдалы маман иесі болуға бағыт беру. Жоспар кестеге сәйкес ауысым қатысушыларына көп қырлы мамандықтарды таныстырумен қатар, қазіргі таңда мемлекетімізге аса қажетті, яғни жетіспейтін мамандықтар жайында ақпараттандыру жүргізілді. Орталығымызда балаларға түрлі концертті іс-шаралар, спорттық-танымдық ойындар, зияткерлік ойындар ұйымдастырылды.

Демалушы балалар – 8-9 сынып оқушылары. Мектеп қабырғасында, оқушыларға қызықты ашық-сабақтар, кіріктірілген сабақтар өтті. Мектеп мұғалімдерінің ұйымдастыруымен «Балдәурен білгірі», «Данышпандар сайысы» атты екі түрлі интеллектуалды ойындар өтті. Алғашқысы, оқушыларға арман аралы – Балдәурен, оның тарихы мен қазіргі тынысы туралы ақпарат берсе, екіншісі – оқушылардың білімі мен логикалық ойлау деңгейлерін көтеріп, түрлі мамандықтар жайлы мәліметпен қамтамасыз етті.

Бір баланы әр түрлі мамандықпен таныстырып, тек біріне ғана құштар ету жолында өз үлестерін қосуға біздің орталықтың қызметкерлері әрқашанда дайын. Қорытындылай келе, болашақта сүйікті мамандығын таңдаған, «елінің елеулісі, халқының қалаулысы атанған» өскелең ұрпағымыздың еткен еңбегі еленіп, мемлекетіміздің экономикасы мен беделін биікке көтереді деген сенімдеміз.

Гүлжауһар ТӨЛЕНДІ,
“Балдәурен” республикалық оқу сауықтыру
орталығының биология пәні мұғалімі,
Алматы облысының Қапшағай қаласы

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий