“Zyatker” мектебінің кітапханасы жаңа әдебиеттермен толықты

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ желісі жүзеге асырған дәстүрлі буккроссинг (кітап сыйлау) акциясы өз мәресіне жетті. Еліміздегі барлық Назарбаев Зияткерлік мектептерінен іріктеліп алынған ең үздік әдебиеттерді басқарма басшысы Күләш Шәмшидинова Атыраудағы «Zyatker» мамандандырылған мектеп-лицейінің оқушыларына табыстады, – деп хабарлайды Атырау облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.

«Атырау облысында білім беруді дамытудың 2021-2023 жылдарға арналған Жол картасы» аясында бой көтерген білім ордасының кітапханасына алты жүзге жуық жаңа кітаптар жеткізілді. Мұнда оқушылар үшін әлемнің ең үздік шығармалары үш тілде жинақталған.

– Буккроссингте барлығы 539 дана кітап қамтылды. Олардың 156-сы қазақ тіліндегі шығармалар болса, 315 кітап орыс, ал 68 кітап ағылшын тілінде. Сыйлықтарымыздың басым бөлігі қазіргі жастар сүйіп оқитын тақырыптарға арналады. Әсіресе өзін-өзі дамыту, писхологиялық кеңестер, танымал фильмдердің әдеби нұсқасы бар», – дейді Атырау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің кітапхана меңгерушісі Айдана Алпамысова.

Кездесуде Күләш Шәмшидинова «Zyatker» мамандандырылған мектеп-лицейінің директоры Нұржан Қаратаевқа әлемнің озық білім ресурстарынан түрлі оқулықтардың электронды нұсқасын тегін жүктеуге мүмкіндік беретін сертификатты табыстады. Енді атыраулық оқушылар алысқа бармай-ақ әлемнің белгілі авторларының цифрлық деректерін ғаламтордан таба алады.

– Мектептеріңіз аяққа тұрып кеткенше әлі де көмегімізді көрсетеміз. Мұғалімдеріміз сабақ беруден бөлек оқушыларымызда сіздермен араласып тұрады. Облыстағы мыңдаған балаға Назарбаев Зияткерлік мектебі жеткіліксіз. Мне, сол себепті сіздердің білімге деген қызығушылықтарыңызды қолдау үшін «Zyatker» мектебін аштық. Білім алыңыздар балалар, ұстаздарыңызды сыйлаңыздар, – деді кездесуде Күләш Ноғатайқызы.

Оқырмандар мәдениетін дамытудағы жобаның нәтижесінде «Zyatker» мектебінің кітап сөресі әйгілі Ұлыбританиялық жазушы Жоан Роулиң 7 томдық «Хәрри Поттер» қиял-ғажайып шығармалар жинағымен, өсімдіктер мен жануарлар туралы энциклопедия сериясымен, танымал блогерлердің табысқа жету құпиялары туралы таптырмас туындыларымен толықты.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий