Ақтөбелік оқушылар жемқорлық жайында сөз қозғады

Ақтөбе облысындағы «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының белсенді оқушылары онлайн форматта өткізілген слетта бас қосты. Кездесудің негізгі тақырыбы ретінде қоғамдағы сыбайлас жемқорлық, азаматтарды адалдық пен парасаттылыққа баулу мәселелері таңдалды, – деп хабарлайды ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі.

Шараға жүзден астам мектеп оқушылары, мұғалімдер, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті мен Ақтөбе облысының білім басқармасының өкілдері қатысты. Естеріңізге сала кетсек, бүгінде мектеп оқушылары арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыруға, парасаттылық, адалдық құндылықтарын кеңінен дәріптеуге бағытталған «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтары жұмыс жасауда.

Онлайн шараға қатысқан оқушылар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті өкіліне өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, қоғамдағы жемқорлық туралы пікірлерін білдірді. Сонымен қатар, мектеп мұғалімдері әріптестерімен «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтары аясындағы жұмыс тәжірибелерімен бөлісті. Шараға негізгі спикер ретінде қатысқан облыстық жемқорлыққа қарсы департамент маманы Мақсат Абекенов оқушыларды адал білім алуға, болашақта парасатты әрі бәсекеге қабілетті азаматтар болуға шақырды.

«Мектептегі уақыт – алтын уақыт. Бар назарыңыз бен бойдағы қуатыңызды тәрбие мен білімнің қыр-сырын меңгеруге аянбай жұмсайтын кез. Қазақта бір жақсы сөз бар: «Жаздың бір күні – қыстың мың күнін асырайды» – деген. Қазір бір болмашы нәрсеге алаңдап, қызық қуып, оқуды ысырып тастасаңыздар – кейін көштің соңында шаң жұтып қалу қаупі бар. Университетке түсіп, бағаны сатып алып, кейін қызметке тұру үшін ақы беріп, қалай ғана жемқорлықтың жақтасы болып қалғандарыңызды түсінбей қаласыздар.

Сондықтан, мына алтын уақытта өздеріңізді қамшылап, білім алып, жақсы азамат болуларыңызға тілектеспін. Өйткені, қазіргі алған біліміңіз – болашақта өздеріңізге нан болатұғын нәрсе. Еліміз жемқорлық атаулы дерттен арылсын деген ниеттеріңіз – адал білім алудан, адал азамат болып қалыптасудан басталады, – деді Антикор маманы. Сонымен қатар, спикер негізгі тақырыпқа арқау ретінде Абай Құнанбайұлының «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», Шәкәрім Құдайбердіұлының «Мен кетемін, келеді тағы өмірге мендей…» өлеңдерінен үзінділер келтірді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша Қоғамда парасаттылықты ілгерілету жөніндегі кешенді жоспар аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру бойынша жұмыстар күшейтілген. Аталған жұмыстармен теқ қана мекеп оқушылары емес, колледждер мен университет студенттері де қамтылған.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий