Музыка және музыка өнері ерекше психофизиологиялық құбылыс

Музыка… әрбір адамға өзін-өзі терең түсінуіне көмектеседі, ол адамның сезімі мен ойын байытады, – дейді Д. Шостакович. Музыка және музыка өнері қоғамдық сананың формасы ретінде адамдардың эмоционалдық сезіміне тікелей ықпал етуші эстетикалық тәрбие құралы болып саналады. Музыкалық шығармаларды аспапта ойнап үйрену жеке тұлғаның эмоционалды-сезімдік, эстетикалық сана сезімін дамытып қалыптастырады.

Жалпы музыка тыңдау, аспапта ойнау, ән айту музыканттың жүйке- жүйесін босатып, күш-қуатын арттырады, өмір тәжірибесін байыту арқылы ойлау процесін жеделдетеді. Музыкамен қарым-қатынас жасау, бір жағынан жеке тұлғаның рухани дамуын, өзіндік өрістеуін жақсартса, екіншіден, хор немесе ансамбль сынды музыкалық қызметінің ұжымдық түрі оқушылардың коммуникативті қабілеттерінің қалыптасуын қамтамасыз етеді, балалардың музыканы ұжымдық түрде сезініп, өзара  жақындасуына  ықпал етеді.

Әлеуметтік тұрғыда музыка өнерінің өзіне тән қоғамдық қызметі бар. Ол қызмет жас ұрпаққа музыкалық тәрбие беріп, оқыту барысында анықталады. Музыка өнері тек эстетикалық  тәрбие құралы емес, оның өзге де сипаттары бар: ұлттық болмыс, мазмұн, сипат. Баланың өнер жолындағы  ең  маңызды да қызыққа толы қадамы – аспапта ойнау. Аспапқа баулу барысында оқушының ынтасын жоғалтпау, еліктіргіш қасиеттерге бай әдістерді пайдалану өз тәжірибемдегі ең басты міндетімнің бірі.

Педагог-музыканттың кәсіби дайындығы оның қоғамдық, саяси, арнаулы және педагогикалық–психологиялық терең жан-жақты білімі болуымен анықталады. Қазіргі таңда оқушыларға музыкалық білім берудің мазмұны мен олардың музыкалық дамуы арасындағы байланысын, музыкадан сабақ берудің жаңа үрдісін тиімді пайдалануға ұмтылыс ерекше өзекті мәселе болып отыр. Мұғалім-музыкант жұмысының жетістігі көпшілігінде балалармен арада орнатылған қарым-қатынас шеберлігіне де байланысты.

Алматыдағы Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатында ерте жастан бастаған музыкалық білімімді Мәскеудің Орталық музыка мектебінде жалғастырдым. Онан соң, 155 жылдық тарихы бар Мәскеудің Петр Ильич Чайковский атындағы Мемлекеттік консерваториясынан шекті аспаптар бойынша алған жоғары музыкалық білімімді бүгінгі таңда шәкірттеріме үйретумін. Осы ретте, оқушыларыма музыкалық білімінің жан-жақты дамуына, өрістеуіне пайдалы шаралардың негізгісі ансамбль екендігін түсіндіруге ұмтыламын.

Яғни, ансамбль оның өз құрдастарымен кәсіби тұрғыда араласуына, партитура  арасынан өз партиясын тыңдай білуіне,  интонация жағынан басқа да дауыстарды бір-бірімен ажыратып, дағдылануға үйретеді. Ұжымның ішінде кәсіби білім берумен, музыкалық техникалық үрдістерді дамытумен қатар, жас өнерпаздың ансамбльде ойын барысында  қасындағы әріптестің  ойынына құлақ түру, оның ойын түсіну сияқты маңызды қасиеттерге үйрету жұмыстары  жүргізіледі. 

Сонымен қатар, ансамбльде ойнау – тәртіпке, ұстамдылыққа, ұйымшылдыққа, өз ісіне жауапкершілікпен қарауға тәрбиелейді. Сол себепті, ансамбльдің  ішінде өнер көрсету  жас музыканттардың  ынтасын, қабілетін арттыруына, оқу процесі кезінде ұстаз бен оқушының арасындағы қолайлы қарым-қатынастың сақталуына, музыкалық шығармаларды орындау кезіндегі қолайлы жағдай жасалуына ықпал етеді. Мұғалімнің кәсіби құзіреттілігі – бәсекеге қабілетті маман дайындау кепілі.

Тоғыз жылдық педагогтік тәжірибемде жинақталған педагогикалық тәсілдерімді әрбір оқушыма жеке-жеке қолданып, олардың музыкалық қызығушылығын, зейінін, шығармашылық ерекшелігін, орындаушылық, тыңдаушылық қабілет әрекеттерін жан-жақты дамытуға тырысамын. “Музыка тыңдатпайынша, тәрбие беру, балалық шақтың өзінде адамның сүйіп тыңдайтын ән-күйлерінсіз тәрбие беру деген менің басыма қонбайтын нәрсе», – деп В. В. Сухомлинский тәрбие саласында музыканың алатын орнын ерекше бағалап өз пікірін осылай айтады.

Музыкалық тәрбие арқылы жеке тұлға музыкалық мәдени ортаға бейімделеді. Адам музыканы тек жан дүниесімен ғана қабылдап сезінеді, оны тілмен жеткізу мүмкін емес. Сондықтан да оқушыма музыканы сезіндіру арқылы қабылдатып, музыка өнерінің құдыретін жеткізе аламын деп есептеймін. Өйткені, музыкалық шығарманың басқа өнерден айырмашылығы оның мәнерлілігінде. Сол себептен музыканы оқушыларыма жай сөзбен емес, өнер тілімен ғана ұғындырған жөн деп есептеймін.

Социолог мамандардың зерттеуінше, қазіргі таңда музыкаға деген сұраныс жастар арасында алдыңғы қатарда тұр. Өйткені адамдық негізінің басты критерийінің өзі – көркемдік ойлау мен түйсіну, қабылдау екені ақиқат. Сондықтан да, адамды көркемдік, әсемдікке баулып, айналадағы дүниені, құбылысты көркемдік ойлау арқылы таныстыратын өнер – музыка өнері. Жалпы алғанда, музыкалық, эстетикалық тәрбие дегеніміз – сұлулықты, көркемдікті сездіртіп үйрету, оны қойып қана қоймай, өз бойына сіңіре білуді әдет – дағдыларына айналдыру деп санаймын.

Жасулан ЕГИЗБАЕВ,
Қазақ ұлттық өнер университетіндегі
АВАК кафедрасының оқытушысы 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий