Қазақстандық жоғары оқу орындарында үш жүзден астам жаңа білім беру бағдарламасы енгізілді

Оқу жылының басынан бері қазақстандық жоғары оқу орындарында 300-ден астам жаңа білім беру бағдарламасы енгізілді. Олар еңбек нарығындағы заманауи сұраныстар мен жұмыс берушілердің мамандарға қоятын талаптарына сәйкес бейімделіп әзірленген, – деп хабарлайды ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.

Жаңа оқу бағдарламалары бойынша болашақ инженерлерді, құрылысшылар мен педагогтерді, менеджерлерді, экономистер мен заңгерлерді және басқа да мамандарды оқытады. Мәселен, «Ядролық медицина», «Smart City технологиялары», «Математикалық экономика, статистика және деректерді талдау», «Білім берудегі физика», «Ғылыми тарих», «New media», «Тау-кен ісіндегі 3D модельдеу инженері», «Наноматериалдар және нанотехнологиялар» мен басқа да жаңа бағдарламалар бойынша.

Бұдан басқа, IT-мамандарға деген сұраныстың артуына байланысты ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ) саласында да жаңа білім беру бағдарламалары енгізілді. Жаңа оқу жылынан бастап университеттер «Big Data Analysis» (ауқымды деректерді талдау), «Жасанды интеллект технологиясы», «Криптология», «IT-құқық», «Digital Engineering», «Робототехникалық жүйелер», «Data Science», «Киберфизикалық жүйелер», «Роботтандырылған пилотсыз ұшу аппараттары», «IT-менеджмент», «Цифрлық экономика» сияқты бағдарламалар бойынша мыңдаған болашақ бағдарламашыларды оқытады.

Айта кетейік, 2021 жылы АКТ саласындағы мамандарды даярлауға 10 мыңға жуық грант бөлінді, бұл 2018 жылмен салыстырғанда екі есе көп. – Соңғы жылдары Қазақстанның еңбек нарығында IT-мамандарға сұраныстың күрт өсуі байқалады. Бүгінгі таңда ақпараттық технологиялар өмірдің барлық саласына енгізілген. Жоғары оқу орындары мамандарға қойылатын қазіргі талаптарға сәйкес келетін білім беру бағдарламаларын әзірледі. Білім беру бағдарламаларын енгізу барысында жоғары оқу орындары жұмыс берушілердің пікірлері мен сұраныстарын ескерді. Мысалы, жұмыс берушілер ақпараттық жүйелерді қорғау бойынша кадрлар даярлау қажеттілігі туралы хабарлады. Жаңа бағдарламалардың басты артықшылығы — олар еңбек нарығында қажет практикалық білім алуға бағытталған. IT бағыты бойынша көп жаңа бағдарлама бар. Мәселен, IT-құқық, IT-медицина, — деді ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.

Сонымен қатар жоо-лар IT-компаниялармен — болашақ жұмыс берушілерімен ынтымақтастық орнатуда. Дуалды оқыту белсенді түрде енгізіліп жатыр, студенттер оқу уақытының 40%-ын кәсіпорындарда өткізеді. Өз кезегінде студенттер жаңа білім беру бағдарламаларына оң баға беріп, оларды әзірлеу кезінде практикалық білімге баса назар аударылғанын атап өтті. Айта кетейік, барлық жаңа білім беру бағдарламасы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларының тізіліміне енгізілген.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ҚР БҒМ қазақстандық жоғары оқу орындарының білім беру қызметіне қойылатын талаптарды өзгерткен болатын. Жаңашылдықтар мамандықтарға байланысты енгізіліп, жоғары білімнің тәжірибеге бағытталуын күшейтуге бағытталған. Жоғары оқу орындары жұмысқа тәжірибелі мамандарды тартуға мүмкіндік алды.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий