Өлке мерейін өсірген мектеп

Күн санап ақпарат кеңістігі өркендей түскен заманда қоғамдық дамудың алғышарты сапалы білім екендігі анық. Кемел келешектің кепілі болған жас ұрпақ бәсекеге қабілетті білім мен саналы тәрбиені алтын ұя мектептен алатыны белгілі. Сондықтан қазіргі мектептер де жаңа заманға лайық қарқынмен дамып келе жатыр. Осы орайда, ауыл мектебінің бүгінгі бет-бейнесін жаңа қырынан көрсетіп келе жатқан алтын ұялардың бірі біздің білім ордасы.

Елімізді өркениетке апарар жолдың бастауында мектеп тұрады. Ал мектептің жүрегі – мұғалім екені даусыз. Шәкірт ұстазға қарап өседі. Оқушыны білімге қызықтырып, өз әлеміне баурап алу үшін ұстазға дариядай терең білім, биік парасаттылық, еңбекқорлық керек. Мектебімізде осындай қабілет пен қасиеттерді бойына сіңіре білген ұстаздар жетерлік. «Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» дегендей, мағыналы, өнегелі тәрбие мен сапалы білім беруде мектеп ұжымы жылдан-жылға  жетістіктер биігінен көрінуде. Мектеп директоры Жанар Асылбекқызының жүйелі жұмыс жүргізуінің нәтижесінде мектебіміз талай биіктерді бағындырды.

Мектебімізде соңғы үш жылды салыстырсақ, оқыту мен оқу үдерісінің қай бағыты бойынша да (ғылыми жоба, түрлі сайыстар, олимпиада) ілгерілеушілік, білім сапасының артуында да жүйелі өсім бар. Мектептен соңғы 3 жылда 14 «Алтын белгі», 16 «Үздік аттестат» иегері шықты. Жыл сайынғы мектеп бітіруші түлектеріміздің жоғары оқу орындарының грантын иелену көрсеткіші де артып келеді. Республикалық пәндік олимпиада жеңімпаздарының тұрақты шығуы, республикалық, халықаралық ғылыми жоба жеңімпаздары, ұстаздарымыздың аймақтық, республикалық сайыстардан орын алуы, республикалық «Үздік педагог-2020», «Жыл адамы-2019», «Ерен еңбегі үшін» медаль иегерлерінің шығуы – нәтижеге бағытталған білім баспалдағымен сатылап көтеріліп келе жатқанымыздың айғағы.

Осындай мықты ұстаздардан тәлім алған шәкірттердің де осал болуы мүмкін емес. Оның бір айғағы – өткен оқу жылында республикалық пәндік олимипиададан 3 оқушымыздың жеңімпаз атануы. 11-сынып оқушысы Аман Тілепберген Қазақстан тарихы пәнінен қола медаль иегері атанса, 11-сынып оқушысы Аминова Асемай қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен қола медаль жүлдегері болды. Ал 10-сынып оқушысы Төлегенова Гүлнұр қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша алтын медаль иеленді.

Нәтижесінде, мектебіміз республикалық «Үздік 100 олимпиадалық мектеп» қатарынан көрініп, «Ең үздік ауыл мектебі» номинациясын жеңіп алды. Бұл нәтижеге кездейсоқ келгеніміз жоқ, 2017-2018 оқу жылы аудан бойынша «Үздік білім беру ұясы», «Үздік мектеп директоры», «Үздік тарихшы», «Үздік физик» номинацияларын иелендік, 2018-2019 оқу жылында да аудан бойынша «Үздік мектеп» атандық, 2020 жылы облыстық дәрежеде «Үздік жетекші» мектеп сайысынан екінші орынды иеленген едік. Енді биыл республикалық деңгейде «Ең үздік ауыл мектебі» атағын алып отырмыз.

Бұл, әрине, жүйелі, үздіксіз дамудың, тынымсыз еңбектің нәтижелі жемісі. Ұстаздардың кәсіби құзіреттілігін арттырудағы жеткен жетістіктеріміз де көз қуантады. Республикалық «Математикалық регата» олимпиадасының жеңімпазы  Хожбанов Хамит, «Үздік педагог – 2020» иегері атанған Байназаров Қуат, «Ерен еңбегі үшін» медалі иегері, облыстық «Үздік педагог – 2021» байқауының жеңімпазы, тарих пәні мұғалімі Қамысбай Құралай, облыстық «Үздік дарынды балалар жетекшісі» номинациясының жүлдегері Мухаммедова Гүлнар сияқты мұғалімдеріміз облыс, республика көлемінде топ жарып жүр.

Ұжымды ынталандыру, моральдық, материалдық тұрғыдан марапаттау жұмыстары жүйелі жолға қойылды. Өйткені мұғалімнің өлшеусіз еңбегі – жоғары бағаға лайық. Мектепішілік «Жыл ұстазы», «Жыл оқушысы», «Жыл сынып жетекшісі», «Жылдың ең үздік мұғалімі», «Үздік оқу бөлмесі» және тағы да басқа аталымдар бойынша мұғалімдерді марапаттау және ынталандыру шараларын жыл сайын өткізу  мектепте  дәстүрге айналды. Кітапқа деген құштарлық жас шәкірттерді биік белестерге жетелері сөзсіз.

Сондықтан мектебімізде 2018 жылдан бері кітапқұмарларға арналған «100 кітап» жобасы жүргізіліп келе жатыр. Кітап оқып, шығарма кейіпкерлерін талдап, әр түрлі тақырыпта пікірсайыстар өткізуге дағдыланған оқушылардан «Зияткер» дебат клубы жұмыс жасайды. Дарынды оқушыларымыз Ш.Есенов университетінің  ректор кубогіне арналған республикалық турниріне тұрақты түрде қатысып келе жатыр. Бұл турнирге үнемі Назарбаев мектебінің оқушыларынан құралған командалар қатысады.

Солардың ішінен ауыл мектебінен шыққан Дүйсенғалиұлы Ақылжан мен Базарбаева Сәнімай Ш.Есенов университетінің ректор кубогіне арналған республикалық турнирде 2-орын иеленіп, 75% грант  жеңіп алған болатын. 2019 жылы өткізілген республикалық деңгейдегі пікірсайыс турнирінің “Үздік спикері” де біздің мектептің оқушылары Реймов Нұржау мен Нұрбай Мөлдір болды. Оқушылардың ғылыми жоба зерттеу жұмыстарын дамыту мақсатында географ, публицист, этнограф-ғалым Серікбол Қондыбайдың өмірі мен шығармашылығына арналған «Серікболтану» клубы ашылып, кабинет жасақталды.

Мектепте «Серікболтану» факультатив сабақтары өткізіледі. Екі жылдық жұмысының нәтижесінде  ғалымның жарыққа шықпаған «Қазақ рәміздер жағырапиясы» атты мақаласы бойынша зерттеу жұмыстары жүргізіліп, мұражай ашылды. Мұражайға қойылған экспонаттардың барлығы оқушы, ата-ана және мұғалім қолынан шықты. Бұл тарихи естеліктердің құндылығы өте жоғары, мұнда өлкетану пәніне қажетті ақпараттар арнайы QR кодтар арқылы ғалымның түсіндірмесімен, бейнебаяндармен берілген.

Мұражай облыстық  «Үздік мектеп музейі» сайысынан 1-орынды иеленді. Бұл жөнінде қазір   республикалық оқу әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен мектеп мұражайы туралы онлайн сабақтар өтті. Бұл тарихи құндылықтың жас ұрпақ үшін берері көп. Міне, осындай жан-жақты жолға қойылған жұмыстың нәтижесінде қарапайым ауыл мектебінің мерейі үстем, жетістіктері өзгелерге үлгі. Еліміздің ертеңі бәсекеге қабілетті білім иелерінің қолында. Сондықтан да мектеп педагогтері өскелең ұрпаққа жан-жақты терең білім беру, ұлттық құндылықтарымызды бағалауға және құрметтеуге тәрбиелеуді өздерінің азаматтық парызы деп түсініп, ұлт мүддесі жолында қажымай еңбек етуде.

«Егіншінің еңбегі жинап алған өнімінен көрінсе, мұғалім еңбегінің нәтижесі оқушының білім деңгейімен өлшенеді», – деп ұлы педагог Ы. Алтынсарин айтқандай, мұғалім еңбегінің жемісі-шәкірттерінің қол жеткен табыстары болып табылады. Дегенмен ұжым мүшелері қол жеткізген табыстарға тоқмейілсімейді. Табыс бір жағы ұстаздар үшін мәртебе болса, бір жағы – өте үлкен жауапкершілік. Талантты ұстаздан дарынды шәкірт шығары сөзсіз. Мектеп мерейін асыратын дарынды шәкірттеріміз көп болсын.

Ж. ПИРЖАНОВА,
№3 жалпы білім беретін мектептің  
қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі,
Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий