Ыбырай Алтынсарин патриот – педагог

Ы. Алтынсарин – ұлт мүддесі мен ұлт мұраты үшін бар өмірін сарп еткен ағартушы. Оны біздер Ұстаздың шығармашылық еңбектерінен, жазған хаттарынан, ағартушылық істерінен айқын көреміз. Ы.Алтынсарин алғашқы хаттарының бірінде, 1862 жылы 26 қаңтардағы Орынбор бекінісінен Н.И. Ильминскийге жазған хатында: «…Құдай маған көмек етсе және дәрменім жетсе, мен азды-көпті қазақ халқына ғана пайдалы бола аламын» – деп өмірлік кредосын айтады. Сонда Ы.Алтынсариннің 20 жастан асар-аспас кезі.

Осы хаттың ортасында Ұлы ұстаз қазақ даласын үш жылдай аралаған Н.И. Ильминскидің: «…Қазақ халқы ұғымтал, ақылды, дарынды…» – деп айтқанына қосылып мақтанышпен жазады. Сөйтіп Ы.Алтынсарин қазақ халқын мақтан етеді, талапты ұлт деп біледі, мол үміт артып келешегіне сенеді. Ы.Алтынсарин «Қазақ хрестоматиясы» кітабының алғысөзінде халқымызға төмендегідей сипаттама береді:

«…Қазақ халқы – азбаған халық, оның талабы біреу салып берген тар шеңбердің қыспағына сыя алмайды, оның ой-пікірі еркін…әлі азғындық жолға түспеген, пайдалы нәрсенің бәріне құмар»,–дей келе,-«…халқымызға шамамыз келгенше қызмет ету әрқайсымыздың да борышымыз»,- деуі еліне деген сүйіспеншілігі, халқының болашағына сену, сол үшін аянбай еңбек етуге ант беруін көреміз. Ол арынан аттап, халқының алдында берген антынан айныған емес.

Ыбырайдың ұлтының мүддесі үшін саяси салаға да салмақ сала білген ұлт жанды азамат екенін келесі хатта көреміз. Ол 1880 жылдың 4 сәуірінде Торғай қаласынан В.Катаринскийге арнаған хатында газетке жазған өз мақаласы жайында былай дейді: «Қазақ еліне орыс селендерін әкеліп орнатпақ болған пікірлерге қарсы екенімді білдірдім. Сондықтан қолайсыздау істеп отырғанымды біле тұсам да, өзімнің оған қарсы екенімді білдіруге бел байладым».

Ағартушының бұл сөзінен елінің қорғаны, халқының қалқаны болғанын, сол кездегі үкіметтің отарлау саясатына батыл қарсылық көрсеткенін байқаймыз. Немесе 1889 жылы 20 ақпанда Орск қаласынан Катаринскийге жазған хатында: «Біздің Бессонов Александр Гриорьевич 3-ші және 4-ші кластардағы оқушылардың қарсы болуына қармастан бір ай бойы інжіл мен оның парыздарын уағыздай бастапты. Міне мұндай епсіз, жарым есті басшылық салдарынан жақсы істер жойылып кетуі мүмкін. Қатты айтып отырғаныма кешірім етіңіз, қайтейін ішім күйеді», –деп оқу саласындағы саясаттың қасақана, өрескел жолмен жүргізіліп отырғанына түбегейлі қарсы екенін ашық та, тіке айтуы Ұлт ұстазының батырлығын, мінезділігін айқындайды.

Ы.Алтынсарин 1884 жылы Н.Ильминскийге жазған тағы бір хатында «Құдай басыма не салса да, мен күшімнің жеткенінше туған еліме адал адам болайын деген ойымнан, талабымнан еш уақытта да қайтпаймын, мүмкіндік болған жерде қазақ халқының елдігін бұзып, болашағын бүлдіріп жатқан жауыздыққа қарсы күресе беру керек»,-дейді. Сондай-ақ ол хатында қазақ тілінде жалпы білім беретін кітап құрасырғысы келетінін де айтады. Елге жаны ашу деген осы болар. Қайратты, қайсар, елшіл, ұлты үшін жанкештілікпен, өмірінің сонына дейін күресуді мақсат еткен Ы.Алтынсариннің өнегелі істері біздерге үлгі болмақ. Бұл бүгінгі Рухани жаңғыруымыздағы «Туған жер» бағдарламасымен үндесіп жатқан жоқ па?!

Ұлы ұстаз 1889 жылдың 6 наурызында В.Катаринскийге жазған хатында: «Жақында Карл Андреевич Орскіге мектеп инспекторы болып кеткен екен, қазақ оқушыларына тым қатты қарамаса еді деп қорқып отырмын. Олардың бәрі де өте дұрыс бағыттағы оқушылар, іштерінде өте дарынды, өте зейінділері де аз емес. Оларды құдай үшін, қорғай көріңіз»,-дейді. Қазақтың келешегі, үміт еткен жастарға деген қамқорлығы қандай десеңізші!

Ы.Алтысарин педагогикасының өзегі – адамгершілік, имандылық, иман жүзділік. Оны біз Ыбырайдың 1864 жылғы 16-шы наурызда Орынбор бекінсінен Н. Ильминскийге жазған хатынан көре аламыз: «…оқушылардың кейін парақор болып шықпаулары үшін оларға адамгершілік жағынан әсер етуге де бар күшімді салып отырмын». Сонымен қатар ұлтына қызмет істеуге қолы жетіп, мүмкіншілік туғанына қуанғанын байқаймыз.

Қарап отырсақ Ы.Алтысариннің балаларға арналған 60-астам әңгімелері («Әдеп», «Қанағат», «Әділдік», «Зеректік», «Жомарт», «Мейрімді бала», «Жамандыққа –жақсылық», т.б.) бар екен. Әңгіменің атауы айтып тұрғандай, ұстаз оқушыларының бойынан осындай қасиеттерді көргісі келді. Немесе келесі әңгіме атаулары «Талпыну пайдасы», «Малды пайдаға жарату», «Білгеннің пайдасы» тиімділікті, ұтымдылықты, нарықтық қатынастағы бәсекелестікті меңзеп тұр. Біздер бүгін бәсекелестік заманында өмір сүрудеміз. Ыбырай атамыздың «Жаман жолдас», «Ақымақ дос», «Тәкаппарлық», «Үш ұры», «Дүниеде жамандық неден?» әңгімелерінің мазмұны бүгінге дейін өзекті, заман талабы өзгерсе де адамгершілік, адалдық сияқты ұстанымдардың қағидалары өзгермек емес.

Ы.Алтынсарин оқу үрдісін бір жүйеге қалыптастырды. Алғашқы оқулықтарды, әдістемелік нұсқаулықтарды құрастырды. Ең алғашқы арнайы мектеп ашуға мұрындық болған да осы кісі. Бұл мектептерде жеке сыныптар, асхана, кітапхана, аурухана, зертханалар, шеберханалар болды, химия, физика, астрономия пәндері оқытылды. Сүйтіп сол заманның өзінде жартылай болса да зайырлы мемлекетке сай оқыту жүйесін қалыптастырды. Діни сабақтардан да қол үзген емес.

Көзіміз үйренген сынып бөлмелері, ондағы тақта, бор, көрнекіліктер, карталар, глобус, сынып журналы, табель, аттестат, марапттау қағаздары, қоңырау, сынып тазалығын сақтау, оқушылардың жеке бастарының тазалығы (гигиена) талаптарын алғашқы енгізген де Ы. Алтынсарин болатын. Педагогика пәнінде «ынта» деген сөз бар, оны «мотивация» деп жатамыз, оның түрлері де көп. Ал Ы.Алтысаринның өмірі мен шығармашылықтарына терең үңіліп, санаға сіңірсек, менің ойымша бір ғана ынта, мотивация бар. Ол – тұған еліне пайдалы болу, елінің патриоты болу, халқын сүю. Міне, нағыз мотивация! Біздер осындай ынтаны, қасиеттерді жастар бойына сіңіре білсек ұлы ағартушы өсиетін орындаған болар едік.

Ы.Алтынсарин – 50-ге жетпей өмірден озса да, бір өзі кем дегенде 40 адамның халқына деген қызметін арқалап, іс жүзінде абыроймен атқарып кеткен ұлы тұлға. Ол ұлтын қалай қадірлейтіндігін сөз жүзінде де, іс жүзінде де дәлелдеген, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге боларлық нағыз патриот. Ыбырайдың есімі халқының мәңгі есінде, елінің болашағы үшін атқарған игі істері халқының жадында. Жақында Қазақстан республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай және Ұлы Ұстаздың туғанына 180 жыл толуына байланысты өткен «Ы.Алтынсарин және ағартушылық тағылымы; тарихи өзегі, танымдық өрісі, заманауи өрнегі» атты халықаралық ғылыми тәржіибелік конференцияда айтылған бірер ұсыныстарымды оқырмандармен бөліскенді жөн көрдім:

Біріншіден: Оқу жылының бірінші күні еліміздің барлық (меншігіне және оқыту тілдеріне қарамастан) мектептерінде жыл сайын, дәстүрлі түрде «Кел, балалар, оқылық!» атты сынып сағатын өткізу және онда Ы. Алтынсариннің өмірбаяны мен шығармашылығы жайында айту керек деп ойлаймын. Екіншіден: Қазақстанның барлық мектептерінде 5-7-ші сыныптарда Ы. Алтысариннің өмірі мен еңбегі жайлы диктант, сегізінші-тоғызыншы сыныптар аралығында мазмұндама, ал 10-11 сыныптарға шығарма жаздырса, Ұлы ұстазға деген тағзым осы емес пе?

Үшіншіден: Бұл дүниеде барлық нәрсенің өлшемі – адам. Сол себепті де ұлы ғұла­малар бірінші кезекте адамның тұлға болып қалыптасуына көп мән берген. Кешегі Хакім Абай да «Адам бол!» қағидасын алға тартқан. Бүгінде Абайдың қара сөздерін әлем танып, мойындаған. Ал адамды адам қылатын, адамнан тұлға қалыптастыратын ол – тәрбие. Соңғы жылдары қоғам өзгеруде, енді сол қоғам сұранысына сай алғашқы тәрбиешілер съезін өткізіп, мемлекеттік бағдарлама жасап, тұжырымдама қабылдаса дұрыс болар еді.

Төртінші ұсынысым: Ы.Алтынсарин бүгінде әлемдік тұлға ретінде танылып отыр. Сондықтан Ұлы ұстаздың келесі мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өткенін қалаймыз. Бесіншіден: Келесі жылы біздің университетімізге 30 және А.Байтұрсыновтың туғанына 150 жыл толады. Өкініштісі университетіміз әлі А.Байтұрсынов деген атпен аталады. Енді А.Байтұрсынұлы атындағы жоғарғы оқу орны болып аталатын уақыт келді.

Қалқаман Хасенұлы ЖАҚЫП,
Ахмет
Байтұрсынов атындағы Қостанай
өңірлік
университетінің профессоры

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий