Оқырман ойы: Байлыққа бағаланатын басылым
Кітап – адамзат баласының сан ғасырлық ақыл-ойының, оқу арқылы жетілуінің, кемелденуінің арқасында қол жеткен дамылсыз даму үрдісінің жемісі, өткен тарихы мен өмірлік тағылым-танымының алтын сандығы. Әлбетте, кітапты оқудың мақсаты – оны зейінді зеректікпен мұқият талдап оқи білу, ондағы сөздің, ойдың, түйінді тұжырымының құдіретін түсіну мен түйсіну, алған әсерлерді кейін өмірлік қажетіңе жарата білу.
Бұл – әрбір адамның білігі мен білім деңгейін, пайымы мен парасатын, көреген кемел кісілігін ұдайы шынықтыра білудің озық та ұтқыр жолдарын айқындай алатын алғы шарттарының бірі. Көз жетпейтін жерге ұшқыр ой жетеді. Ал сол ойдың жүйріктігін жетілдіретін де, ұтқырлығын оздыратын да, сөзге шешендігін шынықтыратын да – кітап екені ақиқат. Сондай-ақ, оқыған кітабыңдағы айтулы кейіпкерге еліктеудің өзі, тіпті автордың өзі сияқты тұлға болуға құлшыну, бұл – теңдесі жоқ құбылыс.
Демек, кітап оқу, бұл – текті кісілікке, кемел адамгершілікке, кемеңгер көрегендік пен мәдениеттілікке қол жеткізу бағытында құрыштай шыңдала түсудің айтулы көрсеткіші екені хақ. Осы орайда қоғамның рухани қазынасын насихаттауда өзіндік үлес қосып, көптеген бастамаларымыздың республика көлемінде жарық көруіне бірден – бір себепші болып отырған «Білімді ел – Образованная страна» республикалық газетінің шығармашылық ұжымына ыстық ықыласым мен шексіз алғысымды білдіргім келеді.
Ұлтымыздың рухани қазынасының қоржынын, қорын толтыруда атсалысып, баспасөз беттерінде тағылым мен тәрбиені ұрпақ санасына құйып дәріптеуде көптеген көз қуантарлық мақалалардың жарық көріп, оқырманға жол тартуы көңіліңе еріксіз қуаныш ұялатады. Қалай дегенде де, ендігі жерде, компьютерлік техникаларға тәуелділік айрықша артқан тұста қоғамымызды кітап оқуға қызығушылығын арттырып, құндылықтар мен рухани байлығымызды арттыра түсу үшін кітап оқу қажет.
Кітап – сарқылмайтын теңдесі жоқ алтын бұлақ және көнеріп тозуды білмейтін қымбат қазына. Ендеше кітапты түпнұсқадан оқуды ешбір техника да, технология да алмастыра алмайды. Сондықтан ұлттық құндылықтарды кітап арқылы бойға сіңіруге шақырғым келеді.
Раушан Бердібекқызы БАЯКЕЕВА,
Ыбырай Алтынсарин атындағы орта
мектептің директоры, Алматы облысының
Панфилов ауданы