Университеттер трансформациясы өңірлерді дамытудың драйвері ретінде

Қазіргі уақытта білім берудің әлеуеті мен білім берудегі басты трендтерге объективті баға беру – елдің стратегиялық дамуының басты кепілі. Сондықтан әр мемлекет оқыту және жұмысқа орналастыру, сондай-ақ білім беру сапасын тұрақты арттыру сияқты міндеттерді алдыңғы кезекте шешуі керек. Қазақстандағы соңғы жылдары жоғары білім беру саласындағы реформаларға көз жүгіртсек, трансформациялаудың озық үлгілерін көреміз. Алдымен Қазақстан Еуро Одақтың Болон декларациясына қосылып, Еуропалық жоғары білім беру аймағына мүше болды.

Бұл бірнеше оң өзгерістер әкелді. Қазақстандық жоғары оқу орындары университеттердің Ұлы Хартиясына қосылды, мамандарды даярлаудың үш деңгейлі моделіне көшу жүзеге асырылды, кредиттік білім беру технологиясы енгізілді, қос дипломды білім беру бағдарламасы және қашықтықтан оқыту іске асырылуда. Дублиндік дескрипторларға сәйкес модульдік білім беру бағдарламалары әзірленуде, ұлттық біліктілік жүйесі құрылды, студенттердің академиялық ұтқырлығы бойынша жүйе енгізілді. Кем дегенде үш тілде оқыту бағдарламалары енгізілді, жоғары оқу орындарының халықаралық рейтингіне қатысатын елдегі университеттер саны үнемі өсіп келеді.

2020 жылы Еуропалық жоғары білім кеңістігі мүшелері қабылдаған Рим коммюникесі бойынша жоғары білім беру жүйесін инклюзивті, инновациялық, өзара байланыс сияқты үш бағыт бойынша өзектендіру қолға алынды. Сонымен қатар, білім ордаларының академиялық дербестігін арттыру мақсатында құрылымдық өзгерістер болды. «Баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» институционалдық реформасы «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» жоспарының 78-тармағында «Назарбаев университеті тәжірибесін ескере отырып, ЖОО-лардың академиялық және басқарушылық дербестігін кезең-кезеңмен кеңейту.

Коммерциялық емес ұйымдардағы жекеменшік жоо-ларын халықаралық тәжірибеге сәйкес трансформациялау» деп атап өтілгендей, бүгінгі таңда еліміздегі бұрынғы мемлекеттік жоғары оқу орындары коммерциялық емес акционерлік қоғам мәртебесіне көшті. Бұл өзгеріс университеттерге жақсы мүмкіндіктер беріп, қаржылық саясатына ықпал етіп, академиялық дербестігін қамтамасыз етті. Бұл отандық жоғары білім беру жүйесін толық модернизациялауға, академиялық дербестікті кеңейту, университеттердегі олардың еңбек нарығымен байланысын күшейту, материалдық-техникалық базаны нығайту секілді негізгі міндеттерді орындауға мүмкіндік береді.

Университетке былтыр коммерциялық емес акционерлік қоғам мәртебесі беріліп, басқарудың жаңа формасына көшті. Даму стратегиясын жүзеге асыру үшін 2020-2025 жылдарға арналған Стратегиялық жоспар әзірленіп, негізгі үш бағыт – кадрлық әлеуетті көтеру, тиімділік имиджін қалыптастыру, инфрақұрылым мен контенттік цифрландыруды дамыту – бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бізде жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру кадрларын екі деңгейлі даярлау жүргізіледі: бакалавриаттың 56 білім беру бағдарламасы және магистратураның 41 білім беру бағдарламасы бар.

Жаратылыстану-ғылыми бағыттағы мұғалімдерді ағылшын тілінде даярлау жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру үшін университетте информатика, физика, биология, химия білім бағдарламалары бойынша шет тілінде дайындық жүргізіледі. Көптілді оқыту 19 білім беру бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады. Ғылым мен білім синтезіне бағытталған магистрлік дайындық бағдарламаларына ерекше көңіл бөлінеді. Бұл арақатынас, бір жағынан, іске асырылып жатқан магистрлік білім беру бағдарламаларына сұраныстың жоғары дәрежесін, екінші жағынан, өзекті мәселелерге сәйкес келетін білім беру бағдарламаларының Атырау облысының экономикалық секторы сұраныстарына айтарлықтай икемділігі мен ұтқырлығын көрсетеді.

Барлық білім беру бағдарламаларының мазмұнына экологиялық тәрбие және білім беру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, кәсіпкерлік негіздері қосылған.Түлектерді жұмысқа орналастыру – жоғары оқу орны тиімділігінің критерийлерінің бірі, еңбек нарығы үшін оқу орны шығаратын мамандардың қажеттілігін анықтайтын көрсеткіш. Университетте практика базалары кеңейтілуде, одан әрі жұмысқа орналасу мүмкіндігімен жұмыс берушілермен практика базаларымен қамтамасыз етуге жасалған шарттар саны ұлғаюда, мемлекеттік ұйымдармен, АҚ-мен, ЖШС-мен шарттар жасалуда. Ғылыми-инновациялық қызметті қаржыландыру түрлі көздерден қаражат тарту негізінде жүзеге асырылады.

Атап айтқанда, университеттің меншікті қаражаты, республикалық және жергілікті бюджеттердің қаражаты, сондай-ақ ғылыми-зерттеу жұмыстарына сырттан тапсырыс берушілердің қаражаты пайдаланылады. Жоғары оқу орнында 28 кафедра – 28 ғылыми мектеп жобасы бар. Бұл жоба жаңа ғылыми мектептерді қалыптастыруды және кафедралар жанындағы академиялық және ғылыми ортаны дамыту үшін жұмыс істеп тұрған ғылыми мектептердің жұмысына жаңа серпін беруді көздейді. Жоба бойынша әр кафедрада кемінде 1 мықты және беделді ғалым басқаратын ғылыми мектеп құру жоспарланған.

Осы уақытқа дейін тек 14 ғылыми мектеп құрылды. Атырау университетіндегі білім беру және ғылыми үдерістерді интернационалдауды арттырудың негізгі индикаторларының бірі – дәрістер мен семинарлар оқу, бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу, ғылыми зерттеулер жүргізу, студенттер мен магистранттарды басқару, ғылыми-білім беру іс-шараларына қатысу. Жоғары оқу орындарын халықаралық білім беру кеңістігіне біріктірудің перспективалы бағыты шетелдік сарапшылар мен студенттерді тарту, халықаралық кампустарды ашу, ғалымдар мен білім алушылар үшін академиялық ұтқырлық бағдарламаларын күшейту болып табылады.

Қазіргі заманғы жоғары оқу орындарының стратегиялық жаңаруында цифрлық трансформация да ерекше рөл атқарады. Біз IT-ресурстарды қайта жарақтандыру туралы ғана емес, сондай-ақ адами әлеуетті қайта жүктеу, кәсіби капитал мен корпоративтік мәдениетті жаңарту, оқу орнының әлеуметтенуі, коммуникациясы, оның барлық ішкі процестерін оңтайландыру туралы айтуға тиіспіз. Бүгіннің күн тәртібінде болуы тиіс ең бастысы-қабылданған шешімдердің мерзімділігі, уақтылығы және тиімділігі қағидаттарын сақтау.

Цифрландыру ЖОО-ның мақсатты аудиторияға көбірек бейімделуін әкелуі тиіс, бұл білім беру нарығында оны бәсекеге қабілетті етіп қана қоймай, студенттер үшін қосымша құндылықтар жасайды. Барлық бөлімшелердің өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру сияқты ішкі процестерді цифрландырудың күтілетін маңызды нәтижесіне назар аудару керек. Диджитализация барлық университеттерге түбегейлі әсер етуі керек: педагогикалық, экономикалық, құқықтық, жаратылыстану.

Педагогтің IT-технологиялар туралы білімінің, экономисттің және заңгердің диджитализация саласындағы дағдыларының болуына баса назар аудару біздің білімімізді сапалы жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді. Мәселен, тергеп-тексеру немесе бағалы қағаздар нарығын криминализациялауға қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдау кезінде қазіргі жас кәсіпқой экономист, сондай-ақ заңгер және IT-маманның да дағдыларына ие болуы тиіс. Атырау университеті IT бағыт бойынша кадрларды дайындауды QWANT жоғары технологиялар мектебімен бірлесе дайындауды бастап кетті.

QWANT-бірегей онлайн АКТ саласындағы кадрларды даярлауға арналған жоғары технологиялар мектебі Еуропа мен АҚШ-тың үздік бағдарламалау мектептерінің озық тәжірибесін біріктірген QWASAR платформасы. Қазіргі уақытта QWANT жоғары технологиялар мектебі біздің білім бағдарламаларымызға талдау жасауда. Жоғары білімнің бәсекеге қабілеттілігін күшейту үшін үздік әлемдік тәжірибені пайдалану қажет екені баршамызға белгілі. ҚР Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен ЖОО-ларды нысаналы қолдау үшін халықаралық, ұлттық және өңірлік деңгейлерде бәсекеге қабілетті университеттер топтарын анықтау қолға алынды.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында салалық министрлік 15 базалық өңірлік жоғары оқу орнын түбегейлі жаңғырту жобасын бастады. Министрлік тарапынан өңірлердегі 15 жоғары оқу орындарына білім сапасын арттыру үшін нысаналы қаржы бөліп, олар жаңа зертханалармен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, жаңа білім бағдарламалары да ашылатын болады. Жобаның басымдықтары, біріншіден, білім беру сапасының өсуі, екіншіден, өңірдің инновациялық даму кеңістігін құру, үшіншіден, даму құралдарын, яғни, өзара іс-қимыл тетіктерін айқындауға мүмкіндіктер туғызады деп сенемін.

Бұл жобаға біздің университетіміз де қатысып жатыр. Ұсынылған жобаның мақсаты – еліміздің Батыс өңірін дамыту үшін серпінді бағыттарды, білім беру бағдарламалары мен білімді ілгерілетуді, кадрлар даярлауды жүзеге асыратын ғылыми-білім беру орталығын құру. Осы жобаға қатысу арқылы біз Химиялық технологиялар ғылыми-білім беру зертханасын, Экология және қоршаған ортаны қорғау ғылыми-білім беру зертханасын, Биотехнология ғылыми-білім беру зертханасын, Наноматериалдарды кешенді зерттеу” ғылыми-білім беру зертханасын және де Ғылыми-білім беру IT-зертханасын ашуды жоспарлап отырмыз.

Төртінші өнеркәсіптік революция қызметкерлердің білімі мен біліктіліктеріне қойылатын талаптарды күшейтеді. Көпсалалы маман дайындайтын жоғары оқу орындарына мемлекет тарапынан жасалып жатқан бұл қолдау университеттерді ел мен аймақтың тұрақты әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін шешуге қосуға бағытталған керемет мүмкіндік деп есептеймін. Бұл университеттер өңірлерді дамытудың драйверлеріне айналуы тиіс. Осы мақсатта білім берудегі барлық заманауи әдістер мен трендтерді пайдаланып, мақсатқа жетуге аянбай еңбек етеміз.

Саламат  Нұрмұханұлы ИДРИСОВ,
“Х.Досмұхамедов атындағы Атырау
университеті” КеАҚ Басқарма төрағасы – Ректоры

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий