Университет түсінігі мен тәжірибеміз өзгеру керек

Қазақстанның тәуелсіздігімен қатар кірпіші қаланып, бой көтерген Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті бүгінде Орта Азиядағы үздік оқу орындарының біріне айналды. Ерекше статусы бар білім ордасы Түркі тілдес халықтардың басын біріктіріп, Түркістан қаласының өркендеуіне де өзіндік үлес қосып  келеді. Білім көкжиегіндегі алдағы жоспарлар мен міндеттер турасында университет ректоры Жанар Темірбековамен сұхбаттасудың сәті түсті.

Жанар Амангелдіқызы, Түркістанның төріне келіп, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры лауазымының тізгінін ұстағаныңызға жарты жылдың жүзі болыпты. Оңтүстік өңірге, ел мен жерге, жаңа қызметке бойыңыз үйренді ме? – Иә, расымен де жеті ай уақыт өтіпті. Жаңа лауазымға келген адам өз жұмысының, жасаған транформацияларының нәтижесін көрсетіп, тиімділігін дәлелдей білуі керек. Маған да сондай мүмкіндік туып, осы сұхбаттың реті келгеніне қуаныштымын. Халық алдындағы бір міндетімді орындайтын болдым. Оңтүстік өңір туралы айтатын болсақ, балалық шағым осы топырақта өтті. Ауасын жұтып, шаңына аунап өстім. Анам – Шәуілдірдің, әкем – Төле би ауданының тумасы. Жазғы демалыста отбасымызбен келетінбіз. Сондықтан маған бұл жердің ыстығы да, желі де, дәмі де таныс. Жаныма жақын, тез-ақ сіңісіп кеттім.

Түркістанға келгендегі басты мақсатыңыз? – Ең басты мақсатым – бұл аймаққа, елге, жерге пайдалы болу. Тәуелсіздігіміздің арқасында елім мені осыншама жыл оқытты, тәрбиеледі, білім берді. Ендігі жерде елге қызме ету, еліміз жастарының бізден де жақсы білім алып, мемлекетіміз бен әлемді көркейтетін тұлға болуына септігімді тигізу. Бұны қалай іске асырамын? Бабамыз Қожа Ахмет  Ясауидің атын иеленген оқу ордасында заманауи өзгерістер жасау арқылы… Оның принциптері аясында университетті қайтадан жаңғыртуымыз керек. Яғни заманауи, сыни ойлай алатын, технологияны меңгерген, аймаққа, бүкіл елімізге, Түрік әлемі мен дүние жүзіне пайдалы бола алатын, құндылықтарды бойына сіңірген шәкірт тәрбиелеуші университетке айналдыруды көздеп отырмыз.

Түркия Республикасында 17 жыл өмір сүрдіңіз. Бауырлас елде танымал ғалымдардың еңбектерімен танысып, өзіңіз де ғылыммен, ағартушылықпен етене айналыстыңыз. Жылдар бойы жиған біліміңіз бен тәжірибеңізді университет игілігі үшін қалай пайдаланбақ ойыңыз бар? – Дұрыс айтасыз, Түркия Республикасына 16 жасқа толмай кеткенмін, содан 33-ке келгенде қайта оралдым. Қарасам, өмірімнің тең жартысы бауырлас елде өтіпті. Олар нарық экономикасына бейімделген, көптеген мәселе институцияландырылған, жүйе бар. Әсіресе, жоғарғы білім беру жүйесі өте жоғары деңгейде дамыған. Түркиядағы алдыңғы қатарлы университеттер халықаралық деңгейдегі ең жоғарғы стандарттарға сай білім береді. Университетімізге осы тәжірибені, Болон үрдісі мен Еуропалық кеңістіктегі академиялық принциптерді енгізсек дамудың даңғыл жолына түсетініміз анық.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Сіз байқаған ерекшелігі қандай? – Бірінші ерекшелік Түркістанның Түркі дүниесінің рухани астанасы атануымен қабысып жатыр. Осы орайда, Елбасымыздың айтқан сөзі еріксіз еске түседі. Ол: «Қожа Ахмет Ясауи университеті келешекте күллі Түркі әлемін біріктіреді. Түркістанды жоғары деңгейге шығарады», – деген. Шынында да, 30 жыл ішінде университеттің Түркістан қаласына, бүкіл Түркі әлеміне жасаған қызметі өте зор.

Кезекті ерекшелік – оқу ордамыздың атауының құдіретінде. Қожа Ахмет Ясауи кім деп сұрағанда университеттің философиясы түсінікті болады. Ясауиді бекерге «Пир-и Түркістан» деп атамаған. Ол – ислам дінін Түркі тілдес ұлттардың кеңінен түсінуіне ықпал еткен бірден бір тұлға. Шәкірттерімен Құранды түрікшеге аударып, оны өзінің хикметтерімен халық түсінетін дәрежеге жеткізді. Сопылықтың негізін салды. Оның принциптері де өте жоғары болды. Гуманизмнің ең биік сатысы десек қателеспейсіз. Дара тұлға адамдарға қамқор, ілтипатты болуды, бір-бірін алаламай, тең көруді, жақындарыңа сене білуді, олармен жақсы қарым-қатынас құруды насихаттады.

Міне, осының бәрін Түркі тілдес жастарға үйретіп, білімін дәріптеу арқылы өзгелерге өнеге болып отырмыз. Университетімізді Түркологияның табиғи ортасының болуы да ерекшелеп тұрады. Оқу ордамызда 37 ұлттың студенттері білім алады. Біздің құндылықтарымыз, тарихымыз, мәдениетіміз, батырларымыз, тіпті эпос-жырларымыз ортақ.

Сіз басқарып отырған оқу орны – Халықаралық статусқа ие айрықша ғылым ордасы. 2020 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен университетке ерекше мәртебе берілді.  – Иә, ресми түрде былтыр ерекше статус берілді. Бірақ, мен университет құрылған күннен бастап ерекше мәртебеге ие деп айтар едім. Себебі, Қазақстанда Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің құрылымына ұқсайтын бірде бір оқу орны жоқ. Ерекше мәртебе университетке көптеген мәселелер бойынша дара шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Соңғы 3-5 жылда академиялық еркіндік күн тәртібіндегі мәселеге айналды. Осы бағытта біздің университеттің атқарып жатқан қызметі ауыз толтырып айтарлықтай. Корпоративтік тұрғыдан басқару ең бірінші біздің университетте басталды. Бізде ректормен қатар Өкілетті Кеңес басқармасы жұмыс істейді. Стратегиялық жоспарлар осы Өкілетті Кеңес тарапынан қолға алынады.  Ерекше мәртебе не әкелді? Ең алдымен, бюджет көлемі артты. Былтыр оқытушы-профессорлық құрамның айлығы едәуір жоғарылады. Екіншіден, білім беру бағдарламаларын жаңғырту, оларды қайтадан қарау, профессорлық құрамды таңдау секілді мүмкіншілігі мен жауапкершілігі де бар.  

Сөз арасында стратегиялық жоспар деп қалдыңыз. Университеттің стратегиялық жоспарының орындалу барысы туралы әңгіме өрбітсек. – Оқу орнының стратегиялық жоспары 2018 жылы бекітілген. Соңғы өзгерістерді ескере отырып, оған толықтырулар енгізіп жатырмыз. Басты себеп – наурыз айында өткен Түркі Кеңесінің саммитінде Түркістан декларациясының қабылдануы мен Түркістанның Түркі әлемінің рухани астанасы атануы. Стратегиялық жоспардағы негізгі ұстанымым «Халық үніне құлақ асатын университет» тұжырымдамасы екенін айтып өтейін. Жаңашылдықты енгізуге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынуы себеп болды. Бұл мақсатқа жетуге алғашқы қадам – жоғарғы оқу орындарындағы саясат. Сол арқылы қоғамдағы басқа процесстерге де ықпал ете аламыз деп сенемін.

Халық үніне құлақ асатын университет – білім алып, жұмыс істеп жатқан барлық тараптардың сұрақтарына жауап бере алатын, пікірлерімен санасып, ұсыныстарына, қойған талаптарына уақтылы назар аударатын, сын көтере білетін орта. Яғни, оқытушы-профессор құрамымыз студенттердің барлық сұрақтары мен мәселелеріне толыққанды жауап беріп, жағдай жасауы керек. Өз кезегінде, кафедра меңгерушілері қарамағындағы оқытушылары мен профессорларына дәл сондай құрмет көрсетуі тиіс. Декандар болса, кафедра меңгерушілерін тыңдай білуі қажет.

Сондай-ақ, биылғы басты жаңалық – университетімізде Теология (Дінтану) факультетінің ашылуы. Қазір ислам дініне байланысты қоғамда түрлі стереотиптер, теріс түсініктер, жастарды бұрыс жолға бағыттап, радикализмге жол ашатын ұйымдар көбейді. Факультет Қазақстанда діни сауаты жоғары мамандарды дайындайды. Зайырлы мемлекет ішіндегі дін туралы түсінікті қалыптастыру және басқару жолдарының концепциясын алға тартады.

Студенттерге қандай жағдай жасалған? Олар оқу орнын таңдауда қателеспегеніне қаншалықты сенімді бола алады? – Ең алдымен, тіл мәселесі. Білім алушылардың бәрі төрт тілді, яғни қазақ, түрік, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеріп шығуы керек деген талап қойып отырмыз. Осылайша, білім алушы жастардың бәсекеге қабілеттілігі артады. Негізі қаланған кезеңнен бергі отыз жыл ішінде біздің университеттен 80 мыңнан аса жас түлеп ұшты. Олар әртүрлі министрліктерде, халықаралық ұйымдарда жұмыс істейді, президент көмекшісі, әкім, спорт саңлақтары, өнер жұлдыздары бар.

Қай салада болмасын жан-жақты қамтылған. Сондықтан, бізді таңдаған талапкерлер 4-5 жылдан кейін еңбек нарығына шыққан кезде сұранысқа ие болу үшін аянып қалмаймыз. Құндылықтарды да айтып өткеніміз жөн, басты міндеттеріміздің бірі –  еңбексүйгіш, шығармашылық әлеуеті жоғары балаларды дайындау. Келесі жылдан бастап инженеринг, жаратылыстану мамандықтарында шығармашылық дәрістерді енгізу жоспарланған. Бұл – студенттердің дарынын айқындауға көмектесетін бірден-бір тәсіл. Университет артықшылықтарының бірі – бізде мемлекеттік гранттардан өзге «Түркия квотасы» бағдарламасы жүзеге асады.

Жыл сайын 500 студентке Түркия Республикасы грант бөледі, шәкіртақы тағайындайды. Тағы бір маңызды жайт, біз жыл сайын ең мықты жастарымызды, ең белсенді еріктілерімізді, ең жақсы көрсеткіш көрсеткен спортшыларымызды, түрлі сайыстарда университетіміздің атын шығарып жүрген өнерпаздарымызды да жібереміз. Бұдан бөлек, шәкірттерімізге рухани қолдау көрсетуді жолға қоямыз. Студенттер бір бағытты, мамандықты таңдайды, ал біз өз тарапымыздан олардың жан-жақты тұлға ретінде қалыптасып, ХХІ ғасырдағы ең қажетті дағдыларға ие болуына атсалысамыз.

Биыл оқу ордасының бой көтергеніне биыл 30 жыл толды. Мерейтойды атап өтесіздер ме? – Иә, 1991 жылғы маусым айының 6-ы күні Түркістан мемлекеттік университеті құрылды. Бір жылдан кейін халықаралық статус берілді. Биыл 30 жылдықты университет ішінде кішігірім атап өттік. Карантиндік шектеу шараларын ескеріп, ауқымды шара ұйымдастырмадық. Пандемия аяқталса, келесі жылы дүркіретіп атап өтерміз. Іс-шаралар жоспары бекітіліп жатыр. Жыл бойы ғылыми, оқу-әдістемелік, мәдени және спорт шаралары өткізіледі. Университетіміздің жаңа гимнін жазуға арнайы байқау ұйымдастырамыз. Үздік гимнді студенттер таңдайды. Айта берсек, жоспар көп. 30 жыл ішінде атқарылған жұмыстардың есебін беру керек. Есеп бере отырып, үлкен жұмыстарды атқаруға бел буып отырмыз.

Ашық әңгімеңізге рақмет!
Бағалы бастамалар баянды болсын!
Сұхбатты жүргізген Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий