ҚР ҰҚК Шекара академиясына 90 жыл: Отанға қызмет ету – білім ордасының басты мақсаты

Жұмыр жердің жүрегінен өз үлесін алып, дархан даланың төсінде өз мемлекетін құрып, мақсат-мүддесін айқындаған қазақ елінің шекарасының мықтылығы қай кезде де басты назарда болып келеді.  ҰҚК Шекара  академиясы Отан қорғайтын, шекарамыздың біліктілігін бақылайтын талай шекарашы сарбаздарды тәрбиелеп шығаруда. Өзінің даңқты жолымен айшықталған әскери оқу орны алғашында Ф.Дзержинскийдің атымен аталса, қазіргі таңда ҚР ҰҚК Шекара академиясы деген атқа ие болды.

Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара академиясының 90 жылдығы қатар келіп, қос бірдей мерекелік атаулы күнді тойлағалы отырмыз. Осыған орай, 18 тамыз шекарашылар күні қарсаңында ғасырға жуық тарихы бар оқу орнының бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы жазуды жөн көрдік. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара академиясының негізі о, баста БМСБ (ОГПУ) әскері мен шекара күзетінің екінші мектебі ретінде 1931 жылы 26 желтоқсанда Харьков қаласында қаланды. 1941 жылы қазанда Ұлы отан соғысы басталған соң Ташкент қаласына көшірілді.

Қазір осы училищенің Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара академиясы деп аталатынынан да қоғам жұртшылығы хабардар. Жоғары оқу орнының атауының жаңартылуы, ең алдымен  біздің қоғамымыздағы ішкі және сыртқы өзгерістер мен үдерістерге байланысты. Әлемдегі әртүрлі құрылымдағы мемлекеттер арасындағы сыртқы қарым-қатынастардың күрделене түсуі қай саланың болмасын маман кадрларының, оның ішінде қоғамның, саяси-әлеуметтік өмірдің барлық талаптарына жауап бере алатын жаңа сапалы әскери қызметшілердің даярлануын қажет етеді.

Бұған әскери білім беретін оқу орындарының құрылымын кеңейту, білім берудің технологиясы мен мазмұнын жетілдіру, дамыту, әлемдік стандарттарға қарай сәйкестендіру, яғни академиялық білім беру арқылы қол жеткізуге болады. Нақтырақ айтсақ, қазіргі заманғы саяси ахуал офицер кадрларды даярлаудың сапасы мен мазмұнын заманауи талаптарға сай етуді, ұлттық қауіпсіздікті сақтау органдарын білікті әскери кадрлармен қамтамасыз етуді талап етіп отыр. Әскери білім беру жүйесі әскери тәртіптің қажеттіліктері мен талаптарын ғана орындайтын, «қатып қалған» құрылым емес, сонымен қатар мемлекеттің саяси, экономикалық мүмкіндіктеріне нақты жауап беретін икемді де, тиімді де болуға тиіс..

Іргелі білім ордасының құрылғанына да ғасырға жуықтаған екен. Осы жылдар ішінде  Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара академиясы мен оның түлектері мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып келеді. Мемлекеттің тұтастығы үшін жауға кеудесін тосып, ерлік көрсеткен көпшілігінің аты-жөндері алтын әріптермен батырлар тарихының беттеріне жазылды. Олар шекара бұзушылармен бұлттардан биік шыңдарда, күйіп тұрған құмдарда шайқасты. Ұлы Отан соғысында фашистердің алғашқы соққысына төтеп берді.  Хасан, Даманск мен Жалаңашкөл оқиғалары кезінде де табандылық көрсетіп, өз күштерімен шекара бұзушылардың бетін қайтарды.

Ауғанстан тауларында ТМД елдерінің сыртқы шекарасын күзетудегі міндеттерді атқаруда да Алматы шекара училищесінің түлектері биіктен көрінді. Оқу орнының 45 түлегі осы соғыста Кеңес Одағының Батыры деген жоғары марапатқа, тағы 5-еуі Ресей Батыры атағына ие болды. Әскери оқу орнындағы жаңа буын осы батырлардың рухында тәрбиеленуде. Бүгінде бірқатар елді мекендерде көшеге, шекара заставаларына Шекара академиясын бітірген сардарлардың есімі берілген. Солардың бірі КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Шығыс шекара округының бұрынғы қолбасшысы және сол кездегі Алматы шекара училищесінің бастығы, Кеңес Одағының Батыры, генерал-лейтенант М.Меркуловтың әскери жолын бүгінге дейін әрбір сарбаз өнеге тұтады.

Қазір Шонжы шекара отрядындағы бұрынғы «Есекартқан» шекара заставасы М.Меркуловтың атымен аталады. Әскери оқу орнының мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі сіңірген еңбегін марапаттарына қарап білуге болады. Бүгінде оқу орны еліміздің Шекара қызметіне ғана емес, ТМД елдеріне танымал. Академия ұжымы Шекара қызметі үшін  кәсіби білікті, жоғары білімді офицерлерді даярлау ісін лайықты жалғастыруда. Бүгінде Шекара академиясынан түлеп ұшқан түлектер оның даңқын асырып, беделін биіктетіп келеді.

Аға буын ұрпақтың даңқты жауынгерлік дәстүрін жалғастырған ізбасарлары егеменді Қазақстанның  шекарасын сенімді күзетуде және Қазақстан Республикасы Шекара қызметінің әскери бірлестіктері мен бөлімдері, басқа да бөлімшелерінде біліктілікпен  басшылық жасауда. Көршілес елдермен қарым-қатынас жасаудың формасы мен мазмұнының өзгеруі, шекаралық аймақтардағы жедел ахуалдың жаңа элементтерінің пайда болуы шекараны күзететін кадрларды даярлауға да жоғары талаптар қойып отыр.

ҰҚК Шекара  академиясы өз қызметінде ведомстволық нұсқаулар мен Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңын басшылыққа ала отырып, Қазақстанда жоғары білім беруді дамытудың басты бағыттарына сәйкес кәсіби кадрларды даярлаудың үшсатылы жүйесі – бакалавриат – магистратура – докторантура (PhD) бойынша білім беруге көшті. Осыған байланысты оқу үдерісін ұйымдастыру, оқу бағдарламаларын жаңарту, оқу үдерісін жаңа сапалы оқу-әдістемелік базамен қамтамасыз ету бойынша қарқынды іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Арнаулы пәндер бойынша академия курсанттары мен тыңдаушыларына терең, жан-жақты білім беруді жетілдіру және оларды практикалық тұрғыдан барынша шыңдау  мақсатында шекара  аймақтарында  ұзақ жылдар қызмет атқарып, шекара күзетудің жай-жапсарын жақсы білетін, тәжірибе жинақтаған мамандарды іске тарту ұйымдастырылған. Академияның оқу үдерісін ұйымдастыруда болашақ шекарашы офицерді теориялық білім берумен қатар практикалық тұрғыдан да әбден қалыптастыруға ерекше мән беріледі.

Осыған байланысты оқу орнында арнаулы далалық оқу-жаттығу орталығы құрылған. Осы орталықта курсанттар мен тыңдаушылар қазіргі заманғы әскери техниканың жаңа түрлерімен  танысып, олармен қалай жұмыс істеудің қыр-сырын меңгереді. Ақпараттық коммуникативтік технологиямен қамтамасыз етпейінше, білім берудің қазіргі жүйесін жаңғырту, жетілдіру мүмкін емес екендігі белгілі. Бұл ретте де ҰҚК Шекара академиясының  оқу-әдістемелік базасы  компьютерлік сыныптармен, ақпараттық технологияның жаңа қондырғыларымен жабдықталғанын атап өткен орынды. 

Академия курсанттары мен тыңдаушылары Қазақстан тарихы, әлеуметтану, философия, әскери психология және басқа да  пәндер бойынша арнаулы курстардан өтеді, бұл салаларда да өз ісінің шебер мамандары – белгілі ғалымдар жұмыс істейді. Оқу үдерісінің бір тармағы тілдерді үйретуге қарай бағытталған,  курсанттар мен тыңдаушылар қазақ, орыс тілдерін тереңдете оқиды, ағылшын, қытай тілдері бойынша да жақсы білім алуға мүмкіндік жасалған. Сонымен қатар арнаулы және гуманитарлық пәндер бойынша дәрістер оқу, семинарлар мен практикалық сабақтардың елеулі бөлігі қазақ тілінде жүргізіледі.

Академияда білім берудің басты мақсаттарының бірі – жастарды патриотизмге, өз ісіне жауапкершілікпен қарауға, Отанды қорғау мен күзету ісіне шын берілгендікке тәрбиелеу, әрбір курсанттың жеке тұлға ретіндегі, болашақ офицер үшін қажетті адамгершілік қасиет-сапаларын қалыптастыру. Осы аса маңызды бағытты жүзеге асыру үшін барлық пәндер бойынша сабақтарда тәрбие ісі ұштастырыла жүргізіледі, әрбір сабақтың тақырыбы мен мазмұны тәрбиелеу бағытымен үндесіп жатады. Сонымен қатар білім алушылардың бос уақытында ұйымдастырылатын сан түрлі тақырыптарға арналған тәрбие сабақтары, елге танымал қоғам, өнер, мәдениет қайраткерлерімен кездесулер, курсант үйірмелері тәрбие беру жұмысының нәтижелі болуына үлес қосып келеді.

Біздің курсанттар әдетте, спорт жағынан да шымыр келеді, курсанттардың көпшілігінің республикалық, шетелдік спорт жарыстарына қатысып, әрдайым жүлделі орындарды иеленіп қайтататыны – осының дәлелі. Қазіргі Шекара академиясы Алматының әсем жеріне, Медеу шатқалына қарай Достық даңғылының бойына орналасқан. Көк шыршалармен көмкерілген кішігірім қалашықтағы еңселі ғимараттар, саппен жүретін алаңдар, жаңа технологиямен жабдықталған заманауи құрылғылар үлкен спорт залдары оқытушылар мен курсанттардың мақтанышы. Бүгінде еліміздің мемлекеттік рәміздерінен еш кем соқпайтын Мемлекеттік шекарамыз барлық ендіктері бойынша толықтай күзетіліп келеді.

Шекарашылар қызметінде атаның ізін баласы жалғастыратын әдемі дәстүр қалыптасқан. Қазіргі курсанттардың дені әкесінің, атасының жолын қуып, қасиетті туған жердің шекарасын күзету мамандығын жүрегімен қалап келгендер. Сөз соңында әскери оқу орындарына, оның ішінде Шекара қызметі академиясына оқуға түсудің де оңай емес екендігін атап кеткен жөн болар еді. Мектеп қабырғасынан шыққан балаң жасөспірім құжаттарын тапсырғаннан кейін дереу әскери маманның қарамағына көшеді, одан әрі дене шымырлығын, жан-дүниесінің бекемдігін тексеретін қиын тапсырмалар, жауапты емтихандар күтіп тұрады. 

Дегенмен сәнді көлікті, соңғы модельді машинаны немесе аса қуатты компьютерлік қондырғыны алуды арман ететін жастардан басқа әскери қызмет өтеудің қаншалықты қиын екендігін сезіне және біле отырып, көптеген жоғары оқу орындарының арасынан әскери білім беру жүйесін таңдайтын жастар шоғыры аз емес. Бұл аға буын өкілдерін қуантады, ел қауіпсіздігін сақтау мен күзетуді қолына тапсыратын ұрпақтың бар екендігіне зор сенім ұялатады.

Жанат ЖАБЫРБЕКОВ,
ҚР ҰҚК Шекара академиясының
баспасөз хатшысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий