Болашаққа барар жолымызды бағамдайтын – мектеп пен білім

Ұстаздың білімі ойлана қарасаң биіктей береді, үңіліп қарасаң тереңдей береді, қол созсаң қарсы алдыңда, айналсаң артыңда тұрғандай, – дейді әлемдік деңгейдегі ойшыл ғұлама Сократ. Мектепті білім айдынындағы үлкен кемеге теңегім келеді. Осы кемеде бала он бір жыл уақытын өткізеді. Бұл кемеде небір дарынды тұлғалар да, әлемді бас идірген ағаларымыз да, сіз де, біз де отырдық. Қазіргі уақыт талабына сай білім жүйесінде елеулі өзгерістер орын алып, білім беру мазмұны жаңарып, ілгерілеп келеді. Осының бір дәлелі ол халықаралық талаптарға сай, яғни білім берудегі озық технологиялар мен соңғы инновацияларды ықпалдастыра алатын мектептер желісі.

Біз алға, болашаққа қарыштап келеміз. Күш-қуаты кемел жас мемлекетіміз өрлеу үстінде. Қазір мектеп пен білім дамудың айрықша қазақстандық үлгісі қалыптасты деуге толық негіз бар. Білім – жанды ағза. Мұғалім – сол ағзаны қалыптастыратын, нақты белгіленген өлшемдерге сәйкес оның әр элементінің толық дамуын қамтамасыз ететін және сенімді өмір сүруіне кепілдік беретін базалық матрица. Мектеп – үйрететін орта, оның жүрегі – мұғалім. Ізденімпаз мұғалімнің шығармашылығындағы ерекше тұс – оның сабақты түрлендіріп, тұлғаның жүрегіне жол таба білуі.

Ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арындай таза ұстау – әр мұғалімнің борышы. Ол өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам. Өзгермелі қоғамдағы жаңа формация мұғалімі – педагогикалық құралдардың барлығын меңгерген, тұрақты өзін-өзі жетілдіруге талпынған, рухани дамыған, толысқан шығармашыл тұлға құзыреті. Жаңа формация мұғалімі табысы, біліктері арқылы қалыптасады, дамиды. Нарық жағдайындағы мұғалімге қойылатын талаптар: бәсекеге қабілеттілігі, білім беру сапасының жоғары болуы, кәсіби шеберлігі, әдістемелік жұмыстағы шеберлігі.

Бүгінгі күннің және жалпы қазіргі білім жүйесінің басты мақсаты бәсекеге қабілетті, яғни халықаралық аренада өзін еркін ұстай алатын зияткер ұрпақты тәрбиелеу, әр баланың бойындағы табиғат берген ерекше қабілетін, дарындылығын танып, біліп оны заманына қарай икемдеп жетілдіру болып табылады. «Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей, осындай баланың бойындағы дарындылық қасиетін дамытуда әрине көбіне ұстаздың атқаратын рөлі өте зор. Жоғарыда айтылған мұғалімдер алдына қойылатын жоғары талаптар әр ұстазды өз тәжірибесіне өзгеше қарауға мәжбүрлейді. 

«Жалғыз сүйеніш, жалғыз үміт – оқуда. Теңдікке жетсек те, жұрттығымызды сақтасақ та, дүниедегі сыбағалы орнымызды алсақ та, бір ғана оқудың арқасында аламыз. Жақсылыққа бастайтын жарқын жұлдыз – оқу. Надан жұрттың күні – қараң, келешегі — тұман» – деп Міржақып Дулатов айтқандай, қазіргі дәуір – ғылым ғасыры. Мақсатты білім беру – тұлға дамуын жүзеге асыратын мәселе. Ал осы жалпыеуропалық стандартқа сай жаңа білім беру – жеке тұлғаның жан-жақты дамуына әкелетін бірден-бір жол деп білеміз.

Осы айтылғандарды жинақтай келіп, жаңа формация мұғалімі- рефлекцияға қабілетті, өзін-өзі жүзеге асыруға талпынған әдіснамалық, зерттеушілік, дидактикалық – әдістемелік, әлеуметтік тұлғалы, коммуникативтілік, ақпараттық және тағы басқа құдыреттіліктердің жоғары деңгейімен сипатталатын рухани- адамгершілікті, азаматтық жауапты, белсенді, сауатты, шығармашыл тұлға. Нәтижеге бағытталған білім моделі мен басқарудың жаңа парадигмасы аясында жекелеген ұғымдар мен нормаларды және тиімді педагогикалық технологияларды меңгеру үшін педагогтердің кәсіби мәдениетін дамытуға бағытталған оқу қажеттіліктері туындалып отыр. 

Қорыта айтқанда, еліміздің ертеңі бәсекеге қабілетті білім иелерінің қолында. Сондықтан да мектеп педагогтері өскелең ұрпаққа жан-жақты терең білім беру, үш тұғырлы тілді меңгерту, ұлттық құндылықтарымызды бағалауға және салт-дәстүрлерімізді құрметтеуге тәрбиелеу міндеттерін өздерінің абыройлы парызы деп түсініп, парыз биігінен көріну үшін қажымай еңбек етуді мақсат тұтуда.

«Егіншінің еңбегі жинап алған өнімінен көрінсе, мұғалім еңбегінің нәтижесі оқушының білім деңгейімен өлшенеді», – деп ұлы педагог Ы.Алтынсарин айтқандай, мұғалім еңбегінің жемісі – шәкірттерінің қол жеткен табыстары болып табылады. Табыс бір жағы ұстаздар үшін мәртебе болса, бір жағы – жүктелген өте үлкен жауапкершілік.

Балмұрат УТЕУЛИН,
№ 49 орта мектебі директорының
міндетін атқарушы, Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий