Мектеп менеджментіндегі жігерлендіру

Еліміздің қазіргі тұрақты дамуы жағдайында кез келген саланың басқару жүйесін жаңаша қалыптастыру-заман талабы. Талап үрдісіне сай білім беру мекемелеріндегі басқару менеджментіне де зор көңіл бөлініп, бұл мәселе бойынша білім жетілдіру, оқып-үйрену, оң іс-тәжірибелерді оқу-тәрбие үрдісіне енгізу үздіксіз даму үстінде. Мектептің табысты қызмет етуі басқару менеджментіне тікелей байланысты болғандықтан, тиімді басқару мен ұтымды ұйымдастыруды, жоспарлауды, жігерлендіруді, бақылауды жақсы жүргізе білу керек.

Мұның бәрі мектептің  бәсекелестік қабілетінің артуына, сапалы білім мен саналы тәрбие беруге қол жеткізуіне, ішкі және сыртқы ортамен дұрыс қарым-қатынас жүргізуіне, ұжым мүшелерін еңбекке жігерлендіруге, оқытудың жаңа технологияларын қолдануға, заман ағымына байланысты жедел, тиімді шешімдер қабылдауына және ең бастысы – бала үшін жайлы және қауіпсіз орта қалыптастыруына мүмкіндік береді.  Сонымен қатар осы шаралардың барлығын белгілі бір жүйеге келтіріп, бақылау жасауға ықпал етеді. Осы орайда, өзім жетекшілік ететін білім мекемесінде басқару менеджментін дұрыс ұйымдастыруды басты мәселе ретінде қарап, жүйелі түрде зерттеу жүргізіп келемін.

Менеджментті дұрыс жүргізу үшін оның  тарихын білу менеджердің кәсіби білімі мен басқару ойының дағдыларын қалыптастыруда үлкен рөл атқаратындықтан, оны оқып-үйренуді  әкімшілік болып қолға алдық. Әр аптаның сейсенбі күні бұл мәселе төңірегінде әкімшілік мүшелері  бірлесе оқимыз, талқылаймыз және ол ісіміз нәтижесіз емес-басқару ісіміз толық ашықтыққа көшіп, жылдан жылға жақсарып келеді. Мектебіміздің стратегиялық даму жоспарын, жылдық жоспарымызды талқылау ашықтық принципімен, барлық қызметкердің және қамқоршылық кеңесінің белсене қатысуымен жүзеге асырылады. Әр қызметкердің талап-тілектері мен сұраныстарын ескеру мақсатында тұрақты түрде сауалнамалар жүргізіледі.  «Сенім жәшігі», «Педагогикалық идеялар тақтасы»,  «Мұғалім үні», «Оқушы үні» бұрыштары жұмыс істейді.

Мектеп менеджментінің механизмдері мен қызмет түрлері сан алуан. Дегенмен, еңбек тиімділігіне әсер етудің басты тетігі ретінде менеджменттегі жігерлендіруге ерекше мән беру қажет. Өйткені ол – мектеп миссиясы мен пайымы бойынша алға қойылған мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған қызметке ұжым мүшелерін ынталандыру үрдісі болып табылады. Бұл ретте жан басына шаққандағы қаржыландыру негізінде арнайы бөлінетін ынталандыру сыйақысын және үнемделген қаржы есебінен сыйақы беруді, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің, қала, аудан әкімдері мен білім басқармасының, мектеп басшысының алғыс хаттары мен марапаттауларына ұсынуды, кәсіподақ ұйымы тарапынан демалыс орындарына жолдамалар беруді және тағы басқа ынталандыру түрлерін қарастырамыз.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!» деген дана сөз бар халқымызда. Оқытушылық шеберліктерін тұрақты түрде жетілдіріп, шәкірттеріне сапалы білім мен саналы тәрбие беруде аянбай еңбек етіп, жетістіктерге  қол жеткізіп жүрген мұғалімдеріміздің еңбегі қандай марапатқа болса да әбден лайықты! Кәсіби біліктіліктерін көтеру кезінде мұғалімдердің портфолиосы үшін аса қажетті болып табылатын марапаттауларға ұсыну-жігерлендірудің жақсы құралы екені даусыз. Сондықтан ұстаздардың еңбегін әділетті түрде бағалап, елеп-ескеріп, дер кезінде ынталандырып, жігерлендіріп отыру-басшының тікелей міндеті. Сонда ұжым жұмысы алға басып,  білім алушылар үшін жағымды орта қалыптасатыны сөзсіз.

Роза БОЛАТАЕВА,
Райымбек батыр атындағы №50
“Қазғарыш” мектеп-лицейінің
директоры, Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий