Жаңа кабинет ұстаз есімімен аталады

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бірегей бастамаларының бірі «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» мақаласында айтылған «Туған жер» жобасы  аясында біздің білім ордасында Нұра ауданынының Құрметті азаматы, Қазақ ССР ағарту ісінің үздігі, ҚазССР-ның еңбек сіңірген мұғалімі Усабаева Нұрғайша атындағы орыс тілі және әдебиеті кабинеті ашылды.

Жаңадан ашылған кабинет қазіргі заман талабына сай жабдықталған. Кабинет төрінен орыс тілі мен әдебиеті пәніне  байланысты қабырға стендтері орын алды. Абай мен Пушкиннің қанатты, нақыл сөздері, орыс жазушыларының  шығармалары мен құнды кітаптары сөреге қойылды. Аудандық білім бөлімінің әдіскері С.Блялова жиналған көпшілікті орыс тілі кабинетінің ашылуымен бөлім басшысы атынан құттықтады.

Салтанатты жиында сөз алған мектеп директоры К.Жанкуатова жеке қаражаттарына пән кабинетін ашып, жеткіншектердің терең білім алуларына игілікті де жанашырлық іс көрсетіп отырған, ана ізін жалғастырушы бүгінгі тәуелсіз еліміздің жас буын ұрпақтарының жанашыры, тәрбие ісінің меңгерушісі Б. Усабаеваға, ұлағатты ұстаздың отбасына, балаларына, туған-туыстарына  және немересі Рустем Нұрланұлына ұжым атынан зор ризашылықтарын білдірді.

Ел игілігі үшін бүкіл ғұмырын ұстаздыққа арнаған Нұрғайша Жағанқызының қоғамдағы, аудан тарихындағы өнегелі өмір жолының маңызы зор.  Сексен жасында дүниеден өткен Абзал жан, ұлағатты ұстаздың есімі әріптестерінің, шәкірттерінің естерінде мәңгі сақталатын болады. Жаңа кабинеттің лентасы қиылып, құттықтау сөзі айтылғаннан кейін, «Абай и Пушкин: созвучие муз» тақырыбында әдеби кеш өтті. Жас оқырмандар екі ғұлама ақынның махаббат, табиғат, өмірдің мәні туралы сүйікті шығармаларын мәнерлеп жатқа оқыған болатын.

Абайдың «Көзімнің қарасын» орындап, А.С.Пушкиннің «Я помню  чудное мгновенье…» өлеңдерің тыңдады.  Оқушылар  қазақ және орыс  ауыз әдебиетінің, көркем сөзінің асыл маржандарын теріп айтып, тыңдай алды. Тек қана  қатысушылар емес, көрермендердің де көңілінен шыққан іс-шарада оқушыларымыз  өз мақсаттарына жете алды. Бұл кабинет оқушылардың шығармашылық, ақындық қабілеттері мен ғылыми жобалар жазуға үлкен септігін тигізіп, таланттар мектебін тәрбиелейтін бірегей орталық болатыны  сөзсіз.

Жасұлан АЗАМАТҰЛЫ,
Мағжан Жұмабаев атындағы жалпы
білім беретін мектептің мұғалімі,
Қарағанды облысының Нұра ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий