Оқырман ойы: Айшықты апталық – айнамыз

Жаңа дәуір – ғаламтор ғасыры болса да, көзі ашық, көзі қарақты оқырман үшін БАҚ-тың, соның ішінде газет-журналдардың алатын орны ерекше. Әсіресе, ұстаздардың өз пәнін жетік білуі, оқушылардың бойында командада жұмыс істей білу, технологияларды қолдану, басқа адамдардың пікірімен санаса отырып, ынтымақтастық құру сияқты болашақ маман болуға қажетті дағдыларды дамытуға мүмкіндік беретін педагогикалық қабілеті кәсібіне қатысты газет-журналдар арқылы артатыны сөзсіз.

Осы орайда  ұстаздар қауымының сүйіп оқитын  республикалық «Білімді  ел – Образованная страна» газетінің алар орны ерекше дер едім. Өз білімін басқа да әріптестерінің тәжірибесі арқылы толықтырып, заманауи әдістер мен тәсілдерді меңгеріп, жаңа формациядағы  ұстаз болу үшін, әлбетте, «Білімді ел – Образованная страна» газетін оқу аса маңызды. Әрбір мемлекеттің өсіп-өркендеуінің, бәсекеге қабілетті болуының ең басты ошағы – ұстаз берген білім.

Сондықтан да дамудың көкжиегінен көрінгісі келетін кез келген педагог өз білімін көтеріп, сапалы еңбек етемін десе, үнемі газет-журналдар оқуы  керек деп ойлаймын. Қазақстан Республикасының жоғары педагогикалық білім беру тұжырымдамасында  «Жаңа формация мұғалімі кәсіби дағды мен педагогикалық дарыны қалыптасқан, жаңалыққа құмар, рухани дүниесі бай, шығармашылықпен жұмыс істейтін жеке тұлға» екендігі көрсетілген. Ендеше, заманауи жаңашыл мұғалімдер қатарынан табылу үшін аталмыш газеттің берері көп болмақ.

Мен еңбек ететін мектеп-лицей ұстаздары үнемі білімдерін шыңдап, өздерінің «Даму» жоспарына сай ізденісте жүреді. Олардың әрқайсысының қолынан «Білімді елді – Образованная страна» газетін көруге болады. Газеттің әрбір санын асыға күтетін әріптестерім ондағы жарық көрген мақалаларды қызыға оқып, жаңашыл білім беру ұйымдарының, ұстаздардың іс-тәжірибесінен өз қоржындарын толықтыруда. Осы орайда ұлт көсемі Әлихан Бөкейханұлының газетке қатысты айтқан төрт қағидасы еске түсіп отыр.

Алаш көсемі: газет – халықтың көзі, құлағы, тілі; газет – жұртқа қызмет ететін нәрсе; газет – халыққа білім таратушы; газет – халықтың жоқтаушысы, – деген болатын. Егер анықтап зер салсақ, бұл қағидалар әлі де өз маңыздылығын жойған жоқ. Сондықтан кәсіби тұрғыда жетілемін, оқушыларымды мектепте ғана емес, өмірде де табысты болуға ықпал жасаймын деген әр ұстаз сүйікті «Білімді ел – Образованная страна» газетінен қол үзбесі анық. Себебі «Білімді ел – Образованная  страна» – мұғалімдердің жолбасшысы, шамшырағы.

Ақерке НҰРҚАМБАЕВА,
Қалалық қазақ мектеп лицейі
директорының тәрбие ісі жөніндегі
орынбасары, Шығыс Қазақстан
облысының Аягөз ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий