Ұлттық мектеп – тәрбиенің қайнар көзі
Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза һәм берік, өз жанымызға /қазақ жанына үйлесетін негізде құра білсек, келешігіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады, – дейді қазақтың көрнекті ағартушы ақыны Мағжан Жұмабаев. Қандай халық болса да өзiнiң өткенiн, қайталанбас тарихын, салт-дәстүрiн көзiнiң қарашығындай сақтап, қастерлеп, ұрпақтан-ұрпаққа өсиет етедi. Рухани дүние дегенде бiрiншi кезекте әдебиет пен мәдениетiмiз ойға оралады. Атадан балаға мұра болған дүниелердi бiлу өткендi айқын, болашақты жарық ететiнi ақиқат.
Осы орайда, қазақтың ұлы даналары Абай, Шәкәрім мен Мұхтар сынды ұлы тұлғалар дүниеге келген қасиетті өлкенің тумасы болғандықтан, қазақ тілі мен әдебиеттің қыр-сырын тереңінен ұғып, сөз өнерінің қадірін түсінетін ұстаз ретінде ұлттық рухани байлығымызды білім ордасында насихаттауды басты назарға алып келемін. Менің пайымдауымша, рухани жаңғыру адамдардың iшкi жан дүниесiнiң жаңартудан бастау алуы қажет. Бұл дегеніміз, бұрынғы дүниелерiмiзден бас тарту емес, оны осы заманға сәйкестендiрiп пайдалану.
Сондықтан да еңбек жолымда басқарып отырған білім ошақтарындағы жаңашылдықты ұлттық мүдде, ұлттық құндылық негізінде білім мен тәрбие сабақтастастығын қамти отырып жүзеге асыруды мақсат етемін. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында бүгiнгi әлемнiң өзгергенiн, заман дидары басқаша екенiн атап өткен. Дүние жүзiнде өрiс алған мұндай өзгерiстерден бiздiң мектебімізде де құр алақан емес.
Білім алушылардың отбасылық құндылықтарға деген дұрыс пайымын қалыптастыру және бәсекеге қабілетті біліммен қаруландыру – білім ордасының басты миссиясы. Бүгінгі таңда №51 мектеп-гимназиясында отбасылық құндылықтар мен ұлттық тәрбиеге бағытталған «Өркендеу» жобасы бойынша бес жыл жұмыс жасап келеміз.
Жоба аясында Нұр-Сұлтан қаласының №51, 56, 79, 40, 67, 68, 52, 54, 64 мектептерінде құрылған «Ата мектебі», «Әже мектебі, «Әке мектебі», «Ана мектебі», «Аға мектебі» және «Жеңге мектебі» ұлттық тәрбие мектептерінің тәжірибелері мектепішілік, қалалық және республикалық деңгейде таратылды. Атап айтсақ, Қазақстан ұлттық телеарнасы арқылы «Ұлы бабалардан тағылым» атты тарихи қойылым, «Ақылды ене – инабатты келін» сайысы, «Ұлттық ойындар» қойылымы көрсетілді.
Былтырғы оқу жылында «Ұлы ғұлама Әбу Насыр Әл-Фараби – 1150 жыл» атты қойылым, 2020 жылдың 27 мамырында «Ұл тәрбиесі – ұлт болашағы» атты қалалық семинары, «Өркендеу жобасының арқауы – ұлттық код», «Ұлттық тәрбие – отбасы құндылығы», «Әке шаңырақ тірегі», «Қыз – ұлт болашағы» тақырыптарында республикалық семинарлар өткізілді. Аталмыш жоба негізінде «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы да жұмылдырылып, «қыздар сағаты», «ұлдар сағатын» өткізу дәстүрге айналған.
Мектебімізде осындай ұлттық тәрбие мектептері негізінде мемлекеттік стратегиялар мен бағдарламалардағы ұлттық идеяларды жүзеге асырып, насихаттау үздіксіз процеске айналуда. Ұлттық тәрбие бағытында ұйымдастырылған отбасылық дәстүрлерді насихаттайтын ауқымды шаралар «Ата-ана – мектеп – оқушы» «педагогикалық үштік одақ» ынтымақтастығын нығайтып, «Өркендеу» жобасының өміршеңдігін дәлелдеп отыр. Жоба шеңберіндегі «ұлттық тұтастық» пен «ұлттық рухқа» негізделген тәрбие жұмысы ұлттық мектеп құрудың қайнар көзі болмақ…
Данара ЖОМАРТОВА,
№51 мектеп- гимназияcының
директоры, Нұр-Сұлтан қаласы