Алға бір адым жасаудың маңызы

“Командалық жұмыс – ортақ ұстаным тұрғысынан бірлесіп жұмыс істеу қабілеті, жеке жетістіктерді ұйым мақсатына бағыттай алу қабілеті. Бұл қарапайым адамдарға күтпеген нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік беретін жанармай”, -дейді Генри Форд. Алға тағы  да бір адым… Кешегі қашықтан оқытуда түрлі кедергілер болса да, оған уақытша қиындық деп қарап, мектеп ұжымы жұмысын тоқтатпады. Керісінше шыңдалып, қомдана берді. Тұлғаға бағытталған жұмыс, білім сапасы, мемлекеттік емтихан, шығармашылық деңгей, үйрену, үйрету істері алға қойылып, ұжымдық әрекеттер басты назарда болды. Білім мерекесімен басталған алғашқы сабақ, мектеп ауласындағы мәре-сәре шу мектеп өміріне жан бітіргендей.

Жаңа оқу жылындағы жоспарлар, соны міндеттер, өзгеріс-жаңалықтар – барлығы оқушының тұлғалық дамуына, мұғалімнің кәсіби өсуіне бағытталған. Биылғы өзгерістің бірі жаңа оқу жылынан бастап жағажай волейболы іске қосылды. Волейболға дене шынықтыру пәні мұғалімдері Қалдыбаев Жолдыбай, Қалдыбаев Бейбіт, Тангатаров Ұзақберген және Туляев Нұрболат жетекшілік етті. Алғашқы жетістіктер де қоржынға түсе бастады.

Атап айтар болсақ: Алматы қаласы ҚР Чемпионаты І тур ойындарында Осман Дәулет және Нұрқылыш Ернұр жүлделі ІІ орын; Ақтау қаласы ҚР Чемпионаты ІІ тур ойындарында Осман Дәулет және Нұрқылыш Ернұр жүлделі ІІ орын; ШҚО Бухтарма қаласы ҚР Чемпионатында Осман Дәулет және Нұрқылыш Ернұр жүлделі ІІ орын; ШҚО Бухтарма қаласы «Кубок ойындары» Осман Дәулет және Нұрқылыш Ернұр жүлделі ІІ орын; ШҚО Бухтарма қаласы ҚР «Кубок ойындарында» Джумашев Данияр және Дабысов Бақытжан жүлделі ІІІ орын иеленді.

Оқушы қызығушылығын қанағаттандыру, оның жемісін көру – мұғалімнің кәсіби өсуінің кепілі емес пе? Ұстаздар мерекесі қарсаңында мектебіміздің физика пәні мұғалімі Әбілова Қанапия Дүйсекеқызы бірнеше жылғы еңбек нәтижесінің қорытындысы бойынша «Маңғыстау облысының білім беру саласына қосқан үлесі үшін «Орта білім беру ұйымдарындағы үздік полиглот мұғалім» номинациясын жеңіп алды. Шыңдалу, шынығу, нәтижелі жұмыс көрсеткіші, кәсіби даму – осы емес пе?

Өз тарихын терең ұғынып, ұлттық құндылықтарын шын бағалай білетін халықтың ғана болашағы мәңгі болмақ. Бүгінгі жаһандану дәуірінде кез-келген ұлтты сақтап қалатын дүниелер – сол ұлттың төл тарихы, мектебі, мәдениеті, тілі. Адал ұрпақты тәрбиелеуде ұстаздарымыздың еңбегі ұшан-теңіз. Оның бір дәлелі жақын арада өткен «Адалдық алаңы» тақырыбындағы облыстық слет жұмысын атап өтуге болады. Слеттің негізгі мақсаты – жалпы білім беретін мектептерде рухани адамгершілік және азаматтық патриоттық тәрбиелеу контекстінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті мектеп ордасында қалыптастыру бағдарламасына сәйкес «Адал ұрпақ» ерікті мектеп ұйымының жұмысын көрсету еді.

Міндеттерді жүзеге асыру негізінде слетта «Адалдық – адамдықтың белгісі» ерікті мектеп ұйымының жұмысы, «Адал және сатылмайтын еңбек бейнесі» оқушылар шығармашылығы галереясы, «Қазақстан жастарының мектеп алдындағы моральдік міндеттемелері» дебат, «Үйірме жұмысын ұйымдастыру түрлері» көрсетілім, «Адал ұрпақ – мәңгілік елдің кепілі» құндылықтарға бағытталған сыныптар тартуы көрсетілді.

«Адалдық – адамдықтың белгісі» бөлімінде рухани  адамгершілік  және азаматтық  патриоттық  тәрбиелеу контекстінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті мектеп ордасында қалыптастыру бағдарламасына сәйкес «Адал ұрпақ» ерікті мектеп ұйымының жұмысы таныстырылды. «Адал ұрпақ» ерікті мектеп ұйымында 40 оқушы (7 – 11 сынып)  бар. Сонымен қатар оқушылар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы жоғары сана мен мәдениетті дамыту, ішкі парасаттылыққа, адалдыққа  тәрбиелеу және бір-бірімізге деген сенімді қалыптастыру мақсатында ашылған «Адалдық дүкені» таныстырылды.

«Адал және сатылмайтын еңбек бейнесі» оқушылар шығармашылығы галереясында ұйым жоспарына сай  оқушыларды азаматтылыққа, отаншылдыққа, сыбайлас жемқорлыққа төзбеу мәдениетін, өмірге жасампаздықпен қарауға бағытталған іс-шаралар барысында салынған суреттер таныстырылды. Оқушылар салынған әрбір суреттің мағынасын тереңінен аша білді. «Қазақстан жастарының мектеп алдындағы моральдік міндеттемелері» тақырыбында оқушылардың өз ойы мен пікірін қалыптыстыру, шығармашылықпен жұмыс жасай алатын, қабілетті де құзыретті тұлғаны тәрбиелеу және сыни ойлау қабілетін дамыту мақсатында дебат ұйымдастырылды.

Дебат америкалық парламенттік форматта өтті. Америкалық парламенттік формат – бұл парламенттік тұрпаттағы дәйектердің, тапқырлықтың және риторикалық қасиеттердің сайысы. Әрқайсысы екі ойыншыдан тұратын екі команда – Үкімет пен Оппозиция қаралуға ұсынылған қарарды талқылады. Дебаттың резолюциясы «Қазақстан жастарының мемлекет алдындағы моральдік міндеттемелері». Дебат барысында оқушылар бір-біріне сұрақтар қойып, өз ойларын ашық білдірді.

Қазақстан жастарының мемлекет алдындағы моральдық міндеттемелері туралы білімдерін әрі қарай тереңдетуге септігін тигізді. «Үйірме жұмысын ұйымдастыру түрлері» көрсетілімінде мектеп қабырғасында жүргізілетін түрлі спорттық секциялардың шеберлік сыныптары ұсынылды. Шәкірт жүрегінде ұлттық құндылықты ұялату негізінде мектебімізде бірнеше жоба қолға алынған еді. «Шоқантану» клубы; «Ыбырайтану» клубы; «Абайтану» клубы; «Әбіштану» клубы; «Құндылықтар әлемі» клубы; «Еріктілер» клубы.

«Адал ұрпақ – мәңгілік елдің кепілі» бөлімінде осы құндылықтарға бағытталған сыныптардың «Мен қазақпын» әні ұжымдық топта шырқалып, жас өрендердің рухы жоғары, талабы биік, жұдырықтай жүрегінде еліне деген зор құрмет сыйып кетіп тұрғаны байқалды. Елім, жерім деп соққан жүректерінен шыққан ән кез келген адамды жайбарақат қылдырмасы анық еді. Үлкен жоба аясында 18 сынып, яғни 450 оқушы және  6 жетекші, 18 модератор, 18 сынып жетекші жұмыс жасауда. Былтырғы оқу жылын аяқтап, екінші кезеңі іске асуда. Болашағы айқын бұл жоба құрамы жылдан жылға артып келеді.

Слетқа Маңғыстау аймақтық нотариалдық округі Мұнайлы ауданының нотариусы,  Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жанындағы (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) ақпараттық-ағартушылық штабының мүшесі Бимембетова Гулфайрус Асанқызы және Мұнайлы ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы Батырбек Демократұлы қатысты. Слетқа барлығы 429 оқушы қамтылды. Мақсаты айқын, өзіндік сара жолы бар бұл ұжымның алар асулары алда деген ойдамыз. Бастысы болашақты тәрбиелеуде адаспайтыны анық.

Диана Елеуовна РАШИТОВА,
Шоғы Мұңалұлы атындағы №5 жалпы

білім беретін мектептің  қазақ тілі мен
әдебиеті пәні мұғалімі, Маңғыстау облысының
Мұнайлы ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий