Оқырман ойы: Жақсы жаңалықтың жаршысы
Бүгінгі қоғам адамзат ақыл-ой еңбегінің жемісі болған ақпараттандырудың шырқау шегіне жеткен кезеңі екені белгілі. Жылдам ақпарат жеткізудің сенімді құралы, санаулы секундтарда әлемді құлағдар ететін ғаламтор желілерін пайдаланбайтын адам кемде-кем болса керек. Дегенмен, бүгінгі қоғамды ғаламтор дерті қанша шырмауға ұмтылса да, көзі қарақты оқырман үшін газет-журналдардың орны бөлек. Өйткені газет – жақсы жаңалық жаршысы, елдің рухани азық алатын құнды дүниесі екені даусыз. Халқымыздың қашанда өнер-білімге, мәдени мұраға деген құштарлығын ескерсек, жанына рухани нәр себетін газет-журналға деген ықыласының зор екені анық.
Өткен ғасырдың алғашқы онжылдығынан бастау алған бұл саланың қазіргі таңда да ел игілігі жолында қызмет етіп келе жатқаны көз қуантады. Осы орайда, бүгінгі қоғамды еліміздегі білім саласындағы ақпараттардан хабардар етіп келе жатқан «Білімді ел – Образованная страна» республикалық газетінің орны ерекше. 2014 жылы негізі қаланған газеттің осы уақыт аралығында көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар үшін атқарған еңбегі ұшан теңіз. Білім саласында болып жатқан түрлі реформаларды, мемлекетіміз болашағы болған жас ұрпақтың алаңсыз білім алуы жолында жасалған игі қадамдарды зерделеп, талдап, оқырманға ұсынатын басылымның қолдан-қолға тимей оқылатыны рас.
Апталық журналистерінің маңызды мақалаларды таңдап, талғап, саралап барып жариялауы – ұжымның сапалы жұмысының жемісі. Білімнен бастау алған озық өркениеттің жаңару, жаңғыру жолындағы жетістіктерін мақтанышпен тілге тиек ететін, жағымды жаңалықты зиялы қауыммен бөлісуге асығатын ұжымның мақсаты – сапалы дүниенің халық игілігіне қызмет етуін қамтамасыз ету. Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынов: “Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр секілді”, – деп өз заманында әділ бағасын берген болатын.
Әрине, бұл пікірдің құндылығы жаһандану ғасыры болған ХХІ ғасырда да өз маңызын жойған жоқ. Дарқан дала төсін шарпыған тың ақпараттар легі халық санасына жарық сәуле шашып, болашақ бағыт-бағдарын айқындауға жол сілтеген шамшырақ іспетті болды. Тіпті баспа газетінің ақпараттық сайты да белсенді түрде қоғамның мәдени дамуына үлес қосуда.
Осындай игі істерге біздің ұйымшыл ұстаздар ұжымы да белсенді түрде атсалысып келеді. Газеттің тұрақты оқырманына айналған мұғалімдер жыл сайын шығатын ақпарат құралына өз мақалаларын жариялап, білім ордасындағы жақсы жаңалықтарымен бөлісіп отырады. Мәселен, жуырда ғана «Ұстаздар күніне» арналған қыркүйек айындағы санында «Үздік педагог-2020» байқауының жеңімпазы, география пәні мұғалімі Байназаров Қуаттың «Жауапкершіліктің жүгі жоғары» атты мақаласы жарық көрді.
Мақалада үздік ұстаз жетістікке жету жолындағы ізденістері мен ұстанымдары туралы ой бөліскен. Мұндай дәлелдерді тізбектеп жалғастыра беруге болады. Ойымды қорыта келе айтарым, республика аумағына кеңінен тарала бастаған танымал әоі беделді басылымның білімді, саналы азаматтар үшін берер тағылымды дүниесі көп дегім келеді. Халықты жақсылыққа, білім алуға, өнерлі болуға, еңбекқорлыққа жетелейтін мәнді де мағыналы мақалалар легі оқырманға толассыз жол тартып, көңілге қанат бітіретініне сенімдімін.
Гулнар Кадырбаевна МУХАММЕДОВА,
№3 жалпы білім беретін мектептің қазақ
тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, Маңғыстау
облысының Мұнайлы ауданы