Сабақ – оқытушының педагогикалық мәдениетінің айнасы

Сұрақ қойған адам бес минут қана ақымақ болса, Оны қоймаған адам өмір бойы ақымақ боп өтеді, – дейді қытай даналығы. «Ұстаздың биігі ойлана қарасаң биіктей береді, үңіле қарасаң, тереңдей береді, қол  созсаң қарсы алдыңда, айналсаң артыңда тұрғандай» – деп Сократ айтқандай,  Егеменді еліміздің алдыңғы қатарлы дамыған мемлекеттің қатарына қосылуға табандылықпен жылжу саясаты қоғамымыздың барлық саласында түбегейлі өзгерістер енгізіп, жаңа талаптар қойылып отыр.

Соның ішінде болашақ ұрпаққа әлемдік деңгейде білім беру мақсатына орай білім мазмұнына жаңаша қарау – басты міндеттердің бірі. Соңғы уақыттарда білім берудің жаңа жүйесінің жасалынуы, білім мазмұны мен әдіс-тәсілдерінің жаңаруы бәсекелестікке қабілеті мол, шығармашылық бағытта еңбектенетін, ой қабілетімен ерекшеленетін азаматты тәрбиелеуді көздейді. Сапалы білім – ел болашағын айқындайтын басты көрсеткіш болып табылады. Бүгін мектеп партасында отырған бүлдіршіндер ертең ел тағдырын шешетін азаматтар. Олардың сапалы білім алуын бүгін қамтамасыз ету –мұғалімнің басты міндеті.

«Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттерімен озады», -деп Абай атамыз айтқандай,  озық ойлы білімдар адамдар заманның, қоғамның дамуына, өзгеруіне үлесін қосып келеді. Осындай қоғамдық әлеуметтік мәдени өзгерістер, дамулар бүгінгі  мектептің оқыту процесіне әсер ететіні сөзсіз. Кез келген оқыту белгілі мөлшерде адамды дамытады. Оқитын пән қаншалықты жаңа, бағалы болса да, мұғалімнің шеберлігі қандай жоғары болсын, мұғалім мен оқушының өз белсенділігін туғыза алмаса, берген білім  күткен нәтиже бермейді.

Оқушының адам ретінде қалыптасуы белсенділік арқылы жүзеге асады. Бүгінгі таңда білім берудегі басты мақсаттың бірі – баланы оқыта отырып, ой еркіндігін, белсенділігін, ізденімпаздығын қалыптастыру, өз бетінше шешім қабылдауға дағдыландыру. Әйгілі зерттеуші Л.С.Выготскийдің «Дәстүрлі оқыту-бала дамуына тек қондырғы болып, дамуға стихиялы әсер етсе, яғни, «дамудың соңында жүрсе», жаңаша оқыту-«дамытуды өзімен бірге ала жүреді» –  деген болатын. Сондықтан тек дәстүрлі оқытумен шектеліп қалмай,  мұғалім әрқашан ізденісте болып, өзіне және шәкірттеріне білім беру барысында тиімді жақтарын қарастырып отыруы тиіс.

«Сабақ – оқытушының  педагогикалық мәдениетінің айнасы», -деп А.Сухомлинский айтқандай, әр мұғалім өз сабағының –көшбасшысы. Көшті қалай бастап алып жүрем десе де өз еркі. Ал көшті дұрыс бағыттай білу – ол шеберлігіне байланысты. Осы орайда алдымен «Сын тұрғысынан оқыту» технологиясын тереңірек білген дұрыс. RWCT бағдарламасы – ағылшын тілінен аударғанда «Сын тұрғысынан ойлау үшін оқу мен жазу» дегенді білдіреді. Бұл бағдарлама оқытудың 100 түрлі стратегияларынан: әдістерінен тұрады. Мақсаты – шығармашылық ойлауды, сын тұрғысынан ойлауды дамыту.

Сын тұрғысынан ойлауды дамыту бағдарламасы – әлемнің әр түкпірінен білім берушілердің бірлескен еңбегі. Тәжірибені жүйеге келтірген Джинни Л Стил, Куртис С Мередит, Чарльз Тэмпл. Жобаның негізі Ж.Пиаже, Л.С.Выготский теорияларын басшылыққа алады. Бағдарлама үш деңгейден тұрады. Оқыту мен үйретудің тәсілі: қызығушылығын ояту – жаңа сабақты түсіндіру кезіндегі үйрену процесі. Бұл бұрынғы білетін білім мен жаңа білімді ұштастырудан тұрады. Білім беру мен білім алудағы жаңа тәсілдер  арқылы оқытуда оқушылар бұрынғыдай тек тыңдап және көшіріп қана қоймай, белсенді әрекеттер атқарады. Ол белсенді әрекеттерге ойлау, оқу, сөйлеу, талқылау, жазу, пікірлесу, пікір таластыру жатады.

Білім беру мен білім алудағы жаңа тәсілдер  арқылы оқытуда білім дайын күйінде берілмейді, ол тек белсенді әрекеттер арқылы ғана игеріледі, оқушылар өзара қоян- қолтық қарым -қатынаста болып, онымен бірлесе әрекет жасау, диалог құру. Өзімізге  де сыни тұрғыдан ойлана  алуымыз керек. Сабақта оқушылардың тақырып бойынша өз ойларын білдіруі,  пікір алмасуы диалогпен жүзеге асады. Топтық әдісте оқушылардың бір- бірімен ақылдасуы, оны  топтан біреуінің шығып  айтуы, ал  болжау әдісін қолданғанда оқушылардың мәтінде не туралы жазылуы мүмкін екендігі туралы өз ойларын ашық айтады.

Мағынаны тану – жаңа сабақты бекіту процесі. Бұл кезеңде оқушы жаңа ақпаратпен танысады, тақырып бойынша  жұмыс жасайды, тапсырмалар орындайды. Сонымен қатар, олар идеяны жеткізіп қана қоймай, шешім табу үшін топқа сұрақ қояды және басқаларды сұраққа тартады. Әр топтан бір оқушы шығып, ұжым алдында мәтін мазмұнын қысқаша баяндап береді. Ой толғаныс – сабақты қорытындылау кезеңі. Осы кезеңде үйренуші не үйренгенін саралап, салмақтап, оны қандай жағдайда қалай қолдану керектігін үйренеді. Мысалы, бұл жерде балалар эссе жазады. Өз ойларын қағаз бетіне түсіріп, түйгендерін анықтайды.

Нәтижесінде, оқушылар ой – пікірін ашық, еркін айту, бір-бірінің сабақ барысында қателіктерін айту, жақсы қасиеттерін үйрену, сабақ-білім естерінде көп уақытқа сақталады, сабақ барысында өзі талдайды, бір-біріне талап, өтініш, тілектерін білдіре алады. Бұл технологияның тағы бір ерекшелігі – оқушыларды топтап оқыту. Топтап оқытудың пайдасы туралы Ибн  Сина Әбу Әли Хусейн Ибн Абдолла (Авиценна 980-1037) былай деген болатын: «Егер бала жалғыз оқып, сыныптастары жоқ болса, бұл оқытушы мен үйренушіге ортақ қынжылыс болмақ. Сондықтан ең жақсысы –  балалар оқу-тәрбие үрдісінде үлгілі мінезге бір-бірінен үйренетін ұжымдық оқытуды ұйымдастыру».

Балаларды ұжымдық оқытудың төмендегідей пайдасы бар (топтық жұмыс): оқушылар оқу және тәрбие үрдісінде ғылымға сусап тұрады. Өз білімдерін мақтан тұтып, досының білімін қызғанады. Намыс пен мақтаныш тәрбиеленушіні өзгелерден кейін қалмауға міндеттейді. Оқушылар кездескенде үнемі сөйлеседі, сонымен естерін және шешендігін дамытады. Егер балалардың біреуі жақсы сөз естісе және оны құрбыларына айтса, онда балалардың естері дамиды және өзін-өзі оқыту журеді.

Ұжымдық оқытудың келесі қоғамдық пайдасы оқушылар өзара достасады, бірін-бірі сыйлауға үйренеді, өзара дауласады, жарысады және құқықтар мен міндеттер туралы пікір айтысады. Топқа бөліп оқытқанда оқушылардың талпынысы артады, әр оқушы өзін жеке керекті тұлға ретінде сезінеді және өз үлесін қосуға талаптанады. Бір адамның айтқанынан гөрі бірнеше адамның айтқаны есінде тез жатталады. Модульдің тағы бір сатысы «Талантты және дарынды балаларды оқыту». Ізденуші мұғалім бала бойындағы туа біткен түрлі қасиеттерді дәл байқап, оның сапалық ерекшеліктеріне баға беріп, ары қарай өз бетінше дамыта түсуіне жағдай туғызуы керек, көмектесуі қажет.

Бұл үшін, әрине ұстаздың өзі де өзгеруі, яғни дәстүрлі оқытудың сүрлеуінен арылуы тиіс. Осылайша оқытудың жаңа мазмұнын жасауға бетбұрысты әрбір мұғалім өзінен бастағаны жөн. Мұғалім  шәкіртке білім, білік, дағды беріп қана қоймай, ақыл-ойы мен қабілетінің дамуына көңіл бөліп, «оқи алуға үйрету керек». Дарынды және талантты балаларды оқытуда мына қағидаларды есте ұстаған дұрыс. Баланың бойындағы құмарлығын, қызығушылығын жойып алмай, оның үнемі алға жылжуға деген табиғи талап-тілектерін, сұраныс пен мұқтаждарын ескеру, шығармашылығын жетілдіру.

Білімді өз бетінше іздену арқылы алуға қолайлы жағдай жасау. Өзін-өзі дамытатын тұлға қалыптастыру. Осы қағидаларды ұштастыратын болсақ қана оқушы өзінің дарынды екенін сезінеді. Бойындағы «мені» оянады. Басқалардан артық тапсырма алу оларды шабыттандыра түседі, бірақ әрдайым мұғалім баланы қанаттандыру үшін өзіне сенімін молайту  үшін бірге ізденісте болуы шарт. Түрлі жарыстарға қатыстырып, мақтау сөздер айтып ізденуде тоқтап қалмауға баулу керек. Алға ұмтылған баланы артқа тартпай, сабақ үстінде басқа тапсырмалар беріп, бала білімін шыңдаған дұрыс. Қосымша ақпаратты жинауды осындай дарынды оқушыларға берсе, олардың да, өзгенің де жиғаны көп болмақ.

«Нашар мұғалім ақиқатты өзі айтып береді, ал жақсы мұғалім оқушының өзін ізденуге жетелейді»-деп неміс педагогі А.Дистерверг айтып өткендей, бүгінгі күннің  мұғалімдері жақсы мұғалім атану үшін түрлі әдістерді пайдалану арқылы бала білімін ұштауы тиіс. Мұғалім оқытуға кіріспес бұрын оқушылардың мінездерін зерттеп, білімдерін тексеруі тиіс. Мұғалім әр баланың білім дәрежесі қаншалықты екенін саралап алғаннан кейін, оның алға жылжуына ықпал етуге міндетті.

Әр уақытта бала білімін алға қоюшы ұстаз үлкен көрсеткішке қол жеткізу жолында талмай талаптанып, шаршамай еңбектенеді. Сол кезде ғана еліміз көкке шарықтап, басқа елге елді танытады. Елді өсіретін де, елді төмен түсіретін де – білім. Сондықтан, қолда бар амалдарды тиімді пайдана білу сіз бен біздің үлесімізде, құрметті әріптестер!

Гулсара Карпыковна МЫРЗАТАЕВА,
“Өрлеу” БАҰО” АҚ филиалы Түркістан облысы

және Шымкент қаласы бойынша ПҚБАИ
Білім беру процесін психологиялық-педагогикалық
қолдау кафедрасының аға оқытушысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий