Қарағанды – НЗМ: Қасым Аманжолов шығармашылығына арналған облыстық байқау ұйымдастырылды

Қасым Аманжоловтың туғанына 110 жыл толуына орай Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ!» облыстық байқауын ұйымдастырды. Қасым Аманжолов шығармашылығын облыс көлемінде кеңінен насихаттап, мектеп оқушылары арасынан талантты, дарынды жасөспірімдерді анықтауға, олардың шығармашылық ізденісін жетілдіруге бағытталған байқауға облыстың 25 мектебінен екі жүзге жуық оқушы қатысты, – деп хабарлайды осы білім ордасының баспасөз қызметі.

Байқауға қатысушылар «Жаз көңіл жарқылдаған бұл бір шағым» (жас дарындылар), «Жас дәурен, қызығыңа тоя алмаспын» (жас әншілер), «Шықтым өмір шыңына» (жас суретшілер мен қолөнер шеберлері) номинациялары бойынша бақ сынасты. – Бұл байқауда қаламыздан бастап, шалғай жатқан ауылдардан қаншама дарынды оқушы бақ сынасты. Байқау әділқазылары құрамына Зияткерлік мектеп мұғалімдерінен бөлек, С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрының актері, белгілі режиссер Бекмұхамед Киекбаев пен дәстүрлі әнші, Қ.Байжанов атындағы облыстық филармонияның әншісі Ержан Базарбеков сияқты өз ісінің шеберлері шақырылды. Осы шараға қолдау көрсеткен Қарағанды облысының білім беру басқармасының бастығы Гүлсім Қожахметоваға алғысымыз шексіз, – дейді ұйымдастырушылар.

«Жаз көңіл жарқылдаған бұл бір шағым» номинациясы бойынша бас жүлдеге Сәтбаев қаласындағы №19 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Ержан Ерболатұлы ие болды. Ержанның орындауында Қасым ақынның «Жаным, сәулем, еркешім» өлеңінен көрермен жас ғашықтың өзі сүйген аруға деген шынайы сезімін, жүрек толқынысын, пәк махаббатын сезіне алды. Осы номинация бойынша 1-орын «Ақын өлімі туралы аңыз» және «Дариға, сол қыз» өлеңдеріне бейнеқойылым әзірлеген Ұлытау ауданындағы Балалар өнер мектебінің филиалы – №4 жалпы білім беретін мектепке берілді. 2-орынды Саран қаласы Абай атындағы ЖББМ мен Сәтбаев қаласы №25 ЖББМ бөлісті. 3-орын 4 мектепке бұйырды: Шет ауданы Ақадыр кенті Ю.А.Гагарин атындағы мектеп-лицейі, Саран қаласы № 17 мектеп-гимназиясы, Сәтбаев қаласы Абай атындағы №4 мектеп-лицейі.

«Жас дәурен, қызығыңа тоя алмаспын» номинациясында жас әншілер ақынның өзі қалаған әнін орындап, алдын ала түсірілген бейненұсқасы бойынша сынға түсті. Қасым әндерін нақышына келтіре орындаушылар арасынан Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының 8-сынып оқушысы Мәрлен Асқар әннің сазын бұзбай, нақышына келтіре шебер орындауымен басқалардан басым түсіп, бас жүлдені қанжығасына байлады. 1-орынды Ұлытау ауданы білім бөлімінің №1 тірек мектебінің оқушысы Арай Мыңбаева иеленді.

– «Сен неткен бақытты едің келер ұрпақ» атты облыстық байқауға қатысқаныма өте қуаныштымын. Байқаудан 1-орын алғаным мен үшін үлкен жетістік. Дайындығым өте жоғары дәрежеде өтті десем болады, қазақ әдебиетіндегі танымал Қ. Аманжолов секілді өжет әрі өр ақынның өлеңіне жазылған әнді орындау мен үшін үлкен құрмет әрі мәртебе болды, – дейді Арай Мыңбаева. Екінші орынды С. Торайғыров атындағы тірек мектебінің оқушысы Ағжан Шыныбек пен Ә.Бөкейханов атындағы мектеп-лицейінің оқушысы Дайана Сагындыкова бөлісті.

Жүлделі үшінші орынға лайық деп танылғандар: Шет ауданы, Нұраталды ЖББ мектебінің оқушысы Ақбота Байназар, Балқаш қаласы №9 жалпы білім беретін мектебінің оқушысы Мөлдір Абдирбаева, Осакаров ауданы білім бөлімінің №9 қимназия базасындағы тірек мектебінің оқушысы Жазира Қызылтай, Саран қаласы білім бөлімі №17 мектеп-гимназияның оқушысы Анна Иванова.«Шықтым өмір шыңына» жас суретшілер мен қолөнер шеберлері номинациясы бойынша іріктелген 93 жұмыстың арасынан бас жүлдеге №3 Балалар өнер мектебінің оқушысы Диляра Бақаева лайық деп танылды. Қарағанды қаласы «Дарын» мамандырылған мектеп-интернатының оқушысы Алия Шарипованың акварель техникасында салған суреті 1-орынға ие болды.

Екінші орын С.Мұхамеджанов атындағы балалар өнер мектебі (Ақадыр филиалы) оқушысы Аружан Абзалхан мен Сәтбаевтағы №16 жалпы білім беретін мектептің оқушысы Таңнұр Орынғалиға берілді. 3-орынға ие болған жас суретшілер: Шахтинск қаласы №8 ЖББМ оқушысы Екатерина Жолобова, Нұра ауданы Ыбырай Алтынсарин атындағы тірек мектебі оқушысы Диляра Есжанова, Балқаш қаласындағы Балалар өнер мектебі оқушылары Айгүл Мағау мен Әсел Байқоңыр.

– Байқауға Сәтбаев қаласынан іріктеп, бірнеше жұмыстар ұсындық. Бұл байқауды ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз. Байқаудың шарты мен өткізу тәртібі бойынша байқау жеңімпаздарын мектеп мұғалімдері ғана емсс, кәсіби мамандардың да бағалауы байқаудың жоғары дәрежеде өткенін көрсетеді. Аудан біреу болғанымен, мектеп әртүрлі ғой. Ақынның шығармашылық мұрасы бойынша оқушылардың тұлғаны тану мәдениеті және ақын шығармаларына деген қызығушылықтарын оята білген ұстаздардың тынымсыз еңбегі арқасында бірнеше оқушымыз жеңіс тұғырынан көрінді. Біз бұған қуаныштымыз. Келер жылы да жалғасын табатынына сеніміміз мол, – деп бөлісті Сәтбаев қаласының әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Думан Жолдыбаева. 

Ұйымдастырушылар байқауды дәстүрге айналдырып, тұрақты түрде өткізуге ниетті. Сонымен қатар,облыстық мектептермен тәжірибе алмасып, мұғалімдер мен оқушылардың шеберлігін шыңдауға көмектесетін шығармашылық қауымдастық құру жоспарда. – Осы шара нәтижесінде кәсіби мамандармен сахналық қойылым әзірлеу, сурет салу мен қолөнер бойынша қауымдастық құруға шешім қабылдадық. Өз шеберлігін жетілдіргісі келетін мұғалімдерге әдістемелік және тәжірибелік көмек беруге дайынбыз. Байқауға түрлі себептермен қатыса алмаған мектеп мұғалімдері де қауымдастыққа қатысып, өз шеберліктерін жетілдіре алады, – дейді шара ұйымдастырушысы, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Айтжамал Есенжолова.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий