Жамбыл жырлаған “Көроғлы” дастаны түрік тіліне аударылды

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай, Анкара қаласында түрік тіліне аударылған «Көроғлы» дастанының тұсаукесері өтті. ХVI халықаралық Анкара кітап көрмесі аясындағы салтанатты шараның жоғары деңгейде жүзеге асуына Қазақстанның Түркиядағы елшілігі ұйытқы болды. Жинақтың жарық көруіне Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Еуразия жазушылар одағына қарасты «Бенгу» баспасы қолдау танытты, – деп хабарлайды осы жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.

Кітаптың алғы сөзін жазған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Жамбыл Жабаевтың өз өлең-жырларында өмір сүрген уақыттың тамырын дөп басып, заман тынысын айқын бейнелегенін баяндайды. 1938 жылы ақын шығармашылығының 75 жылдығына орай, Мартин Андерсен-Нексе, Ромен Роллан, Анри Барбюс пен Рабиндранат Тагор сияқты әлем зиялыларының құттықтау жіберіп, «ХХ ғасырдың Гомері» немесе «Халық поэзиясының алып бәйтерегі» атанғанын мақтаныш етеді. Туған халқының мұң-мұқтажы мен асқақ арманын жырлау арқылы шешендік өнерге соны жаңалық әкелгенін әңгімелейді.  

Сонымен қатар өмірін өлеңмен өрнектей білген ақынның өзінен бұрынғы ақындардың жыр-дастандары мен айтыстарын жатқа орындап, таңнан-таңға жырлағанын түрік оқырмандарына таныстыра келе, жыршы ақынның жадында сақталған «Көроғлы» жырының түркі әлемі әдебиетіне қосылған таптырмас қазына боларына сенім білдіреді. Түрік ақын-жазушылары қатысқан іс-шараны Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы ашып, жинаққа түркі халықтарына ортақ дастанның Жамбыл Жабаев жырлаған нұсқасы енгенін жеткізді.

«Менің пірім – Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай» деп жырлаған ақынның ұстазы Сүйінбай Аронұлымен қатар, түркі жұртына кең танымал екенін алға тартып, тарихи тұлғаларды дәріптеу мен насихаттау барысында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Сүйінбай саябағы ашылып, айтыс майталманының ескерткіші бой көтергенін, тастұғыр жанындағы көшеге Жамбыл есімі берілгенін жұртшылық есіне салды. Сондай-ақ жыл сайын қос алыптың шығармашылығына арналған ғылыми конференциялардың тұрақты түрде қолға алынатынын тілге тиек етті.

Ал Еуразия жазушылар одағының төрағасы Якуп Өмероғлы Жамбыл Жабаевтың қайраткерлік болмысы мен қазақ әдебиеті мен ұлт руханиятындағы рөлін таразылап, Жамбыл нұсқасы түркі әлемі мәдениетіне қосылған соны жаңалық екенін атап өтті. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Нұрғали Ораз бен Памуккале университетінің профессоры Нергиз Бирай «Көроғлы» дастанының жаңа нұсқасының Анадолу топырағында кең танылуына сәттілік тіледі.

Жазушы-аудармашы Мәлік Отарбаев Түркі елдері президенттері қабылдаған Түркістан декларациясы аясында «Көроғлы» дастанын тәржімалауды жөн деп тапқанын жеткізді. «Түркіге ортақ тұлғаның мерейтойы Түркия төрінде атап өтілгені ақын рухына көрсетілген айрықша құрмет», – деп қорыта келе, ұйымдастырушылар мен қолдаушыларға алғыс білдірді.

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий