Әлихан Бөкейханов – 155: Ұлтының қамын ойлаған
Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхановтың шығармашылық ғұмыры XIX ғасырдың 90 –шы жылдарының орта тұсынан басталып, шамамен ол репрессияға ұшыраған 1937 жылға дейінгі аралықты қамтиды. Әрине, 20-30 жылдар Бөкейхановқа творчестволық еңбекпен айналысу үшін қолайлы кезең болды деп айту қиын, дегенмен бұл жылдары да ол өмірінің мазмұнына айналған үйреншікті ғылыми және әдеби тақырыптардан қол үзген емес. Ә.Бөкейханов 1913 жылдың ақпанынан бастап Орынбордан шыға бастаған «Қазақтың» негізін қалап, бағыт-бағдарын анықтаушылардың бірі болып қана қойған жоқ, сондай-ақ газеттің ыстығына күйіп, суығына тоңған ең белсенді және өндірімді авторлардың қатарында болды.

Ал, «Қазақ» болса 1913-1918 жылдар аралығында ең алдымен белгілі үштік, яғни А. Байтұрсынов, Ә. Бөкейханов және М.Дулатовтардың табан ет, маңдай тер еңбегінің арқасында жалпыұлттық басылым деңгейіне көтерілуімен бірге, ұлт-азаттық қозғалыстың баспа үніне де айналған еді. Тура осы мезгілде ол қазақ қоғамында отарлық және феодалдық езгіге қарсы күрес идеологиясының қалыптасуына қызмет етті. 1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында Орынбор қаласында өткен екінші жалпы қазақ сьезі Алаш автономиясы деп аталатын Ұлттық мемлекет құрылғандығын мәлімдеп, оның үкіметін сайлады.
Әлемнің алтыншы бөлігін алып жатқан Ресей империясы көлемінде бұл аса зор оқиға болмағанмен, отарлық езгідегі қазақ қоғамы үшін оның тарихи маңызы ерекше еді. Өйткені мұның бәрі қазақ елінің XVIII ғасырдан бергі өз бостандығы мен теңдігі жолында орыс империясына қарсы жүргізген азапты күресінің қорытындысы болатын. Бірақ қазақ ұлт-азаттық қозғалысы қайраткерлерінің бұл әрекеті ескі Ресейдің тұтастығын көксейтін ақ казактар мен патша генералдарына да, жаңа тоталитарлық жүйені орнатушы большевиктерге де ұнай қоймады.
Егер алғашқылары Алаш қайраткерлеріне Ұлы Ресейсіз өз бетінше өмір сүре алмайтын бұратана халықтың ат төбеліндей сепаратистік пиғылдағы өкілдеріндей қарап, аяқтарынан шалса, соңғылары саяси сауатсыз, аңқау елді арзан ұрандармен артына ертіп, ал оның көзі ашық көш бастаушыларын «Буржуазиялық ұлтшылдар» деп жариялап, алдымен халықты оларға қарсы қойып, артынан бұларды асып- атып, рухани азапқа салып жойып тынды.
Ұлттық саясатта түптеп келгенде ұлыдержавалық, империялық мақсатты көздеген бұл екі саяси жүйе де ұлттық мемлекеттік идеясынан қорықты. Сондықтан да, ұлттық шет аймақтарда бұл ойға қозғау салушылардың есімін атауға да тыйым салынды. Міне біз соңғы уақытқа дейін қазақ ұлт-азаттық қозғалысы қайраткерлерінің өмір жолымен, олардың артында қалдырған творчестволық мұраларымен таныса алмай келдік. Халқымыздың өз еркіндігі үшін күрес жолында мәңгі өлмейтін терең із қалдырған сондай қайраткерлердің бірі – Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов.
Әлихан Бөкейхановтың қайраткер ретінде қалыптасуының екі рухани негіздері бөліп айту артық емес. Біріншіден, Әлихан еркіндік пен тереңдікті жоғары бағалаған ортада өсті. Оның қоғамдық көзқарасының қалыптасуына халықтың бай ауыз әдебиетінің, ұлы Абайдың және басқа ақын-жыраулардың терең ойлы шығармаларының ықпалы болғандығы сөзсіз. Оның 1907 жылы тұңғыш рет орыс оқырмандарын Абайдың творчествосымен таныстыруды көздеген материал жариялап, ал 1909 жылы ұлы ойшылдың шығармаларының Петерборда жарық көруіне мұрындық болып, өмірінің соңына дейін Қобыланды, Ерсайын, Қозы-Көрпеш – Баян сұлу және басқа көптеген ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, зерттеп және насихаттап өтуін, әрине кездейсоқ жағдай деп айту қиын.
Ә. Бөкейханов институтты бітірген бетте ішкі Ресейден қоныс аударушылар жағдайын зерттеу үшін ұйымдастырылған Половцев экспедициясына қатынасу үшін 1895 жылдың жазында Омбыға келіп, экспедия жұмысына лұқсат берілмеген соң сонда қалып қояды. Омбыдағы орман шаруашылығы училищесіне математика пәнінен оқытушы болып орналасқан ол, тура осы мезгілде социалистік бағыттағы «Степной Край» газетінің қызметіне белсенді түрде араласа бастайды.
1896 жылы үкімет орындарының шешімімен Ақмола, Семей және Торғай облыстарындағы жер жағдайын зерттеп, қазақ даласына орыс шаруаларының пәрменді түрде қоныс аударуына қажет ғылыми негіз жасап беруге тиіс болған Ф.А. Щербина бастаған экспедиция ұйымдастырылды. Ә Бөкейханов экспедиция жұмысына қатысуға мүдделілік танытқандардың бірі болды. Оның ойы бойынша бұл жұмыс сол тарихи кезеңде қазақ жұрты үшін ең зәру мәселеге айналған – жер қатынастарын тереңірек түсініп, белгілі бір тұжырымдарға келуге жағдай жасауға тиіс еді.
Жұмыс мерзімі 1896 және 1903 жылдар аралығын қамтыған Щербина экспедициясы шын мәнінде қыруар шаруа бітіріп, аталған облыстарда он екі уезден жиналған материалдардың негізінде 13 томнан тұрған ғылыми зерттеу еңбегін бастырып шығарды. Экспедиция жұмысына қатынасу барысында Ә.Бөкейханов қазақ даласына байланысты Ресей империясының көздеген мақсатын бұрын өзі байқай бермеген жаңа қырынан көрді және орталық биліктің таяу жылдары ірі шараларды іске асыруға даярлық жасап жатқанын байқады.
XX ғасырдың басы, анығырақ айтқанда 1905-1910 жылдар Ресейдің переселен саясатында, сол арқылы Оралдың шығыс бөлігін отарлау саясатында жаңа кезең болды. Оған мыналай фактілер арқылы көз жеткізу қиын емес. Егер 1864-1885 жылдар аралығында Оралдың шығыс жақ бетіне қоныс аударушылардың саны 300 00 адам болса, бұл сан 1885-1910 жылдары – 2,5 миллионға өсті. Қоныс аударушылардың үлкен бөлігі қазақ жерлеріне ұмтылды. Егер 1896-1905 жылдары Қазақстанның Ақмола , Торғай, Орал және Семей облыстарына 294296 адам келіп қоныстанған болса, 1906-1910 жылдары 770 000 адам көшіп келіп орын тепті.
Қалай болғанда да Ә. Бөкейхановтың көзқарасының Щербина экспедициясына қатысқанын кейінгі кезеңде үлкен өзгерістерге ұшырағандығы анық. Дегенмен, Бөкейханов сияқты қазақ оқығандарының саяси көзқарасының мүлдем жаңа сапаға көтерілуіне тұңғыш орыс революциясы ерекше ықпал етті. Патшалық отарлау аппараты өзіне қызметке даярлаған түрлі мамандық иелері арасынан шыққан қазақ зиялылары елде жаңа сипат, жаңа өрлеу ала бастаған ұлттық қозғалысқа саналылық, ұйымдасқан сипат беру жолдарын қарастырды.
Осы бағытта газет шығару, күреске шақыратын кітаптар бастырып тарату, көкейкесті қоғамдық-саяси талаптар қойған петициялар ұйымдастыру сияқты бұрын қазақ тарихында болмаған саяси күрес құралдарын игере бастады. Сан жағынан аз, әлеуметтік-саяси күресте жинаған тәжірибесі мардымсыз ұлттық интеллигенция үшін бұл жеңіл-желпі емес істерді көтеріп алып кету оңайға түспегендігі анық. Ол Ресей жергілікті және қалалық қоғам қайраткерлері съезінің делегаты, Ресейдің I Мемлекеттік думасының және мұсылман халықтары съезінің депутаты, IV Мемлекеттік Думаның мұсылмандар фракциясының Бюро мүшесі болды.Алаш Орда төрағасы Ә. Бөкейхановтың Жаза кесімі.
Ол Ақпан төңкерісінен үлкен үміт күтеді. Бірақ ол үміті ақталмайды. Уақытша үкімет, оның ішінде өзі мүшесі болып жүрген кадет партиясының көсемдері қазаққа автономия беруге қарсы болады. Оның үстіне олармен жер мәселесі жөнінде де ымыраға келе алмайды да, ол бұл партиядан шығып, қазақтан сайланған тоғыз өкілді бастап барып, Томск қаласында Сібір автономистерінің құрылтайына қатысады. Осында болашақ Сібір республикасының құрамында Қазақ автономиясы құрылмақ болады.
Құрылтайдан оралысымен Әлихан қазақ тарихындағы тұңғыш саяси ұйым Алаш партиясын ұйымдастыруға кіріседі. Артынша, 1917 ж. желтоқсанында бүкіл қазақтардың құрылтайында Алаш автономиясы жарияланып, Ә. Бөкейханов сол алғашқы Қазақ республикасының тұңғыш төрағасы (президенті) болып сайланады. Ә. Бөкейхановтың қуғын-сүргін кезеңінен 2 жыл алдындағы мен ату жазасының күніндегісі. 1919 ж. большевиктер өкіметінің бұрынғы алашордашыларға жасаған кешірімнен кейін Ә. Бөкейханов қалған өмірін ғылыми зерттеушілікке арнады.
Иә, Әлихан Бөкейхановтың кейінгі ұрпаққа өмірі үлгі болып мәңгілікке қалады. Әлихан Бөкейханов – Хакім Абай айтқандай «Құйрықты жұлдыз секілді, туды да көп тұрмады» деген сөзбен айтсақ, бір мезетте жарқ етіп жанып,сәулесі әлі күнге дейін жарқырап тұрған жарық сәуле.
Салтанат Куандыковна НУРМАГАМБЕТОВА,
Ақтөбе облыстық мамандандырылған физика
математикалық мектеп интернатынығ
тарих пәні мұғалімі