Мақсатты шаралар сыбайлас жемқорлықты жою және білім беру сапасын арттыруға бағытталған

Өткен аптада Алматы қаласына жұмыс сапары кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша жоғары оқу орындарының ректорларымен өткен жиынға қатыстым. Кездесуде жоғары білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жұмыстың негізгі бағыттары талқыланды. Сондай-ақ 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат Тұжырымдамасының жобасы таныстырылды, – деп жазады ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов өз сөзінде барлық жоғары оқу орнында студенттер мен оқытушылар, жоғары оқу орындарының қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға жауапты комплаенс-офицерлер мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтерді енгізу туралы айтты. Сонымен қатар осы бағыттағы жұмысты белсенді жүргізу үшін жаңа шаралар ұсынылды. 
Кеңес қорытындысы бойынша Білім және ғылым министрлігі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі арасында меморандумға қол қойылды. Сөз кезегінде әріптестерім білім беру саласында қабылданып жатқан жүйелі шаралар туралы айтып өтті. Мәселен, қазір жоғары оқу орындарында директорлар кеңестері арқылы корпоративтік басқару жүйесі енгізілген. Яғни, ректорлар бұрынғыдай өздері ғана шешім қабылдамайды. Бюджетті қалыптастыру, даму жоспары мен құрылымын бекіту, проректорларды жұмысқа қабылдау сияқты маңызды мәселелер Директорлар кеңесімен алқалы түрде шешіледі.
Кеңес құрамында жұмыс берушілер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сарапшылар және тағы басқалар бар. Директорлар кеңесіне тікелей бағынатын ішкі аудит қызметтері құрылды. Осы оқу жылының басынан бастап БҒМ-ге ведомстволық бағынышты барлық жоғары оқу орны оқытушыларының жалақысы едәуір көтерілгені маңызды фактор болып табылады. Бұл шара да сыбайлас жемқорлықты жою және білім беру сапасын арттыруға бағытталған. Оқытушының жалақы деңгейі қазір кемінде 200 мың теңге, профессордың жалақысы оның 680 сағаттан аспайтын жылдық оқу жүктемесін есепке ала отырып, 350 мың теңгені құрайды.
«Adal Bilim» жобалық кеңсесі құрылды. Фронт-офистер және Бірыңғай байланыс орталығы ашылды. Сондай-ақ Академиялық адалдық Лигасы жұмыс істейді. Жоғары оқу орындары қызметінің маңызды бағыты – цифрландыру болды. Атап айтсақ, көрсетілетін қызметтерді барынша электрондық форматқа ауыстыру (жатақханада орындармен қамту, анықтамалар, транскрипт алу және тағы басқалар).
Өзгерістер тез қарқынмен енгізіліп жатыр. Мәселен, осыдан үш жыл бұрын жоғары оқу орындары барлық анықтама мен қызметтерді алу үшін «бір терезе» қағидаты бойынша Халыққа қызмет көрсету орталықтарының форматы сияқты студенттерге қызмет көрсету орталықтарын ашқан болатын. Сол кезде бұл өте орынды шешім сияқты көрінді. Дегенмен, қазір студенттер қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ, барлық қызметі смартфон арқылы алуына жағдай жасау міндетін қойып отырмыз.
Сондай-ақ бакалавриат, магистратура және докторантураға түсу кезінде ашықтық пен транспаренттілікті қамтамасыз ету үшін шаралар әзірленді. Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырудың жаңа форматы енгізілді. Біз қолданыстағы ережелерді қатаңдатып, тыйым салынған заттармен ұсталған адамдардың тестілеу нәтижелерін жою туралы жаңа норма енгіздік. Бұл ретте тестіленушінің ол заттарды қолданғаны я болмаса қолдана алмағаны маңызды емес. Тіпті тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті орын алса, талапкерлер емтиханға жіберілмейді.
Иә, енгізілген жаңа ережелер көпшілік тарапынан наразылық тудырды. Алайда, ережелерді қатаңдату ашықтықты қамтамасыз етіп, тәртіп орнатуға мүмкіндік берді. ҰБТ-ның өзі электрондық форматқа ауыстырылды. Магистратура мен докторантураға қабылдау науқанына да өзгерістер енгізілді. Егер осы жылға дейін гранттар жоғары оқу орындарына беріліп, олар өз бетінше тапсырмалар дайындап, емтихандар өткізсе, сондай-ақ оқуға қабылдау туралы шешімді өздері қабылдаса, ендігі кезекте біз емтиханды электрондық форматқа көшірдік.
Магистратураға арналған гранттар енді «ақша студентпен бірге жүреді» қағидаты бойынша бөлінеді. Яғни, университетті студенттің өзі таңдайды. Докторантура бойынша да электрондық қабылдау жүйесі енгізілді. Бұл шаралардың барлығы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін жүргізіліп жатқан жұмыстың бір бөлігі ғана.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий