Білім сапасы – оқыту технологияларында

Сапалы білім берудің басты бағыты – адамды  қоғамның ең негізгі құндылығы ретінде тану, оның қоғамдағы орны мен рөліне, әлеуметтік жағдайына, психологиялық даму ерекшелігіне мән беру, сол арқылы оның рухани жан-дүниесінің баюына, саяси көзқарасының, шығармашылық еркіндігі мен белсенділігінің, кәсіби іскерлігінің қалыптасуына жағдай жасау, мүмкіндік беру.

ХХІ ғасырдың маманы – жаратылыстану мен гуманитарлық ғылымдар бойынша ой-өрісі кең, жан-дүниесі бай, ұлттық менталитеті жоғары, кәсіби білікті маман, адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасай алатын, басқаның пікірімен санасатын, кез келген ситуациядан шығудың жолын таба алатын, жауапкершілік сезімі жоғары, қоғамда белгілі бір рөл атқаратын, қайталанбайтын, функционалды сауаттылығы жоғары деңгейдегі дара тұлға болуы тиіс.

Ол үшін мектеп тәжірибесіне мақсатты түрде білім беру технологияларын қолданысқа енгізе отырып, олардың арасында бәсекелестік орнату арқылы, оқушының білім сапасының артуына ықпал ету. Сол арқылы мектеп мұғалімдеріне ұжымдық жұмыс түрлерін жүргізудің жолдарын айқындап, шығармашылық ізденіске мүмкіндіктер жасау, түрлі авторлық жобаларды дайындауға бағыт-бағдар беру, сабақ барысында тиімді технологияны дұрыс таңдай алу жолдарын көрсету. Бұл аталған жұмыс түрлерінің барлығын жүзеге асыруда мектеп басшысының рөлі ерекше. 

Мен өзімнің мектепті басқару тәжірибемде ұжымның ғылыми-әдістемелік әлеуетін көтеру мақсатында ерікті түрде бірнеше білім беру технологияларын мұғалімдердің тәжірибесінде қолдануларына мүмкіндік жасай отырып, оқушылардың білім сапасын жетілдіруге баса назар аударып отырдым. Бәсекелестік бағытында қолданыстағы технологиялардың бірі – «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы екендігі айқындалды.

Аталған технологияға тоқталар болсақ, сатылай кешенді оқыту дегеніміз – оқыту мақсаты, міндеті, әдіс-тәсілі, оқыту деңгейі, өзіндік ерекшелігі бар және оқушыларға білімді ғылыми негізде сатылай, жүйелі, кешенді меңгертіп, оларға ұлттық құндылықтарды бағалай отырып, күнделікті ортада өмірлік қажеттіліктеріне қолдана білуге машықтандыратын оқыту. Сатылай кешенді оқыту оқушыларға қазақ тілі ғылымының мазмұны мен жүйесін, оның сөздік құрамы мен грамматикалық құрылысын, сөйлеу тілінің байлығын және әдеби тіл нормасын үйретіп, дұрыс сөйлеу, сауатты жазу дағдысын қалыптастырады.

«Сатылай кешенді оқыту» технологиясының басты қағидаларының бірі – жоғары қиындықта оқыту. «Сатылай кешенді оқыту» технологиясында мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынас жаңа қағидаларға негізделеді. Олар: ынтымақтастық, өзара сыйластық, түсіністік, әріптестік сияқты қасиеттер. Осы аталған құзыреттіліктерді кең көлемде жүзеге асыру барысында зертхана ашу қажеттілігі туындады. Себебі, теориялық білімі, кәсіптік деңгейі біршама жетілген ұстаздар қауымы бұл технологияны тәжірибесіне енгізуге ерекше ықылас танытты.

Сондықтан сол ұстаздармен қарым-қатынас аясын кеңейтіп, байланыс орнатуға мүмкіндік жасалу үшін 2021 жылғы 17 ақпанда Білім басқармасы мен Білім беруді жаңғырту орталығының ұйғарымымен Н. Оразахынованың «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының зертханасы ашылып, оған №52 мектеп-гимназиясы базалық мекеме болып бекітілді. Зертхананың мақсаты – оқушылардың білім сапасын қамтамасыз етуде ұлттық инновация арқылы Алаш зиялыларының педагогикалық мұралары негізінде сатылай кешенді оқытып, мұғалімдердің кәсіби деңгейін жетілдіруге ықпал ету.

Зертхананың міндеттері. зертхананың даму жоспарын жасау, желілік мектептерін құру, оның теориялық негізін меңгертіп, практикада қолданудың әдіс-тәсілдерін үйрету арқылы мемлекеттік инновациялық саясатты жүзеге  асыру, тәжірибеге енгізу, жинақтау, таратуға ғылыми тұрғыда басшылық ету. Оқушыларға арналған оқу-әдістемелік кешендер, қосымша әдебиеттерді дайындап баспаға ұсыну, мұғалімдер мен тәрбиешілер үшін білім жетілдіру курстарын, теориялық, ғылыми-практикалық семинарлар, «Шеберлік сыныптар», конференциялар, форумдар өткізу, халықаралық қызметтерді жүзеге асыру.

Зертхананың озық зерттеулерін, функционалдық сауаттылықты жүзеге асыру мақсатында өткізілетін семинарлар, лекциялар, конференциялар, білім жетілдіру курстарының материалдарын дайындау электрондық пошта, интернет арқылы бұқаралық ақпарат құралдары мен ақпарат кеңістігіне кеңінен тарату, жариялап отыру және зертхананың Web-сайтын құру.

Қорыта айтқанда, «Сатылай кешенді оқыту» технологиясымен жұмыс жасау оқушыларымыздың білім сапасының артуымен қатар ұстаздарымыздың шығармашылық әлеуетін жоғары деңгейге жеткізіп, мектебімізде ауқымды шаралар өткізуге өз себебін тигізуде.

Ұлбосын БАЙТАСОВА,
№52 мектеп-гимназияның директоры,
Нұр-Сұлтан қаласы

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий