Мектепке дейінгі шақ – дамудың басты кезеңі
«Ойын – баланың алдынан өмір есігін ашып, оның шығармашылық қабілетін дамытады, ойынсыз ақыл-ойдың қалыптасуы мүмкін емес», – деп Василий Сухомлинский айтып кеткендей, мектеп жасына дейінгі балалармен ойын жаттығуларын жүргізу – тіл дамытудың негізгі міндеттерінің бірі саналады.
Балалармен ойын жаттығуларын жүргізе отырып, оларды айналасындағы заттармен таныстырып, атын атай білуге, қасиеті мен сапасын, түр-түсін және пішінін ажыратуға, өмірдегі, қоршаған ортадағы түрлі құбылыстар жайындағы ұғым, түсініктерін дамыта отырып, белсенді түрде тілдік қарым-қатынас жасай білуге үйрету көзделеді. Балалардың сөздік ойын жаттығуларын дамыту ісінде олардың сөздік қорларын дамыту, жаңа іс-қимылды меңгерту, үйренген сөздерін, іс-қимылдарын тиянақтап, анықтап әрі байытып отыру – тәрбиешінің басты міндеті. Аталған міндеттерді тәрбиеші үнемі ойын жаттығулар жұмысын жүргізуде басшылыққа алып отыруы тиіс. Ал балғындардың сөздік қорын молайтуда ойын, тапсырма жаттығуларының орны ерекше.
Баланың бір ерекше қасиеті – оның сөйлеуден жалықпайтындығы. Ойын бала тілінің дамуына ықпалын тигізіп, таным белсенділігінің дамуына жол ашады. Қай бала болмасын ойынмен өседі, өйткені бала табиғатының өзі тек ойынмен байланысты. Ойын үстінде бала ешбір нәрсеге тәуелсіз болып, өзін еркін ұстайды. Ал еркіндік дегеніміз – барлық дамудың баспалдағы, өскелең ұрпақтың бәрін білуге деген талпынысы мен құлшынысы. Сондықтан баланың білуге деген құштарлығы және сөйлеуі ойын үстінде қалыптасады. Мектепке дейінгі тәрбиеленушілер де педагогикалық процестер барысында баланың көңіл-күйін анықтап, психологиялық мотивтерді туындатып, жағымды мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру көзделеді. Ойын жаттығулар арқылы баланың білімділік дағдыларын күнделікті іс-әрекетте қолдана білу мүмкіндіктері қарастырылады.
Ал баланың ұсақ қол моторикасын дамыту жұмыстарын ерте сәбилік шақтан бастаған дұрыс. Омыраудағы баланың өзіне саусақтағы бас миымен байланысқан активті нүктелеріне әсер ете отырып, массаж жасау керек. Мектепке дейінгі шақта балаларға қарапайым жаттығуларды өлеңмен, тақпақпен ұйқастырып пайдалану ұсынылады. Сонымен қатар өзіне-өзі қызмет ету дағдысын қалыптастыру: тиегін өзі салып, өзі ағыту, бауын байлау, т.б. әрекеттерге баулу қажет. Ал ересек топтағы балалар үшін ұсақ қол моторикасын дамыту және қолдың икемділігін арттыруға арналған жаттығулар мектепке дайындықтың, яғни жазу, сызуға үйренудің маңыздысы саналады.
Адамның бас миында саусақ қимылына және сөйлеуге жауап беретін орталықтар өте жақын орналасқан. Сол себепті балалардың ұсақ моторикасын дамыту үлкен маңызға ие. Ұсақ моторикаға әсер етіп және оны белсендіре отырып, оған жақын орналасқан сөйлеуге жауап беретін орталықтарды да дамыта аламыз. Педагогтер мен балалар психологының мақсаты: ата-аналарға ұсақ қол моториканы дамыту ойындарының маңыздылығын ұғындыру. Баланы қызықтыруда және жаңа хабарларды игеруіне көмектесуде үйретуді ойынмен алмастыру, алға қойған мақсатына жетуін, тапсырманы орындау барысында қиындыққа кездессе мойымауға үйрете отырып, шағын жетістіктерін де бағалап, мадақтап қоюды да ұмытпауы керек.
Ұсақ қол моторикасының қимылдары мен қолдың икемдігі бас миының құрылымының даму деңгейін көрсетеді. Осыдан келіп қол қимылдарын басқара білу туады. Сондықтан ешқашан да баланы мәжбүрлеуге болмайды. Жалпы ұсақ қол моторикасының дамуының жеткіліксіздігін, соның ішінде қол қимылының аздығының себебін зерттей келе, қазіргі балаларның жазуға дайын еместігі немесе тілінің дамуында бір ақау бар екендігі анықталды. Осыдан келе, мынадай қорытынды шығаруға болады: егер тілінің дамуында ақау болса, онда бұл ұсақ қол моториканың мәселесі.
Өкінішке қарай көп ата-ана баласының қолының икемі мен ұсақ қол моториканың даму деңгейінің төмендігін тек мектепке барарда ғана байқайды. Бұл балаға өте ауыр жүк: ол жаңа ақпаратты қабылдаумен қатар икемге келмейтін саусақтарымен қарындашпен жазып үйренуі керек. Кішкентай ғана сәбидің қалайтыны – қозғалу, ал қозғалыс – әлемді танудың мүмкіндігі. Яғни, баланың қозғалысы дәл және нақты болса, оның әлемді санасымен қабылдап, тануы да терең бола түспек.
Бибігүл ИСПАЕВА,
№11 бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі,
Қостанай қаласы