Үздік портфолио онлайн байқауының жеңімпаздары марапатталды
Ақмола облысында алғаш рет мектептегі өзін-өзі басқарудың белсенділерін анықтау мақсатында үздік портфолио онлайн-байқауы өтті. Шараны «Ақмола дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау жөніндегі орталығы ұйымдастырды, – деп хабарлайды Ақмола облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.
Мектептің өзін-өзі басқару қызметін жандандыруға, өзін-өзі басқарудың белсенді көшбасшыларын анықтауға бағытталған байқауға облысымыздың 8 ауданы: Аршалы, Сандықтау, Қорғалжын, Ақкөл, Бұланды, Біржан сал, Бурабай және Есіл мен Көкшетау, Степногорск қаласынан, жалпы саны 27 мектеп қатысты.
Тартысқа толы байқау қорытындысы бойынша белсенділік танытқандар жүлделі орындарға ие болды. Бірінші орынды Есіл ауданындағы №3 жалпы білім беретін мектебінен Таңжар Шәкір иеленсе, екінші орынды Бурабай ауданына қарасты Ақылбай ауылының жалпы білім беретін мектебінен Карина Швинд және Көкшетау қаласының Красный Яр ауылының №3 көпсалалы мектеп гимназиясынан Аяжан Құсайынова қанжығасына байлады. Ал үшінші орынға үш көшбасшы тұрақтады. Олар: Сандықтау ауданы, Новоникольск ауылының жалпы білім беретін мектебінен Татьяна Сергеева, Степногорск қаласына қарасты Қарабұлақ ауылының жалпы білім беретін мектебінен Диана Нұржанова және Біржан сал ауданы, Үлгі ауылының жалпы білім беретін мектебінен Нағашыбек Алдаберген.
Байқау жеңімпаздары Дипломдармен, ал қатысушылар сертификаттармен марапатталды. Айта кетейік, бүгінде қоғам алдында тұрған ең жауапты міндет – өскелең ұрпақтың бойында адамгершілік қасиеттерді бойына дарыту арқылы тәуелсіз мемлекеттің игілігі болар қоғам мүшелерін тәрбиелеу.
Загрузка...