Балалардың рухани және физикалық денсаулығын сақтау мен нығайтудың маңызы

“Әрбір адам бойындағы қабілеттердің барлығын пайдалана отырып, тек туған еліне ғана емес, жер бетіндегі барша адамзатқа пайдасы мен шапағатын тигізуді көздеуге тиіс. Қоғамдағы рухани және адамгершілік құндылықтарды білім арқылы жандандырған жөн. Дұрыс ұйымдастырылған білім сондай құндылықтардан тұратынын естен шығармаған абзал. Тек білім арқылы ғана біз қоғамдағы рухани байлықты қалыптастырып, әр адамның бойындағы ерекше қасиеттерді танып, игі істерді жүзеге асырамыз, –  дейді Сара Алпысқызы Назарбаева.

Бүгінде еліміздегі мектеп оқушыларының денсаулығын нығайту және рухани – адамгершілік қасиеттерін дамыту жолында көптеген жұмыстар атқарылуда. «Бөбек» орталығында өскелең ұрпақтың рухани адамгершілік мәдениетін дамытуға, білім беру саласында адами қасиетті оқып үйренуге көп жағдай жасалынған. Бұл бағытта «Бөбек» Ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығы жанындағы  «Өзін – өзі тану» оқу-сауықтыру кешенінің атқарып жатқан жұмыстарын ерекше атап өтуге болады.

Мұнда негізінен еліміздің алыс аймақтарынан тұрмысы төмен және көп балалы отбасылардың балалары,  ата – ананың қамқорлығынан айырылған балалар келіп демалып, сауықтырылады. «Өзін-өзі тану» оқу-сауықтыру кешенінің миссиясы – республикамыздың барлық өңірінен аз қамтылған, көп балалы отбасынан шыққан,  ата-анасының қамқорлығынсыз қалған  балаларды қабылдап, денін сауықтыра отырып, білімін, іскерлік дағдысын рухани-адамгершілік тұрғыда тәрбиелейміз.

Демалуға келген балалардың білім беру үдерісін мемлекеттік жалпы білім беру стандарты бойынша жүзеге асырамыз. «Өзін-өзі тану» білім оқу – сауықтыру кешенінің негізгі мақсаты – әрбір баланың жеке денсаулығын жақсарту жоспарын жасау, денсаулық сақтау технологияларын нығайтудың заманауи әдістерін еңгізу және рухани – адамгершілік құндылықтарын тәрбиелеу болып табылады. «Өзін – өзі тану» оқу-сауықтыру кешеніне 8-14 жас арасындағы 1320 бала жыл бойы ем алып, сауықтырылады.

Оқу мерзімінде 3 – 4 сынып балалары келсе, жаз айларында 11 – 14 жас аралығындағы балалар келіп демалады. «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасына сәйкес, тұлғаның жан-жақты дамуына бағытталған іс-шараларды ұйымдастыра отырып,  баланың рухани-адамгершілік тұрғыда үйлесімді дамуына жағдай жасаймыз. Осы мақсатта 22 күнге  кешенімізге демалуға келген балаларға   ізгілік, мейірімділік, сүйіспеншілік қасиеттерін жарыққа шығару жолында әр апта күніне тақырып орайластырылады.

Балалардың жалпыға ортақ адами құндылықтармен танысу, мазмұнын терең түсіну жолға қойылған. Рухани-адамгершілік тәрбие қызметінің басым бағыттарын іске асыру үшін оқу-сауықтыру кешенінің ұжымы балаларға салауатты өмір салтын насихаттау,  экологиялық мәдениет, логикалық, шығармашылық және позитивті ойлау, үйлесімді физикалық және адамгершілік тұрғыда даму, коммуникативтік дағдылар, бағытында жан – жақты жұмыс жүргізуде.

Балалар емдік дене – шынықтыру жаттығулармен айналысады. Гелио (күн ванналары), галотерапия (тұз бөлмесі), альфа / массаж капсуласы, бассейінде жүзу, гидротерапия (тұзды ванна, гидро-аэробика ваннасы), тіс емдеу шаралары, физиотерапиялық және уқалау емдік шаралары кестеге сәйкес жүргізіледі. Кешенде балалардың дұрыс тамақтануына ерекше мән берілген, күніне бірнеше рет түрлі дәрумендерге толы түрлі ас мәзірлері ұсынылады, сондай-ақ, жеміс-жидектер мен шөп шайлары, табиғи шырындар мен тұнбалар балаларға ерекше ұнайды.

Балалардың бос уақытын тиімді  ұйымдастыру жақсы жолға қойылған, сабақтан тыс уақытта таза ауада серуендеу, спорттық-қозғалыс ойындары, шығармашылық шеберханалары, интеллектуалды ойындар және топаралық сайыстар мен байқаулар, туған күн кештері тұрақты ұйымдастырылады. Әр апта сайын әсем қала – Алматының көрікті жерлерін тамашалап, кинотеатрларға, хайуанаттар бағына, қуыршақтар театрына, балалар кітапханасына, Тұңғыш президент паркіне бару, ұлттық мұражайды және тарихтан сыр шертетін саябақтарды,атап айтқанда, Көктөбе, Медеу спорт кешенін аралатып көрсету дәстүрге айналған.

Демалыс соңында балалар «Бөбек» орталығында денсаулықтарын нығайтып,  көтеріңкі көңіл-күймен қайтады. Орталықтағы өзара жылы қарым-қатынас, қызметкерлердің сүйіспеншілігі және кездесулер қуанышы балалар есінде ұзақ уақыт сақталады. 

Мейрамгуль САДУЛЛАҚЫЗЫ,
“Бөбек” орталығы оқу – сауықтыру
кешенінің мұғалімі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий