“Zerek” – инновациялық білім беру бағдарламасы

Қазіргі таңда Қазақстанның өзіндік білім беру моделін және әлемдік үздік дәстүрлер мен озық білім жүйелерін қамтитын, халықаралық нарықта бәсекеге түсе алатын, белсенді азаматтық ұстанымы бар, жоғары білімді тұлғаны тәрбиелеуге бағытталған инновациялық білім беру өзекті мәселеге айналды. Бүгінгі күні біздің мектебіміздің даму жоспарында дарынды, жан-жақты білімді, іскер, өздік ойлау жүйесі дамыған, ұлттық құндылықтарға бейім, адамгершілігі жоғары, қабілетті тұлға қалыптастыру, балалармен жүйелі жұмыс ұйымдастыру мақсаты тұрды.

Сол себепті Қазақстанның өзіндік білім беру моделін қалыптастыру мақсатында әлемдік елдердегі озық білім жүйесінің өзіндік дәстүрлері қалыптасқан Швейцария мен Финляндияға барып тәжірибе алмасу жоспарда болды. 2019 жылғы 19-30 қазан аралығында Нұр-Сұлтан қаласы мектептерінің директорлары мен орынбасарларына Финляндияға Хельсинки қаласына іс-тәжірибе алмасу мақсатында іс-сапар ұйымдастырылды. Дамудың даңғыл жолына түскен финдік білім беру саласының ерекшелігі мен ұтымды тұстарына тоқталып, финдік педагогтердің мәртебесі және оқушыларға білім берудегі тәжірибесін білім қоржынымызға жинақтап қайттық.

Заманауи дәуірде, интеллектуалдық және шығармашылық адами әлеуеттің маңызы айтарлықтай артып келе жатқан бәсекеге қабілетті қоғамның қалыптасу дәуірінде, жан-жақты, аса ынталы балалармен жұмыс істеу өте қажет.  Сондықтан Қазақстандық білім беру моделіне ұлттық құндылықтарды енгізу арқылы оқыту – біздің алға қойған мақсатымыз. Дарынды балаларға арналған «ZEREK» мектебінің бағдарламасы осы ойдан туындап, бағдарлама жазылды, кәсіби мамандар, үздік ұстаздар таңдалды.

Білім басқармасының 2019 жылғы 27 тамыздағы сараптама кеңесінің №2 хаттамасы негізінде білімдік бастамаларды тиімді пайдалану және білім мазмұнын жаңарту мақсатында 2019 ж. 03.09. №518 бұйрығымен №53 мектеп-лицейінде «ZEREK» дарынды балалар мектебі эксперименттік алаңы ашылды. Қазақстанның өзіндік білім беру моделін қалыптастырып, әлемдік білім жүйесіне бәсекелесуге түсе алатын білімді, дарынды, іскер, өздік ойлау жүйесі дамыған, адамгершілігі жоғары, қабілетті тұлға қалыптастыру мақсатындағы бағдарламада қазақстандық білім берудің жаңа диагностикасын, оқыту мен тәрбиелеудің жаңа технологияларын әзірлеу мен енгізуде инновациялық өзгерістерді жүзеге асыру, зерек балалармен жұмыс жүйесін дамыту, сонымен қатар, дарынды балалармен жұмыс кезінде педагог кадрлардың біліктілігін арттыру мен қайта даярлау жоспарланды.  

«ZEREK» дарынды балалар мектебіне арналған авторлық бағдарламаларға толықтырулар енгізу жоспарлануда. Қазіргі күні «Ұлттық тағылым» бағдарламасы негізінде оқу құралы, дәптері басылып шығарылды. Жас ұрпақты ұлтын, Отанын сүйетін патриот, жалпыадамзаттық құндылықтарды бағалайтын, ұлттық құндылықтарын қастерлейтін рухы биік парасатты азамат етіп қалыптастыру мақсатында құрастырылған «Ұлттық тағылым» атты оқу құралы осы мақсатты көздейді.

Аталған бағдарлама кешені «Астана дарыны» дарындылықты дамыту және психологиялық сүйемелдеу орталығы ұйымдастырған қалалық «Үздік авторлық бағдарлама» байқауынан жүлделі І орынға ие болып, республикалық байқауға жолдама алды. «ZEREK» мектебіне 2019-2020 оқу жылында қабылданған оқушылар бүгінгі күні 3-сыныпта оқып жүр. Осы уақыт аралығында оқушылар түрлі деңгейдегі республикалық, қалалық байқауларға қатысып, жүлделерге ие болды.  

Олардың барлығы бірдей домбыра тартады, ұлттық салт-дәстүрге қанық, озық ойлы. Біздің даму жоспарымыздағы кезеңдермен келгенде, мектеп ішінде алдымен өзіміз тәжірибеден өткізіп, қорытындылап, қалаға таратылады, болашақта республика көлемінде енгізіп, қазақстандық өзіндік білім беру жүйесі қалыптасқан, ұлттық құндылыққа толы білім мектебінің саны артатынына үмітіміз мол.

Замзагүл ҚИЯНОВА,
№53 мектеп-лицейінің директоры,
Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий