Тиімді басқару – табысты тұлға қалыптастырудың мүмкіндігі

Қай елдің болсын өсіп-өркендеуі, ғаламдық дүниеде өзіндік орын алуы оның ұлттық білім жүйесінің деңгейіне, даму бағытына байланысты. Болашақтың бүгінгіден нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын күш – тек  сапалы білімде ғана. «Білімдіден шыққан сөз, Талаптыға болсын кез.», – деп ұлы ақын Абай атамыз айтқандай, «Ұстаз – әрқашан ілім мен ізгілікті алға қоятын тұлға». Өзгермелі өмірге икемді баланы табысты тұлғаға айналдыруда мектептің алар орны ерекше екені баршамызға аян.

Осы орайда, мектебіміз өз миссиясымен, яғни заман талабына сай сапалы білім беру арқылы оқушылардың кәсіби қабілетін дамыту жолында жұмыс жасап келеді. Ондағы мақсатымыз – оқушыларымыздың ерекшеліктері мен бейімділіктерін дамытуда, білім беру кеңістігінің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, қосымша білім беруді дамыту арқылы әр оқушының бойындағы қабілеттерін толық пайдалануға жағдай жасау.

Мектеп миссиясына жету жолына қойылған міндеттің бірі – оқушыларды мектептің басқару жұмысына тарту арқылы кәсіби қабілетін танытуға бағыттау және дарындылықтарын дамыта отырып, кәсіп таңдауына көмек көрсету. Осы орайда, мектептің өзін-өзі басқару ұйымы оқушыларды түрлі іс-шараларға тартумен ғана шектелмей, тәртіпсіздікті жою жолында жасаған жұмыстары өз нәтижесін көрсетті. Ұстаздармен бірге ата-аналар да оқушылардың жеке тұлға болып қалыптасуына ықпал етіп, «Үштік одақ» жұмысының табысты болуына өз үлестерін қосты.

Әрине, әр оқушының болашақта өз жолын адаспай табуы – ұстаз бен ата-ананың үлкен жеңісі мен жемісі. Баланы заман талабына сай икемдеп, өз заманының озық өнегесін оның санасына сіңіре білу, оларды шығармашылық бағытта жан-жақты дамыту – бүгінгі күннің басты талабы. Жеке тұлғаны қалыптастыруда мектебімізде «Замандас – 21» аулалық клубын ашуды жөн санадық. Бұл клубымыз білім беру, психологиялық қызмет көрсету арқылы балалар мен олардың ата-аналарының бос уақыттарын тиімді өткізуіне көмегін тигізеді.

Қазіргі таңда осы «Замандас – 21» аулалық клубымызға мектептің 1-10 сыныптарының 250 оқушысы би, у-шу, каратэ, авиамодельдеу және т.б. тегін үйірмелерге қатысса, 100 ата-анамыз клубтағы психологтардың қызметін пайдалануда. «Әр бала – зерттелмеген құпия» дегендей, оқушының ішкі жан-дүниесіне үңіліп, қабілетін тануда «Lesson study» сабақты зерттеу жұмысы жолға қойылып, ұстаздардың бірлескен еңбектері біршама өз нәтижесін берді. Мектеп ұстаздары зерттеу нәтижесімен қалалық конференцияда өз тәжірибелерімен бөлісіп, алғыс хаттармен марапатталды.

«Бірігу – бастама, бірге болу – прогресс, ал бірлесіп жұмыс істеу – жетістік» деген ұранды ұстанған ұстаздарымыз «Көмекtims» жобасы аясында № 82 «Дарын» мамандандырылған мектебімен бірлесе жұмыс жасауда. Бірлесе өткізілген семинарларда сабақтағы кері байланыс, қалыптастырушы бағалау түрлерінің қолданылуы, сабақтың оқу мақсаттары мен тапсырмалардың байланысы, сабақта қолданылған тиімді әдіс-тәсілдер, белсенді жұмыс әрекетінің формалары (жеке, жұппен, топпен жұмыс), саралау тапсырмаларының көрініс табуы сияқты өзекті мәселелер төңірегінде ой бөлісіп, нақты тәжірибелік тұрғыда жұмыс жасалынды.

Мұның барлығы оқушыға сапалы білім беруде маңызды орын алары ақиқат.  Бүгінгі таңда жан-жақты, терең білімді, интеллектуалдық деңгейі  жоғары, өмірде өз орнын адаспай табатын, бір сөзбен айтқанда, «табысты тұлға» қалыптастыра алсақ, бұл – тиімді басқарудың нәтижесі деп білемін.

Дидар РАХИМБЕРЛИНА,
№55 орта мектептің директоры,
Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий