Менің мамандығым – кітапханашы

2021 жыл еліміз үшін айтулы жыл.  Ел тәуелсіздігіне 30 жыл толуымен қатар,  ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «2021 жылды Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» деп жариялады. Мемлекеттік саясатының негізгі ұстанымдарының бірі дей келе, «Білімді әрі бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу», мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы  22 қазанда өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің IV отырысында «Сондықтан оқу мәдениетіне баулу, оқу сауаттылығын дамыту қазақстандық мектептердегі білім беру үдерісінің басым бағыттарының бірі болуы тиіс.

Кітап арқылы оқуға, әлемді тануға деген қызығушылық мектеп қабырғасынан бастап қалыптасуы керек. Ал кітапхана осы қызығушылықтың орталығы, осы қызық әлемге жетелейтін орын болуы керек”, – деп атап өткен болатын. Осыған орай еліміздегі бірден-бір рухани қазына ордасы – мектеп кітапханасының алар орны зор. Өскелең ұрпақтың талаптарын қанағаттандыру, рухани байлығы мен жалпы қабілетін дамыту тұрғысында мектеп кітапханасының қосар үлесі мол.

Көптеген кітаптар өзін-өзі тануға, өзін-өзі жетілдіруге, нәтижелерін арттыруға ынталандырады және шабыттандырады. Сондықтан балаларды ерте жастан бастап өмір бойы көркемдік талғамға, күн сайын кітаппен «дос» болуға, кітап оқу арқылы білім әлемін шарлауға үйрету өте маңызды. “Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт” жобасы кітап оқуға деген құштарлығы мол тұлға тәрбиелеу, өскелең ұрпақтың кітап оқу сауаттылығын арттыру мақсатында бекітілген оқу, мәдени, танымдық іс-шаралардың  іске асырылуына өз ықпалын тигізуде.

Мен өз тәжірибемде оқуға жеке және топтық әдістемелік әдіс-тәсілдері мен түрлі формаларды қолданамын. Осы орайда, төменгі сынып оқушылары арасында: «Ойлан, тап!»  Кітап арқылы табиғатты таны – интеллектуалды ойынын ұйымдастырдық. Мақсаты: Кітап оқу мәдениетіне баулу; кітап оқуға дағдыландыру; әлемді тануға деген қызығушылықты арттыру; балалардың ойлау қабілетін, ой ұшқырлығын арттыру; тез және дұрыс шешім қабылдауға баулу. Ойынның қорытындысы сыныптар арасында шығарылып, жеңімпаздар анықталып, мектептің сайтында жарияланады. QR-код арқылы ойынның толық нұсқасымен танысуларыңызға болады.

Кітапханамызда «Book Театр» атты қуыршақ театры тұрақты жұмыс жасайды. Жоспар бойынша 2-4 сынып оқушылары арасында «Менің сүйікті ертегім» атты қуыршақ театрының қойылымдарының байқауы өткізілді. Байқау шарттары: оқушы отбасы мүшелерімен бірлесіп ертегі желісі бойынша видео түсіру; кейіпкерлердің образын дауыс ырғағымен сомдау; видеоның сапалы түсірілуі; эстетикалық талғамының болуы. Нәтижесінде: байқау шарттарына сай болған үздік жұмыстар І, ІІ, ІІІ орын грамоталарымен марапатталды.

«Book Театр» қуыршақ театры 2019 жылы Өскемен қаласында өткен Кітапқұмарлар клубтарының облыстық конкурсының жеңімпаздары қатарынан көрінді. Әдеби мерекелер балалардың шығармашылық тәрбиесі мен дамуында ерекше орын алады. Менің бұл жұмысымның мақсаты – оқушылардың әдеби қабілетін дамыту, оқу белсенділігін қалыптастыру, кітап әлемін шарлай білу, оқуға арналған кітаптарды таңдау қажеттілігі мен қабілетін айқындау еді. Балалар кітаптарын насихаттауға арналған “Әдеби фотокросс” акциясы ұйымдастырылды.

Акция шарты бойынша оқушылар өздерінің жақсы көретін кітаптарына жарнама жасап, видео түсірілді. Ал, «Әдеби фотосессия» акциясы арқылы оқушы өзінің жақсы көретін шығармасындағы бір образды сомдап фотоға түсіп, шығарманың атауы мен авторын анықтау, оны көрсету шарттарын қызығушылықпен орындаған. “Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт” жобасы  аясында 7 сынып оқушылары арасында ұйымдастырылған  «Мен табиғат әлемін кітаппен ашамын» атты отбасылық сайыс мектеп оқушыларының  кітаптарды насихаттауға, оқуға және экологиялық мәдениетін көтеру мақсатында  өткізілді.

Байқауға бір сыныпта оқитын оқушылар өз отбасымен қатысу талаптарын орындады. Әр отбасы «Біздің отбасымыз қандай құспен байланысты?» тақырыбына визит карточкасын дайындап, сол құс туралы жұмбақ, әңгіме, сурет, музыкалық нөмір әзірлеп қысқаша бейнекөрініс түсірді. Таңдаған құстары туралы ақпаратты қандай кітаптардан немесе әлеуметтік желіден алғандары туралы мәлімет берді. Дәстүрлі «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы оқырмандар арасында 15-ші рет өткізілуде. Жоба әдебиетіміздің қазыналы туындыларын насихаттау, оқу мәдениетін қолдау және дамыту, жастарды рухани және патриоттық тәрбиеге баулуға бағытталған.

Жыл кітабы болып таңдалған кітаптар кітапхана оқырмандары арасында кеңінен насихатталып жатыр. Биылғы жылы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, жалпыхалықтық оқуға «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына – 30 кітап» рухани-мәдени акциясы ұсынылып отыр. Осыған орай 5 сынып оқушыларымен балалар жазушысы, публицист Марат Қабанбаевтың «Жиһанкез Тити» әңгімесін оқушылар   https://kitap.kz сайты арқылы оқып, танысып онлайн және офлайн форматта оқырман конференциясы өтті. Ал, 9 сынып оқушылары арасында қазақтың белгілі ақыны, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ұлықбек Есдәулеттің «Киіз кітабы» таңдалып алынған болатын.

Автордың бұл кітабы кітапхана қорында болмауына байланысты оқушылар https://adebiportal.kz сайтын пайдаланды. Оқушылар өздеріне ұнаған  ел мен жер, заман мен қоғам, табиғат пен махаббат туралы жырларын мәнерлеп оқып, өз ойларымен бөлісті. Ы.Алтынсариннің туғанына 180 жыл толуына орай “Ы.Алтынсарин тағылымы – білім тұмары” атты тақырыппен оқушылар  арасында «Үздік аудио оқылым», «Үздік бейне оқылым» және «Үздік буктрейлер»  әдеби конкурстар ұйымдастырылуда.

Қаламыздың кітапханашыларына “Ы.Алтынсарин тағылымы – білім тұмары” атты челленджін жолдаған болатынбыз және бұл челленджді мектеп кітапханасының кітапханашылары қолдап, жалғастырып отыр. 2011 жылдан бастап Халықаралық балалар кітап күні мен Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық қорғау күніне орай ұйымдастырылған «Балалар кітабы апталығы» аясында   6-8 сынып оқушылары арасында «Біздің сынып кітабы» атты оқушылардың шығармашылығын анықтап, шыңдау мақсатында шығармашылық сайыс өтеді.

Сынып кітабының сайысына қойылатын талаптар: сынып кітабын жасау барысында кітап құрылымын сақтауы (мұқаба, титул беті, алғысөз, мазмұны, арнайы рубрикалар); сайысқа сынып оқушыларының шығармашылығы толық қамтылуы (оқушының шығарған өлең-тақпақтары, әңгіме ертегілері, салған суреттерімен ребустары); кітап көлемі А4 форматында 30 беттен төмен болмауы және шрифт көлемі 14 болуы керек. Сайыс төмендегі критерийлер бойынша бағаланады: жаңашыл ізденіс пен қайталанбас ерекшелігі; ереже тәртібін сақталуы.

Сынып кітабының тақырыптары әр жыл сайын кітапхананың балалар кітабы апталығының жоспарына сай әр түрлі болады. Мысалы: «Мәңгілік ел тірегі – Алаш», «Туған қалам – Семейім», «Ұлы даланың жеті қыры», «Әлемге танылған тұлға», «Кел, балалар, оқылық». Сайыс қортындысы кітап мерекесінде жарияланып, мақтау қағаздарымен марапатталды және жеңімпаздардың жұмыстары мектеп сайтына орналастырылды. Жас таланттардың шығармаларын республикалық газет-журналдарға жіберіп, жариялауға ат салысамыз.

Бұл шара оқырмандарымыздың шығармашылықпен айналысуына деген ынталарын оятады. Гимназия қабырғасында өтетін семинарларда ұстаздарымыз оқушылардың қолынан шыққан шығармашылық кітаптарына қызығушылықтарын танытады. Тарихи дамудың қай кезеңінде болмасын кітапханашы – білімді бойына жинап, таратушы адам ретінде танылып келеді. Кәсіби білімнің кітапхананың атқаратын қызметіне тікелей қатысы бар, өйткені кітапханашы әркез өз білімін көтеретін шараларға қатыспаса, атқаратын қызметіне кері әсерін тигізеді.

Осыған орай 2019 жылы «Жалпы білім беретін мектеп кітапханашыларының үздіксіз білімі: мотивациялық мәселер» тақырыбы бойынша облыстық оқыту-практикалық семинарында шеберлік сынып өткізіп, Алғыс хатпен; «Инновациялық менеджмент – білім сапасын арттыру негізі» облыстық семинарына қатысып Грамотамен; «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» жобасы аясында «Үздік мектеп кітапханасы – 2021» облыстық қашықтық конкурсының қалалық кезеңінде І орын,  грамотасымен; Педагогтердің цифрлық құзырлығын дамыту, сертификатымен марапатталдым.  

Кітапханамызда өткізілген әдеби, мәдени, танымдық іс-шаралармен гимназиямыздың сайтынан әлеуметтік желілері арқылы көріп, таныса аласыздар: http://www.semei-shakarim.mektebi.kz/https://www.instagram.com/shakarim_gymnasium.semey/ https://www.facebook.com/groups/1347868282227842

Гулжанар Муратбековна ТОБЫКБАЕВА,
Шәкәрім атындағы үш тілде оқытатын
көпбейі
нді гимназияның кітапханашысы,
Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий