Қазақ тілін үйрену арқылы мектеп жасына дейінгі балалардың адамгершілік қасиеттерін дамытудың маңызы
«Бөбек» ҰҒПББСО «Өзін-өзі тану» балабақшасының қазақ тілі пәнінің оқытушысы Б.Сембина «Қазақ тілін үйрену арқылы мектеп жасына дейінгі балалардың адамгершілік қасиеттерін дамыту» тақырыбында фейсбук тікелей эфирінде сөз сөйлейді. «Мен бала жас кезінен –ақ әрқашанда сау әрі бақытты болып өсуін, өмір даналығы мен адамзатқа қызмет ете білу бақытын игере отырып өсуін қалаймын. Өзінің кім екендігін, не үшін өмір сүріп, не үшін талпынатынын пайымдай білсін. Әркім өзін ашып, көрсете білуі тиіс, – дейді Сара Алпысқызы Назарбаева.
Заманауи мектепке дейінгі білім берудің ең маңызды міндеті – тұлғаның үйлесімді және жан-жақты дамуы, балалардың жас және жеке мүмкіндіктерін ескере отырып, негізгі құзыреттілігін қалыптастыру.Мектеп жасына дейінгі баланың жан-жақты дамуы- ол ең алдымен сөйлеу дағдысын қалыптастыру. Сөйлеу – адам өміріндегі жинақталған тәжірибемен бөлісудің, мінез-құлық пен белсенділікті реттеудің алуан түрлі коммуникациялық функцияларын орындайды.Тілді меңгеру, сөйлеуді дамыту – мектепке дейінгі балалық шақтағы маңызды білім қоры.
Халық арасында «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте»деген даналы сөз бар. Тіл – мемлекеттің тұғырлы темірқазығы. Тіл – ұлттың тірегі. Тіл – өз халқымыздың рухани байлығы, өткені мен болашағы. Тіл – мәдениеттің бір көрінісі. Ол уақыттан жоғары тұрады және бізді де, жеке адамды да, жалпы қоғамды да қозғалысқа келтіретін күшке ие. Бүгінгі балалар ертең ел тізгінін ұстайтын еліміздің болашағы. Сондықтан еліміздің болашақ азаматтарын тәрбиелеудің қамын осы күнен бастап ойлау керек. Кез келген қоғамда баланың бойында адамгершілік пен отансүйгіштік қасиетті тәрбиелеудің маңызды факторларының бірі – өз мемлкетінің тіліне деген құрмет болып табылады.
Жыл сайын қазақ тілімен қатар ағылшын тілін де үйрену қажеттілігі артып келеді. Бұл мектепке дейінгі кезеңге толығымен қатысты. Мектеп жасына дейінгі балалардың ата –аналары күннен-күнге балаларының тілді үйренуге деген қызығушылықтарын арттыруда. Атап айтқанда мектепке дейінгі ұйымдарда, бұл көбінесе қазақ тілін міндетті түрде оқыту үрдісімен анықталады, сондықтанда саналы тәрбие ретінде қазақ тілін үйренуге тәрбиелеудің түп негізі – балабақшада қалыптасады.
Оқу үдерісінің бір бөлігі ретінде қазақ тілін оқыту білім берудің негізгі құрамдас бөліктерінің біріне айналады, бұл шет тілінің коммуникативтік құзыреттілігін қалыптастыру үдерісін жеделдетіп қана қоймайды, сонымен қатар өз кезегінде баланың жалпы дамуына оң әсерін тигізеді. Біздің балабақшада бүлдіршіндерге қазақ тілін жүйелі түрде оқыту 3 жастан бастап жүргізіледі. Мақсаты – мемлекеттік тілді меңгеруге, үлкендермен қарым-қатынас жасауға деген құштарлығын қалыптастыру.
Мұғалімнің осы жас кезеңінде қоятын міндеттері – балаларға ойыншықтардың, тұрмыстық заттардың, кейбір жануарлардың атауларын қабылдауға және түсінуге үйрету; «Мынау не?»деген сұрақты түсінуге, қысқа сөйлемді сұраққа жауап беруге үйрету болып табылады. Балалардың мемлекеттік тілді меңгеру мазмұны мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың Үлгілік бағдарламасында көрсетілген. Білім беру мен тәрбиелеу бағдарламаларына сәйкес балабақшада мектеп жасына дейінгі балалардың сөздік қоры мыналарды қамту тиіс.
Қазақстан Республикасының рәміздерін үйрену, басты қалалардың көрнекі орындарын білу; жыл мезгілдері мен табиғат құбылыстарын білдіретін сөздерді меңгеру; (Мысалы: жаз, күз, көктем,қыс, жаңбыр, күн, қар сияқты сөздер). Қазақ тіліндегі төл дыбыстарды (ә, ө, ү, ұ, і, ғ, қ, ң, ы) есту, дұрыс айта білу; қарапайым диалогтік және монологтық сөйлеуді қалыптастыру; қарым-қатынас мәдениетіне тәрбиелеу; сөздік қорын байыту және белсендіру.
Мемлекеттік стандартқа сәйкес жастық ерекшеліктерін ескеріп және алдыма қойылған мақсаттарыма сүйене отырып күнделікті сабақ жоспарын құрастырамын. Ұйымдастырылған оқу қызметінің кезеңдері: сабақтың ұйымдастыру кезеңін өткіземін. Балалармен амандасып, қалдарын, жыл мезгілін, бүгінгі ауа райын, апта күндерін сұраймын. «Шаттық шеңбері». .Өткен сабақтың тақырыбын дидактикалық ойындарды қолдану арқылы қайталаймын . Мысалы: «Кім көп сөз айтады?», «Қандай ойыншық», «Мынау не?, Мынау кім?», «Суреттер сөйлейді», (суретті көрнекіліктер арқылы).
Дыбыстық жаттығулар орындаймыз. Қазақ тіліне тән дауысты және дауыссыз дыбыстарды дұрыс айтуға жаттықтыру арқылы, дыбыстық жатығуларды өткіземін. Мысалы; Күз мезгілі тақырыбына байланысты мынандай дыбыстық жаттығу жүргіземін: Үз-үз-үз – келді міне күз, Ақ-ақ-ақ –сарғаяды жапырақ. Көрнекі суреттермен жұмыс жүргіземіз. Көрнекі суреттер арқылы сөздік жұмысын жүргіземін. Көбінесе осы жұмысымыз «сұрақ-жауап» түрінде өтеді.
Мынау не? Мынау кім? деген сұрақтарға балалардың дұрыс және толық жауап беруін үйретемін. Балалар тек қана доп, қуыршақ , ата, әже деп жауап бермей- Мынау доп. Мынау менің атам,- деп толық жауап қайтаруға тырысады. Сергіту сәтін өткіземіз. Қорытынды жасаймын: жұмыс дәптердегі жаттығу жұмыстарын орындауды тапсырамын. Сонымен қатар қазақ тілі пәнін оқыту барысында «Тілге ену» технологиясын қолданамын. Тілге ену (языковое погружение) – ұлттық тілді меңгерудің кілті. Біз балабақшамызда «Тілге ену» технологиясын қолданамыз. «Тілге ену» технологиясы: балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес қазақ тілінен білім беруге.
Балабақшада балалардың күнделікті өміріне қазақ тілін енгізуге; қазақ халқының мәдениеті мен салт –дәстүріне ұйымдастырылған оқу қызметінде , серуендеу , күн тәртібі және ойын арқылы тұрақты қызығушылықты оятуға; отбасында балалардың қазақ тілін үйренуге деген қызығушылығын қолдауға; мектепте қазақ тілін оқуды жалғастыруға және жетілдіруге баланың саналы тілегін қалыптастыруға көмектеседі. Тілге ену – екі тілде білім берудің ең қуатты әдістерінің бірі. Бұл тілді үйрету әдісі оқу шарттары мүмкіндігінше табиғи жағдайларға жақын болған кезде жүзеге асады. Оның артықшылығы – жүйелілік, әдістемелік бірлік және ғылыми негізде болып табылады.
Оқыту принциптері: топта дамытушы ортаны құру (көрнекілік және қол жетімділік); балалардың эмоционалды көңіл-күйін қалыптастыру; күнделікті белсенді түрде балалармен қарым -қатынаста қазақ тілін қолдану; әр баланың жеке мүмкіндіктері мен даму деңгейін, сондай-ақ отбасындағы мәдениет пен дәстүрдің ерекшеліктерін ескеру; балаларды шамадан тыс материалдың көлемімен жүктемеу; түрлі көрнекілік құралдарын пайдалана отырып, ұйымдастырылған оқу қызметін ойын түрінде өткізу.
Балаға білімді балабақшаның басқа кабинеттерінде (қазақ тілі кабинетінен бөлек), немесе балабақша аумағынан тыс жерлерде (мұражай, кітапхана, бақша, тарихи ескерткіш және тағы да басқа) ұйымдастырылған оқу қызметін өткізу; басқа балабақша тәрбиешілерімен, мамандарымен кешенді сабақтар өткізу; ойын кезіңде, күн тәртібі сәттерінде және балалармен қарым-қатынас барысында қарапайым сөйлемдерді қолдануды белсендіру; серуен барысында алған білімдерін және сөздік қорын нығайту және бекіту мақсатында қайталау.
Біздің балабақшада шағын мұражай бар. Онда қазақ халқының тұрмыстық заттары мен мәдениетін бейнелейтін құралдар және де, балаларға арналған қазақ тіліндегі көркем әдебиет, дидактикалық материалдар бар. Тәжірибемізде балалардың қазақ тілінде дұрыс сөйлеу дағдысын қалыптастыруда әндер мен өлеңдерді айтудың маңызы зор. Әндерді, тақпақтарды, санамақтарды жаттау балалардың тілді үйренуге деген қызығушылығын арттырады және сөзді дұрыс айту дағдыларын бекітеді.
Балаларға қазақ тілін үйрету ойын, ән айту, бейне және аудио жабдықтарды, көрнекі құралдарды пайдалана отырып, қызықты ойын түрінде жүзеге асырылады. Топтарда «Қазақ тілін үйрену» бұрыштары жасақталып, онда тақырыптар мен жаңа сөздер көрсетілген. Қазақ тілін оқыту ойын түрінде жүргізіледі. Дыбыстық сөйлеу мәдениетінің фонетикалық жаттығулары арқылы бала белгілі бір дыбысты сөзде дұрыс айтуды үйренеді. Мысалы: Ға-ға-ға-қарға, ді-ді-ді-келді. Дидақтикалық ойындар «Сұрақ-жауап», «Танысу», «Аудармашы», «Ғажайып қап» Родік ойындар, «Дүкен» және тағы да басқалар.
Ата-аналардың балабақшадағы сабақтарға, мерекелерге, балабақшада өткізілетін бірлескен іс -шараларға қатысу арқылы біздің жұмысымызбен танысу мүмкіндіктері бар. Сонымен қатар балаларының тілді меңгерудегі нақты жетістіктерін көре алады. Балабақшадағы қазақ тілін оқыту баланы жас ерекшелігіне сай шамадан тыс жүктемеу принципіне сәйкес жүргізіледі. Грамматика негіздерін үйрену үш-бес жастағы балалар үшін қиын, бұл жастағы балалар әлі дайын емес. Грамматикасыз қазіргі заманауи тілді үйрену әдістері өзінің тиімділігін дәлелдеді.
Тәжірибелі мұғалімдер лексикалық базаны кеңейтуді жөн көреді, сол арқылы қысқа (екі -төрт сөзден тұратын) сөйлемдерді айтуға үйренеді. Мектеп жасына дейінгі балалар жағдайында сөздік тәжірибесіне назар аударудың мәні бар. Қазақ тілін оқытудың жалпы үрдісі-баланың жеке- танымдық, ойындық қажеттіліктерін қанағаттандыру барысында, ересектермен және құрдастарымен қызықты қарым –қатынас кезінде құрылады.
Сондықтан бастапқы кезеңде – мектепке дейінгі жаста қазақ тілін оқытудағы коммуникативті бағдар сюжеттік ойындар, ойын ситуациялары мен драматизация жүйесінде жүзеге асады.Ойын әрекеттері мен драматизация үрдісінде балалар жаңа білім алады, бұрынғысын қолданады, оқу іс -әрекетінде қажетті дағдыларды дамытады. Қойылымдар, ойындар, ұйымдастырылған оқу қызметі барысында мектеп жасына дейінгі балалар қазақ халқының салт -дәстүрімен танысады.
Бірақ тіл тек қарым-қатынас құралы ғана емес. Тілді үйрену халықтың салт -дәстүрін, әдет -ғұрпын, халық ауыз әдебиетін зерттеуді қамтиды. Мектеп жасына дейінгі балалардың тілдік дамуының негізінің маңызды шарты – ата -аналармен тығыз қарым –қатынас орнату. Өйткені, отбасы – ұлттық салт-дәстүрді сақтаушы. Адамның моральдық құлдырауын, жан дүниесінің дөрекіленуін ең алдымен отбасыдан алған мәдени тәрбие ғана тоқтатады.
Мұның бәрі отбасымен жұмысты жоспарлау кезінде ескерілуі тиіс. Балабақша мен отбасының өзара әрекеттесуі мектеп жасына дейінгі балалардың қазақ тілін меңгеру белсенділігін жан -жақты дамытудың қажетті шарты болып табылады, өйткені мұғалімдер мен ата -аналар үйлесімді әрекет ететін жерде жақсы нәтиже болады. Әр баланың отбасымен жағымды қарым -қатынас орнатуы, қазақ тілін үйренуге және мектепке дейінгі жастағы балаларды қазақ халқының мәдениетін, салт-дәстүрін таныстыруға күш біріктіру болып табылады.
Мектеп жасына дейінгі балаларға мемлекеттік тілді оқыту үдерісіне ата-аналардың қатысуын ынталандыру және ең тиімді жұмыс түрлерін іздестіру және жүзеге асыру. Мектеп жасына дейінгі балаларды қазақ халқының ұлттық бастауларымен таныстырудағы отбасылық тәрбиенің озық тәжірибесін зерттеу және жалпылау. Әрбір мектепке дейінгі балалардың отбасында қазақстандық патриотизм сезімін қалыптастыру үшін ата -аналардың педагогикалық құзыреттілігін арттыру.
Жоғарыдағы міндеттердің сәтті орындалуы, балабақшада балалармен жұмыс жасайтын мұғалімдер мен ата -аналар арасында тығыз қарым-қатынаспен , бірлескен жұмыстың арқасында жүзеге асады. Сонымен қатар, отбасымен өзара әрекеттесу жүйесі ешбір жағдайда біржақты болмауы керек. Бұл ата-анаға педагогикалық білім беру ғана емес, сонымен қатар отбасының қажеттіліктерін зерттеу, белгілі бір отбасынан шыққан жеке баланың даму тенденцияларын бірлесіп әзірлеу, ата-ананың балабақша өмірі мен қызметіне қатысуы.
Кері байланыс принципін сақтау – қазақстандық патриотизм сезімін қалыптастыруда және мектепке дейінгі жастағы балаларға мемлекеттік тілді үйретуде ең маңызды шарт. Тілді білу арқылы сіз қызықты жаңа дүниені ашасыз. Тілді үйрене отырып, сіз біртіндеп көршілеріңіздің, достарыңыздың, таныстарыңыздың сөйлеуін түсінуді үйренесіз. Адамдардың сөйлеуі мен ойларын түсіне бастағанда, сіз олардың мәдениеті әлеміне, ойлау тәсілдеріне енесіз, сіз бұл тілдің қаншалықты мағыналы, бай және дана екенін білесіз.
Сондықтан, егер сіз дайын болсаңыз, бізбен бірге тілді үйреніңіз! Жүсіпбек Аймауытов айтқандай: “Ана тілі – жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы, жанның барлық толқындарын ұрпақтын ұрпаққа жеткізіп сақтап отыратын қазына»… Сондықтан қазынамызды құрметтей білейік, құрметті әріптестер.
Бахытгуль Жияншаевна СЕМБИНА,
“Бөбек” ҰҒПББСО “Өзін-өзі тану”
балабақшасының қазақ тілі пәні мұғалімі