Көшбасшылық пен менеджмент: Мектепті тиімді басқару жолдары қандай?

Бүгінгі өзгермелі уақытта ертеңгі күннің бүгінгі күннен өзгеше болатынын уақыт көрсетуде. Мектептерді басқарудың жаңа үдерістері  жаңа әрекеттерді, жаңа шешімдерді талап етеді. Мектеп әлемін өзгертетін мұғалім болса, сол мұғалімнің шығармашыл, көшбасшы болып дамуына жағдай жасай отырып, сенім мен өзара қолдау көрсеткен жағдайда бөлінген көшбасшылықтың қалыптасуында, оқу мен оқытуды жақсартуда мектеп әкімшілігінің рөлі ерекше. 

Касимова Дина Амангельдиновна

Басқару функцияларын тиімді орындау үшін басшыға не қажет? Ең алдымен мектеп басшылығы ұжыммен команда ретінде жұмыс істеп, мектепті басқаруда күнделікті оқу мен оқыту процесін бақылап, анализ жасай отырып  алынған деректер негізінде мектептің мықты жақтарын анықтап, олардың қажеттіліктерін белгілей отырып, бүкіл ұжымның жұмысын ұйымдастыруда ескеруі қажет: кадрларды дұрыс таңдау; мектептің педагогикалық ұжымына басшылық ету; мұғалімдердің кәсіби деңгейін көтеруге жағдай жасау; олардың педагогикалық шығармашылығына жол ашу; оқу тәрбие процессінің барысын, оқушылар білімінің сапасы мен жеке тұлға ретінде дамуын, сыныптан тыс жұмыстың мазмұны мен ұйымдастыруын бақылау.

Мұғалім мен оқушылардың қоғамдық ұйымдармен іскерлік, ынтымақтастық қатынастарын орнату; ата-аналар қоғамдастығы ұйымдары жұмысын ұйымдастыру; жергілікті қоғамдық ұйымдар, жоғары оқу орындары және негізгі кәсіпорындар мен іскерлік байланыс орнату; мектептегі қажетті санитарлық-гигиеналық тәртіпті орнату, оқушылардың, мұғалімдер мен  мектептегі өзге де қызметкерлердің сабақтағы және іс -әрекеттің басқа түрлері бар сынды еңбекті қорғау мен қауіпсіздік шараларын сақтауы; мектеп қоғамдастығының әр мүшесінің дамуына жағдай жасап, барлық іс-әрекеттеріне қолдау көрсету.

Табысты мектеп өміріне  көп адам араласады, сондықтан олар ешкімнің мәртебесіне қарамастан бірлесе бір командада жүмыс істеуге тиіс. Директор мектептің жұмыс күшін басқарған кезде мұғалімдердің әл-ауқатын ескеруге және білім берудің нәтижесі мен мұғалімдік қызметімен күн көріп жүрген адамдарға қойылатын талаптардың тепе-теңдігін сақтауға тиіс.  Мектеп жұмысын  жүзеге асыру бір адамның қолынан келмейді. Сол сияқты табысты басшы мектептің тұрақты дамуының кепілі бола алмайды, табысты басшы болу үшін ұжымда қалыптасқан көшбасшылық мәдениеттің ұзақ жылдар бойы мектеп миссиясына тұрақты түрде жұмыс істеуін қамтамасыз ету маңызды.

Осы орайда мектеп миссиясының маңыздылығын атап өткен дұрыс. Себебі мектеп миссиясын жасауда мектепке қатысты барлық қызметкерлер (тараптар) қатыстырылу керек. Миссия ұзақ мерзімді жасалғанымен кейде мектеп басқарушылары әр тараптың үндерін есепке алмай, миссияны бір жақты және қысқа мерзімді мақсат ретінде көреді. Миссияға қол жеткізуде жасалған болжамдардың маңыздылығы тыс қалатын жағдайлар да жиі кездеседі. Тіпті кейбір мектептердің қабырғаларында тұрған миссияның құндылығына мән беремей, сол бетінде елеусіз қала беретіні өкінішті.

Миссияның негізгі функциясы ата-аналарға өз баласының болашағына қатысты шешімдерді қабылдап, мұғалімдерге мектепке деген сенімін нығайту болып табылады.  Миссияға бағытталған құндылықтарды оқушылардың бойына сіңіруде мұғалімдердің мектеп басшыларына қарағанды рөлі басымырақ. Мектеп миссиясын терең түсінетін мұғалім сабақтың әр кезеңінде мектеп құндылықтарын  оқушыларға тиімді жолдармен, функционалдық сауаттылықтарының дамуына ықпал жасай отырып жеткізе алады.  Себебі әр мұғалім сабақты сынып оқушыларына белгілі бір болжаммен сабақ беруде күмән келтіре отырып, өзінің және оқушылардың іс-әрекетін терең бақылау дағдысын үнемі дамытуды әдетке айналдырады.

Ондай мұғалім зерттеуші қасиетіне ие бола отырып, сынып көшбасшылығынан мектеп көшбасшысына айналады. Оқушыға мисияның құндылықтарымен байланысқан сабақ сандық (тұрмыстық сана) сапамен шектелмей, яғни ҰБТ нәтижесінің деңгейімен ғана өлшенбей, сапалық (рухани сана) дамудың перспективасын көруге,  ұзақ мерзімді жоспар құруға мүмкіндік беруі маңызды.Мектепің негізгі құндылықтарын қалыптастырып, нығайту үшін мектеп әкімшілігі мұғалімдердің үнін тыңдап, зерттеу фокусын талқылау барысында бақылап, сенімді қарым-қатынас мәдениетін орнатуды жүйелеу керек.

Бұл талқылаулар қалыпты болып көрінгенімен, ұжымда сенімді қарым- қатынас орната отырып, өзара түсіністікті дамыту және өзге мұғалімдердің өзіне деген сенімін нығайтуда рөлі зор. Мұғалімдер кез келген кедергілерге төзе отырып, оларды шешу жолында сыншы достары- басқа әріптестері мен мектеп әкімшілігінің қолдауымен шынайы жұмыстарын әрі қарай табандылықпен жалғастырады. Либерман, Саксл және Майлз (1988) мұғалім көшбасшылығына арналған ауқымды зерттеулерінде мұғалімдердің өзге мұғалімдерге көмек көрсету барысында өздеріне көшбасшылық рөлді ала алатының атап өтті.

Осындай қасиетке ие мұғалімдерде мейірімділікпен қараудың негізгі құндылығы мен көшбасшылық қасиеті дамиды. Олар оқушыларына «шартсыз махаббатпен»  адами құндылықтардың қалыптасуына ықпал етіп, негізгі ұстанымдарды ұсынады. Негізінен мұғалім тек мұғалім рөлінен шығып, әкімшілік рөлін алған кезде, ал әкімшілік мұғалім рөліне түскенде ғана өзіне жауапкершілікті алады. Өзгеріске толы уақытта көшбасшы мұғалімнің рөлі түбегейлі өзгерді. Қазіргі кезде мұғалімнен тек басқарушы емес, нағыз көшбасшы болу талап етілуде.

 

Алибекова Сандугаш Сарсеновна

Көшбасшылық – көзқарасты шындыққа айналдыра білу қабілеті  (Уоррен Беннис). Ақиқатқа бағытталған жұмыс барысында көшбасшы мұғалім субъективті пікірлерге жол бермейді. Пікірлердің біржақтылығын болдырмауда талқылаулардың, тәжірибе алмасудың, бөлінген көшбасшылықтың және объективті пікірдің қалыптасуы маңызды. Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып, оқушыдан өзіміз істемеген істі талап етпеуіміз тиіс. Мұғалімнің сөзі мен ісінің сәйкес болуы, оқушының ақиқат пен жалғанның ара-жігін ажыратып, академиялық адал болуға барынша септігі тиеді.

Бұл мұғалімдердің және оқушылардың кез келген еңбекте басқа авторлардың пікірлеріне дұрыс сілтеме жасауға, дереккөздермен жұмыс істей білуге, сүзгілеуге, басқалардың идеялары мен пікірлерін заңсыз көшірмеуге үйретіп, алған білімдерін жағдаяттарда тиімді пайдалану дағдысын дамытады. Көшбасшы мұғалімнің негізгі құндылығының бірі-ашықтық. Олар ақпарат алуға және басқалармен бөліскенде өзінің пікірін, дәлелдерін негіздеп жеткізуді басшылыққа алады. Қорытындыларына қайта орала отырып, тәжірибесін жақсартуға мүмкіндік алады.

Осыдан біз мектептің өмірге дайындалу орны емес, мектептің өзі өмір екенің сезінеміз (Джон Дьюи). Яғни мектепте сапа мен бір мезеттік нәтижені қуалаумен шектелмей, оқушылардың шынайы өмірде тап болатын проблемаларын ұтымды шешуге бағыт-бағдар алып, табысты болуға үйрету керек. Балалар біздің сенімсіздігімізге күш, қатемізге батылдық береді. Олар бізге іздену және зерттеу жүргізу қуанышын, зерттеудің құндылығын басқаларға және басқа заттармен қақтығысқа түсетін барлық жаңа дүниеге ашық болуды ұсынады, соны табыс етеді (Карлина Ринальди). 

Мемлекет басшысының тапсырмасымен қазіргі кезде мектеп басшылығын тағайындау тәртібі, ротациялаудың жаңа институты енгізіліп жатыр.  Білім беру ұйымдарының мектеп басшылары мұғалімдердің өзара ынтымақтастығын күшейтіп, бірлескен кәсіби шараларды іске асыруда өзінің зерттеушілік және тәжірибелік білімдерімен бөлісуге дайын мұғалімдердің қоғамдастығын құрып, ұжымда өзара сенім қалыптастырып, кез келген ортада іске асыруы тиіс. Тиімді менеджменттің нәтижесінде мектепте кәсіби ұжым мен оқуға арналған қолайлы орта құруды басты назарда ұстауы керек.

Тек мықты директор ғана үздік нәтижелерге қол жеткізетін табысты мектепті қалыптастыруда жұмысты тиімді ұйымдастырып, ата-аналар, оқушылар және білім беру  орталарымен ашық жұмыс істейді. Мұғалімдерді мектеп әлемін ерікті түрде жақсартатын, өзімен бірге жігерлендіріп, тек басшылық жасамай, шығармашылық тұрғыда шабыттандырушы әрі көшбасшы бола білуі керек.

Дина Амангельдиновна КАСИМОВА,
Әлихан Бөкейхан атындағы №76 мектеп
ицейдің мұғалімі, SHARE жобасының зерттеушісі,
Сандугаш Сарсеновна АЛИБЕКОВА,
SHARE жобасының зерттеушісі, мектеп
үйлестірушісі, Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий