Тілді үйренудің бала тәрбиесіндегі рөлі

Заманауи мектепке дейінгі білім берудің ең маңызды міндеті – тұлғаның үйлесімді және жан-жақты дамуы, балалардың мүмкіндіктерін ескере отырып, негізгі құзыреттілігін қалыптастыру. Мектеп жасына дейінгі баланың жан-жақты дамуы сөйлеу дағдысын қалыптастыруға байланысты.

Адам өміріндегі жинақталған тәжірибемен бөлісудің, мінез-құлық пен белсенділікті реттеудің алуан түрлі коммуникациялық функцияларын сөйлеу орындайды. Тілді меңгеру, сөйлеуді дамыту – мектепке дейінгі балалық шақтағы маңызды білім қоры. Халық арасында «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген даналық сөз бар. Тіл – мемлекеттің тұғырлы темірқазығы, ұлттың тірегі, сондай-ақ халқымыздың рухани байлығы, өткені мен болашағы және мәдениеттің бір көрінісі. Ол уақыттан жоғары тұрады және бізді де, жеке адамды да, жалпы қоғамды да қозғалысқа келтіретін күшке ие. Бүгінгі балалар ертең ел тізгінін ұстайтын еліміздің болашағы. Сондықтан еліміздің болашақ азаматтарын тәрбиелеудің қамын осы күннен бастап ойлау керек.

Кез келген қоғамда баланың бойында адамгершілік пен отансүйгіштік қасиетті тәрбиелеудің маңызды факторларының бірі – өз мемлекетінің тіліне деген құрмет болып табылады. Жыл сайын қазақ тілімен қатар ағылшын тілін де үйрену қажеттілігі артып келеді. Бұл мектепке дейінгі кезеңге толығымен қатысты. Мектеп жасына дейінгі балалардың ата-аналары күннен-күнге балаларының тілді үйренуге деген қызығушылықтарын арттыруда. Мектепке дейінгі ұйымдарда, бұл көбінесе қазақ тілін міндетті түрде оқыту үрдісімен анықталады, сондықтан да саналы тәрбие ретінде қазақ тілін үйренуге тәрбиелеудің түп негізі – мектепке дейінгі ұйымдарда қалыптасады. Оқу үдерісінің бір бөлігі ретінде қазақ тілін оқыту білім берудің негізгі құрамдас бөлігінің біріне айналады, бұл шет тілінің коммуникативтік құзыреттілігін қалыптастыру үдерісін жеделдетіп қана қоймай, өз кезегінде баланың жалпы дамуына оң әсерін тигізеді.

Біздің балабақшада бүлдіршіндерге қазақ тілін жүйелі түрде оқыту 3 жастан бастап жүргізіледі. Сол арқылы балалардың мемлекеттік тілді меңгеруге, үлкендермен қарым-қатынас жасауға деген құштарлығын қалыптастыру көзделеді. Мұғалімнің осы жас кезеңінде қоятын міндеттері – балаларға ойыншықтардың, тұрмыстық заттардың, кейбір жануарлардың атауларын қабылдауға және түсінуге үйрету; «Мынау не?» деген сұрақты түсінуге, қысқа сөйлемді сұраққа жауап беруге үйрету болып табылады. Балалардың мемлекеттік тілді меңгеру мазмұны мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік бағдарламасында көрсетілген. Білім беру мен тәрбиелеу бағдарламаларына сәйкес балабақшада мектеп жасына дейінгі балалардың сөздік қоры бірнеше дүниелерді қамту тиіс. Оларды атап өтер болсақ:

– ҚР рәміздерін үйрену, басты қалалардың көрнекі орындарын білу;

– Жыл мезгілдері мен табиғат құбылыстарын білдіретін сөздерді меңгеру (Мысалы: жаз, күз, көктем, қыс, жаңбыр, күн, қар сияқты сөздер);

– Қазақ тіліндегі төл дыбыстарды (ә, ө, ү, ұ, і, ғ, қ, ң, ы) есту, дұрыс айта білу;

– Қарапайым диалогтік және монологтық сөйлеуді қалыптастыру;

– Қарым-қатынас мәдениетіне тәрбиелеу;

– Сөздік қорын байыту және белсендіру.

Мемлекеттік стандартқа сәйкес жастық ерекшеліктерін ескеріп және алдыма қойылған мақсаттарыма сүйене отырып күнделікті сабақ жоспарын құрастырамын. Ең алдымен, сабақтың ұйымдастыру кезеңін өткіземін: балалармен амандасып, қалдарын, жыл мезгілін, бүгінгі ауа райын, апта күндерін сұраймын; «Шаттық шеңбері»; өткен сабақтың тақырыбын дидактикалық ойындарды қолдану арқылы қайталаймын. Мысалы: «Кім көп сөз айтады?», «Қандай ойыншық», «Мынау не?», Мынау кім?», «Суреттер сөйлейді» (суретті көрнекіліктер арқылы). Артынша дыбыстық жаттығулар орындаймыз.

Қазақ тіліне тән дауысты және дауыссыз дыбыстарды дұрыс айтуға жаттықтыру арқылы, дыбыстық жатығуларды өткіземін. Мысалы, күз мезгілі тақырыбына байланысты мынандай дыбыстық жаттығу жүргіземін: «үз-үз-үз – келді міне күз», «ақ-ақ-ақ – сарғаяды жапырақ». Одан бөлек көрнекі суреттермен жұмыс жүргіземіз. Көрнекі суреттер арқылы сөздік жұмыс өткіземін. Көбінесе осы жұмысымыз «сұрақ-жауап» түрінде өтеді: «Мынау не? Мынау кім?» деген сұрақтарға балалардың дұрыс және толық жауап беруін үйретемін. Балалар: «Доп, қуыршақ, ата, әже», – деп қысқа жауап бермей: «Мынау – доп. Бұл кісі – менің атам», – деп толық жауап қайтаруға тырысады. Кейіннен сергіту сәтін өткізіп, қорытынды жасап, жұмыс дәптердегі жаттығу жұмыстарын орындауды тапсырамын.

Сонымен қатар қазақ тілі пәнін оқыту барысында «Тілге ену» технологиясын қолданамын. Тілге ену (языковое погружение) – ұлттық тілді меңгерудің кілті. Балабақшамызда осы «Тілге ену» технологиясын қолданамыз. Аталмыш технология балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес қазақ тілінен білім беруге, балабақшада балалардың күнделікті өміріне қазақ тілін енгізуге, қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүріне ұйымдастырылған оқу қызметінде, серуендеу, күн тәртібі және ойын арқылы тұрақты қызығушылықты оятуға қпал етеді. Тілге ену – екі тілде білім берудің ең қуатты әдістерінің бірі. Тілді үйретудің бұл әдісі оқу шарттары мүмкіндігінше табиғи жағдайларға жақын болған кезде жүзеге асады. Оның артықшылығы – жүйелілік, әдістемелік бірлік және ғылыми негізде болып табылады.

Балабақшамызда шағын мұражай бар. Онда қазақ халқының тұрмыстық заттары мен мәдениетін бейнелейтін құралдар және балаларға арналған қазақ тіліндегі көркем әдебиет, дидактикалық материалдар бар. Тәжірибемізде балалардың қазақ тілінде дұрыс сөйлеу дағдысын қалыптастыруда әндер мен өлеңдерді айтудың маңызы зор. Әндерді, тақпақтарды, санамақтарды жаттау балалардың тілді үйренуге деген қызығушылығын арттырады және сөзді дұрыс айту дағдыларын бекітеді. Балаларға қазақ тілін үйрету ойын, ән айту, бейне және аудио жабдықтарды, көрнекі құралдарды пайдалана отырып, қызықты ойын түрінде жүзеге асырылады.

Топтарда «Қазақ тілін үйрену» бұрыштары жасақталып, онда тақырыптар мен жаңа сөздер көрсетілген. Қазақ тілін оқыту ойын түрінде жүргізіледі. Дыбыстық сөйлеу мәдениетінің фонетикалық жаттығулары арқылы бала белгілі бір дыбысты сөзде дұрыс айтуды үйренеді. Мысалы: Ға-ға-ға-қарға, ді-ді-ді-келді. «Сұрақ-жауап», «Танысу», «Аудармашы», «Ғажайып қап» дидактикалық ойындары, «Дүкен» рөлдік ойыны және т.б. Ата-аналардың балабақшадағы сабақтарға, мерекелерге, балабақшада өткізілетін бірлескен іс-шараларға қатысу арқылы біздің жұмысымызбен танысу мүмкіндіктері бар. Сонымен қатар балаларының тілді меңгерудегі нақты жетістіктерін көре алады.

Балабақшадағы қазақ тілін оқыту баланы жас ерекшелігіне сай шамадан тыс жүктемеу принципіне сәйкес жүргізіледі. Грамматика негіздерін үйрену үш-бес жастағы балалар үшін қиын, бұл жастағы балалар әлі дайын емес. Грамматикасыз қазіргі заманауи тілді үйрену әдістері өзінің тиімділігін дәлелдеді. Тәжірибелі мұғалімдер лексикалық базаны кеңейтуді жөн көреді, сол арқылы қысқа (екі-төрт сөзден тұратын) сөйлемдерді айтуға үйренеді. Мектеп жасына дейінгі балалар жағдайында сөздік тәжірибесіне назар аударудың мәні бар. Қазақ тілін оқытудың жалпы үрдісі – баланың жеке-танымдық, ойындық қажеттіліктерін қанағаттандыру барысында, ересектермен және құрдастарымен қызықты қарым-қатынас кезінде құрылады.

Сондықтан бастапқы кезеңде – мектепке дейінгі жаста қазақ тілін оқытудағы коммуникативті бағдар сюжеттік ойындар, ойын ситуациялары мен драматизация жүйесінде жүзеге асады.Ойын әрекеттері мен драматизация үрдісінде балалар жаңа білім алады, бұрынғысын қолданады, оқу іс-әрекетінде қажетті дағдыларды дамытады. Қойылымдар, ойындар, ұйымдастырылған оқу қызметі барысында мектеп жасына дейінгі балалар қазақ халқының салт-дәстүрімен танысады. Бірақ тіл тек қарым-қатынас құралы ғана емес. Тілді үйрену халықтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, халық ауыз әдебиетін зерттеуді қамтиды. Мектеп жасына дейінгі балалардың тілдік дамуының негізінің маңызды шарты – ата-аналармен тығыз қарым-қатынас орнату. Өйткені, отбасы – ұлттық салт-дәстүрді сақтаушы.

Адамның моральдық құлдырауын, жан дүниесінің дөрекіленуін, ең алдымен, отбасыдан алған мәдени тәрбие ғана тоқтатады. Мұның бәрі отбасымен жұмысты жоспарлау кезінде ескерілуі тиіс. Балабақша мен отбасының өзара әрекеттесуі мектеп жасына дейінгі балалардың қазақ тілін меңгеру белсенділігін жан-жақты дамытудың қажетті шарты болып табылады, өйткені мұғалімдер мен ата-аналар үйлесімді әрекет ететін жерде жақсы нәтиже болады. Дегенмен отбасымен өзара әрекеттесу жүйесі ешбір жағдайда біржақты болмауы керек. Бұл ата-анаға педагогикалық білім беру ғана емес, сонымен қатар отбасының қажеттіліктерін зерттеу, белгілі бір отбасынан шыққан жеке баланың даму тенденцияларын бірлесіп әзірлеу, ата-ананың балабақша өмірі мен қызметіне қатысуы.

Кері байланыс принципін сақтау – қазақстандық патриотизм сезімін қалыптастыруда және мектепке дейінгі жастағы балаларға мемлекеттік тілді үйретуде ең маңызды шарт. Тілді білу арқылы сіз қызықты жаңа дүниені ашасыз. Адамдардың сөйлеуі мен ойларын түсіне бастағанда, олардың мәдениеті әлеміне, ойлау тәсілдеріне еніп, бұл тілдің қаншалықты мағыналы, бай және дана екенін білесіз. Жүсіпбек Аймауытов айтқандай: «Ана тілі – жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы, жанның барлық толқындарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп сақтап отыратын қазына». Сондықтан қазынамызды құрметтей білейік, құрметті әріптестер!

Бахытгүл СЕМБИНА,
«Бөбек» ҰҒПББСО
«Өзін-өзі тану» балабақшасының
қазақ тілі пәнінің мұғалімі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий