Алаш руханияты және Тәуелсіздік
ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналған және Тәуелсіздік идеясын ХХ ғасырдың басында бастаған Алаш арыстарының рухына тағзым етіп, республикалық деңгейде «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қайырымдылық қоры және Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті «Алаш руханияты және Тәуелсіздік» атты ғылыми–тәжірибелік конференциясын өткізді.
Конференция жұмысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласын іске асыру мақсатында – Алаштың, «Алаш» партиясының қайраткерлері, ғасырда бір туар тұлғалары, азаттық идеясы үшін күресіп, Тәуелсіздік туын тігуді арман тұтып, елі мен жеріне жасаған өшпес қызметінде құрбан болған асыл азаматтарды еске алуға арналып, еліміздің зерттеуші-зерделеуші, зиялы қауымын жинады.
Конференция жұмысы құғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі үндеуіне халықтық үн қосу ретінде «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының ұйымдастырылуымен Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Шарапхана ауылы «Мәңгілік ел» саябағында «Алаш арыстары» ескерткішін салтанатты ашылуынан басталды.
«Алаш арыстары» ескерткіштің ашылу рәсіміне Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған зиялы қауым өкілдері – ҚР Парламентінен, Үкіметінен, бірқатар мемлекеттік мекемелер, сонымен қатар Түркістан облысының әкімдігі, ҚР «Ардагерлер ұйымы», Нұр-Сұлтан, Алматы, Тараз, Түркістан, Ақтөбе қалалары жоғарғы оқу орындарының ғалымдары, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының мүшелері, Қазақстанға еңбегі сіңген қоғам кайраткерлері қатысты. «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы – Бекет Тұрғараұлы ағамызға өзінің кәсіби саласында көптеген игі істерімен толы өмірін ұрпаққа аманат етіп, тарихи, мәдени-ағартушылық ісімен де ұштастырып, ел алдында нағыз қазақтың патриот азаматы екенін дәлелдеді деп нақтылады.
Бұл күн «Алаш», «Алаш руханияты» ұғымын биікке көтеріп, асыл алыптарына, арыстарына бет бұрып, рухына тағзым етіп, оны елдің санасынан өшпестей, мәңгі жадында қалатын ізін жүрегіне салды. Оңтүстік Қазақстан университетінің ректоры ретінде өз сөзімде «Алаш арыстары» ескерткіші – бүкіл түркі жұрты үшін жаңа ғылыми-зерттеу, ағартушылық, мәдени кешендерге үлгі болатындай жұмыстардың бастамасы деп атап өтіп, Бекет Тұрғараұлына Әуезов университетімен ынтымақтастықта іске асқан жобалар үшін алғыс білдірдім.
Конференция жұмысы Әуезов университетінің төрінде жалғасын тапты және басы мақсаты – ҚР-ның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қарашадағы №456 Жарлығымен бекітілген «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі» мемлекеттік комиссияның құрамы кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санаттарына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіруді көздеген жұмыстарға сәйкес құрылған – саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысына қорытындылар дайындау, мұрағат көздері мен басқа да материалдарды жинау, зерттеу бойынша 11 жұмыс топтарының жұмысының бірі «Алаш» партиясының қозғалысына, Алаш арыстарының қазақ жерінде жүргізген саясатына Отан тарихшылары және қоғам қайраткерлерінің ғылыми зерттеулерінің нәтижесі арқылы тұлғалардың қызметі мен тарихи маңыздылығына қорытынды баға беруге өзінің үлесі мен септігін тигізді.
Шын мәнінде, XX ғасырдың басында ғұмыр кешкен адамдарды қажет еткен әрі осыған орай өздерінің ойлау, болжау қасиеттері айрықша, талғам-танымдары жан-жақты алыптарды дүниеге келтірген дүбірлі заман болды. Түрлі саяси-экономикалық және тарихи-мәдени өмірінде орын алған жер қатынастары, аграрлық реформалар, көші-қон үдерісі, сонымен қатар Кеңес үкіметінің орнауы ғасырлар бойы қалыптасқан әлеуметтік және шаруашылық жүйенің бұзылуы, халықты күйзелістерге ұшыратып, көтерілістерге себепкер болды. Кеңес үкіметі жүргізген озбырлық пен қырып-жоюға, тарихты өрескел бұрмалауға негізделген саясаттың салдарынан халқымыздың сана-сезімі өлшеусіз де орны толмас жұтаңдыққа ұшырап, оның дамуына үлкен нұқсан келтірді.
Осы тарихи кезеңде қазақ халқы саяси аренаға, азаттық пен тәуелсіздіктің күрес жолына, ағартушылыққа шақырған ірі қоғам қайраткерлерін шығарды. Ел арасынан өздерінің табиғи дарынымен, асқақ білімділік деңгейімен, рухани парасатымен суырылып шыққан Алаш азаматтары ұлт болашағы үшін жан аямай, бостандық пен бақытты өмір жаршыларының тұңғыш қарлығаштары бола білді.
Қазақ ұлтының тәуелсіздігі үшін күрескен қазақ зиялылары – А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Ш.Құдайбердіұлы, сонымен қатар Ә.Бөкейханов, Н.Нұрмақов Ж.Сәдуақасов, Ж.Ақбаев секілді тұлғалардың еңбегінде қазақ халқының тәуелсіздігі, жерінің азаттығы, азаматтық құқығының болмауы туралы ой-пікірлер, ұсыныстар, азаттыққа жету жолдары айтылған терең тұжырымдамалар жазылды.
Қазақ жерінде тұңғыш рет «Алаш» идеясы, «Алаш» қозғалысы, «Алаш» мемлекетін құруға алғашқы ойларымен негізін қалап, қазақ халқын Тәуелсіздікке шақырды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Алаш зиялылары… сол айтулы есімдердің білімдарлық һәм азаматтық тәлімдерінде кейде көріне бермейтін де арналар бар. Оның бағасын ұрпақтары, бүгінгі қазақ зиялылары беруге тиіс. Бұлар – тарих толқынындағы мәдениетіміздің кіндік тұлғалары», – деп нақтылап: «ХІХ-ХХ ғасырлардың шегінде ұлы Абай үлкен әлемге жол салса, Алашорда алыптары қазақ халқының отансүйгіш рухының шоғырын оятып, тәуелсіздікке бағыттады», – деп Алаш арыстарына пікірімен бағасын берді.
Конференцияның Пленарлық Мәжілісін «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы Б.Тұрғараұлы екеуміз аштық. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шүкеев, ҚР «Ардагерлер ұйымы» төрағасының бірінші орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Өмірзақ Озғанбаев конференция жұмысына сәттілік тілеп, осынау күнді күллі Алаш жұрты – Қазақ елі үшін, тарихта қалатын ерекше күннің бірі деп өз сөзінде нақтылады және ел жанашырлары өздерінің үлгі болатын жұмысымен Түркістан облысының тарихи-мәдени дамуына да үлесін қосып отырғанын атап өтті.
Конференция жұмысында Қазақстан тарихшылары қауымдастығының төрағасы, т.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА академигі Мәмбет Құлжабайұлы «Алаш – қазақ ұлт азаттық қозғалысына саяси баға беру туралы»; Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, филология ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы «Алаштың елшілдік мұрасы және рухани жаңғыру», «Алаш қозғалысы және бүгінгі білім мәселесі»; философия ғ.д., ҚР ҚҒА академигі, ҚР Парламентінің екі дүркін депутаты, қайраткер, ғалым, ұстаз Ақтөбе өңірлік университетінің профессоры Амангелді Айталы, әл-Фараби атындағы ҚҰУ профессоры, т.ғ.д., Талас Омарбекұлы «Алаш қайраткерлері және ХХ ғасырдың 30-жылдар басындағы халық көтерілісі», философия ғ.д., профессор Бәкір Әбдіжәліл «Мұстафа Шоқай идеясы және Тәуелсіз Қазақстан» тақырыбында, «Алаш идеясы, қозғалысы, партиясы және мемлекеті тарихының кейбір беймәлім аспектісі» тақырыбында Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры Жүсіп Сұлтан Хан Аққұлұлы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, филология ғ.д., Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Негимов ағамызға «ХХ ғасырдағы Алаш идеясының ұлт әдебиетіндегі көрінісі», т.ғ.д., профессор, генерал лейтенант, ҚР Парламентінің депутаты Тасбулатов Абай Бөлікпайұлы «Алаш қозғалысының әскери құрылымдары туралы», ТаразӨУ профессоры, п.ғ.д., «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі Әбдікадырова Тұрсынай Рыстайқызы «Ұлттың ұлы тұлғалары – Алаш кайраткерлері хақында», «Тәуелсіздік. Алаш орда аманаты. Шерлі Түркістан» поэмасының авторы, ақын, журналист, этнограф, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қасымхан Сейітханұлы Бегманов баяндама жасап, Алаш қайраткерлері мен Алаш қозғалысы туралы жаңа зерттеулермен таныстырды. Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының Ғалымдар Кеңесінің мүшесі, «Шыңғысхан» кітаптың авторларыңы бірі, «Ұлы даланың Ұлы тарихы» кітабінің авторы Оразбай Зарипбайұлы конферения жұмысын қорытынды сөзімен аяқтады.
Конференцяның қорытынды резолюциясында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қарашадағы №456 Жарлығымен бекітілген «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның» құрамы кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санаттарына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіруді көздеген жұмыстарға сәйкес, сонымен қатар, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысына қорытындылар дайындау, мұрағат көздері мен басқа да материалдарды жинау, зерттеу бойынша 11 жұмыс топтарының жұмысының нәтижесінде:
– «Алаш» партиясының қозғалысына және қазақ жерінде жүргізген саясатына байланысты отандық тарихшылардың және қоғам қайраткерлерінің жүргізген ғылыми зерттеулерінің нәтижелері 2021 жылы 30-31 қазанда өткізілген «Алаш руханияты және Тәуелсіздік» ғылыми-тәжірибелік конференциясында талқыланып, осы бағыттағы жаңаша көзқарастағы тарихнамалық және деректері мен ғылыми талдаулармен толыққан тақырыптар арқылы «Алаш» партиясына ғылыми көзқарастар нақтылансын және конференцияда жасалған баяндамалар комиссия жұмысының назарына алынсын;
– «Алаш» қозғалысы туралы конференцияның жаңа ғылыми-зерттеулерімен толықтырылған академиялық дәрежедегі ғылыми мақалаларды республикалық оқу, ғылыми-зерттеу бағытындағы мекемелерде оқытылатын «Алаштану» пәніне және Қазақ елінің ұлы тұлғалардың бейнесі галереясында «Алаш қайраткерлері» сериясымен толықтырылсын;
– ХХ ғасырдың басындағы Орталық Азиядағы ұлт-азаттық қозғалыстар, ұлттық мемлекет құру идеяларының тоғысындағы «Алаш» партиясының рөлі, маңызы, мемлекет құрудағы тәжірибесі «Әлемнің қазіргі заман тарихы» пәніне енгізу ұсынылсын;
– 2021 жылы 30-31 қазанда өткізілген «Алаш руханияты және Тәуелсіздік» ғылыми-тәжірибелік конференциясының аясында «Бабалар рухына тағзым» кешенінде ашылған «Алаш арыстары» ескерткіші және «Созақ қасіретті мемориалы» ашық аспан астындағы мемлекеттік музейлер мен ескерткіштері тізбесіне енгізілсін;
– Отан тарихының ХХ ғасырдағы саяси-экономикалық және тарихи-мәдени дамуындағы ғылыми-әдістемелік мәні бар «Алаш арыстары», «Алаш» идеясы, «Алаш» қозғалысы, Қазақ жерінде тұңғыш рет «Алаш» мемлекетінің құрылуы, «Алаш арыстары», Қазақстанның Тәуелсіздігін алуға алғашқы идеяларымен тарих сахнасында өз үлесін қосқан – халық қаһармандарымен көпшілік қауымда тарихи сананы және саяси мәдениетті қалыптастыру мен нығайту мақсатында, сонымен қатар өскелең ұрпақ арасында, яғни орта және жоғары оқу орындарының тәрбие және ғылыми істері жөніндегі әдістемелік құрылымдары кеңірек насихаттау жұмыстарына бекітілсін;
– Аталған саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияда 11 топта жұмыс жасаған республикамыздың университет тарапынан енген тарих, филология, заң саласындағы оқытушы-профессор құрамы, қоғам қайраткерлері, ел жанашыры Қазақ елінің өркендеуіне белсенді жұмыс атқарып отырған қоғамдық қорлармен зиялы қауымы мұрағатта және басқа да материалдарды жинау, зерттеу бойынша 11 жұмыс топтарының мүшелеріне мемлекет тарапынан материалдық және моральдық қолдау жасауға Қазақстан республикасының Үкіметіне конференцияның ұйымдастыру комитетінен ұсыныс жолданылсын деп шешілді.
Конференция жұмысына қатысқан барша қонақтар мен баяндамашыларға, ұйымдастыру алқасының атынан конференцияның сәтті және жоғары деңгейде өткізгені үшін қатысушылар атынан үлкен оңды пікір берілді.
Дария ҚОЖАМЖАРОВА,
тарих ғылымдарының докторы,
профессор, ҚР ҰҒА академигі,
М.Әуезов атындағы Оңтүстік
Қазақстан университетінің
басқарма төрағасы – ректор









