Салалық кәсіподақ басшысының ұлттық педагогикалық университеттерге сапары

Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы А.Мұқашева Алматы қаласында жұмыс сапарымен болды. Сапар аясында Салалық кәсіподақ басшысы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне және Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне барды.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде А.Мұқашева университеттің басқарма төрағасы – ректор Дархан Біләловпен кездесті. Кездесу барысында ол Салалық кәсіподақ қызметі жайлы ақпарат беріп, атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

– Салалық кәсіподақ әлеуметтік әріптестікті дамытуға айрықша назар аударады. Әлеуметтік әріптестік аясында Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде әкімшілік пен кәсіподақ комитеті бірлесіп үлкен жұмыстар атқаруда. Алдағы уақытта кәсіподақ мүшелерінің игілігіне бағытталған жұмыстар жалғасын тауып, өзара ынтымақтастығымыз бен әріптестігіміз арта түседі деп сенемін, – деді А.Мұқашева. Өз кезегінде университет ректоры Дархан Біләлов әлеуметтік әріптестік аясында бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

Салалық кәсіподақтың құқықтық жұмыстар бөлімінің бас маманы А.Бектабанов университет басшылығына кәсіподақ комитеті мен әкімшілік арасында жасалған Ұжымдық шарттың басым бағытаттары туралы айтып, құқықтық мәселелерге байланысты кеңестерін берді. Университеттің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы М.Ибраимов кәсіподақ комитеті тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Кездесу соңында Салалық кәсіподақ төрайымы әріптестік үшін университет басшысына алғыс білдіріп, жауапты қызметте алға қойылған міндеттерді іске асыруда табыс тіледі.

Артынша Салалық кәсіподақ басшысы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ұжымымен кездесті. Мәжіліс залында өткен кездесуге университеттің басқарма төрағасы – ректор Гүлмира Қанай, университеттің оқытушы-профессорлары, кәсіподақ белсенділері қатысты. Кездесу барысында А.Мұқашева кәсіподақ белсенділерін Салалық ұйымның наградаларымен марапаттады. Жиынды А.Мұқашева алғы сөзімен ашып, Салалық ұйым қызметіне қатысты ақпарат беріп өтті.

– Салалық кәсіподақ әлеуметтік әріптестікті дамытып, нығайту, еңбек заңнамасының сақталуын бақылау, кәсіподақ мүшелері мен олардың отбасы мүшелерін сауықтыру жұмыстарын ұтымды ұйымдастырып, кәсіподақтардың үздік дәстүрлерін жаңғыртуға айрықша көңіл бөлуде. 2020 жылы сала қызмектерлерінің 2961 жазбаша өтініштері қаралса, 45 мыңнан астам кеңес берілді. Биыл 6 айда 14 мың 325 адам кәсіподақ кеңесіне жүгінді. Бұл көрсеткіштер кәсіподаққа сала қызметкерлерінің сенімі артқанын, кәсіподақтың нақты көмегін сезінгенін көрсетеді, – деді А.Мұқашева. Бұл ретте ол Салалық кәсіподақтың әлеуметтік әріптестікті дамытуға баса назар аударатынына айрықша тоқталды.

Артынша сөз алған университеттің басқарма төрағасы – ректор Гүлмира Қанай оқу орнын дамыту жолындағы жоспарларымен бөлісіп, жоғары оқу орнының инфрақұрылымын, материалдық-техникалық базасын жаңарту міндеті туралы айтып берді. «Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың қолдауы бойынша, осы оқу жылынан бастап университеттің профессорлық-оқытушылық құрамының жалақысы 30%-ға өсті. Педагогтердің орташа жалақысын 2024 жылға қарай өткен жылдармен салыстырғанда бірнеше есеге арттыру жоспарланып отыр, – деп атап өтті Г.Қанай.

Кездесуде университеттің бір топ қызметкерлері Салалық кәсіподақтың арнайы төсбелгілерімен, Құрмет грамоталарымен марапатталды. Алқалы жиында университеттің кәсіподақ ұйымының төрайымы Т.Ералиева ұйым тарапынан жасалған жұмыстар жайында баяндаса, кәсіподақ белсенділері де сөз сөйлеп, әріптестерін марапаттарымен құттықтады. Ал педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор міндетін атқарушы Ақгүл Жұбандықова университеттегі кәсіподақ комитетінің жұмысын жоғары бағалап, кәсіподақ төрайымына табанды еңбегі үшін алғыс айтты.

Филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Бекзада Қожекеева өз сөзінде «Күшті кәсіподақ – мықты бастауыш ұйымнан басталатынын» тілге тиек етті. Бұл ретте ол әріптестерін ұжым болып ұйысып, кәсіподақ жұмысын жетілдіруге шақырды. Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Сапбекова кәсіподақ мүшелерінің құқығын қорғауда Салалық ұйым тарапынан үлкен жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізіп, ризашылығын білдірді.

Қазақстандық салалық
білім және ғылым қызметкерлері
кәсіподағының баспасөз қызметі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий