Мінезі күн шуақты асыл ұстаз

Сөзімді ағылшын ағартушысы Уильям Уордың: «Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады», – деген жолдарымен бастағым келіп отыр. Бүгінгі әңгімеме арқау болғалы отырған жайсаң жан, аяулы ана, қамқор әже, ұлағатты ұстаз, ең бастысы, жанашыр мектеп басшысы – Айсұлу Ануарқызы.

 

Жарық дүние есігін ашқан соң, адам болып өмір сүру, оның ішінде адамгершілік қасиеттерді бойға жиып, адалдықты ту етудің маңызы зор. Өмірдегі әрбір адам – өзінше бір қайталанбас тұлға. Ал мектебіміздің ұжымын ұйымшылдықпен басқарып отырған Айсұлу Ануарқызының ерен еңбегіне ерекше тоқталып өтпеске болмас. Оның жан дүниесі – тұңғиық терең, ақылы – ұшан-теңіз, бағыты – айқын, бір сөзбен айтқанда соңынан ерген жандарды шартарапқа жетелеуші тұлға.

Болмысынан ұстаздықтың игі қасиеттерін бойына жиған, өз мамандығының шебері Айсұлу Ануарқызы – 35 жыл бойы бір мектепте еңбегі сіңген, талай батырлар мен ақындарды, белді әрі белсенді тұлғаларды білім нәрімен сусындатқан ерекше жан. Соңғы 6 жыл ішінде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарған жұмыстары – ерлікке татиды: қос мұражайдың мектеп төрінен орын алуы, балабақшаның ашылуы, жаттығу залының, IT кабинетінің ашылуы және басқа да атқарып жатқан игілікті істеріне ел куә.

Еліміздің қазіргі ахуалына қарамастан, мектептің іші де сырты да мектеп басшысының қадағалауымен, басшылығымен шексіз махаббатқа бөленген. Оқушылары белсенді, білімді, ұстаздары білікті де шығармашыл. Осындай абыройлы басшымыз Айсұлу Ануарқызын қараша айының 4-і күнгі туған күнімен құттықтағым келеді. Әрқашан бізге күндей шуақты көңіліңізді, шапағатыңызды шашып, жүрегімізге батырлық, күш-қуат беріп, «ұстаз» деген ұлағатты сөздің қасиетін өзіңіз арқылы бойымызға дарытып, ұзақ ғұмыр кешуіңізді тілейміз. Еліміздің болашағы айқын, жастарымыз саналы болсын.

Луиза АБДИРОВА,
Тасты жалпы білім беретін мектебінің тарих пәнінің мұғалімі,
Қостанай облысы, Амангелді ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий