Ақмола облысында «Үздік Ұланбасы-2021» байқауының жеңімпаздары анықталды
Zoom платформасы арқылы Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Үздік Ұланбасы–2021» облыстық байқауы өтті, – деп хабарлайды Ақмола облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі
Бұл шараны Ақмола облыстық білім басқармасының «Ақмола дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау жөніндегі орталығы және «Ақмола облысы «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Байқау өскелең ұрпақты жоғары рухани-адамгершілік құндылықтар негізінде қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу, жасөспірімдердің шығармашылық, интеллектуалдық деңгейін көтеру және Тәуелсіз Қазақстанның бүгіні мен болашағына деген жауапкершілікті қалыптастыру мақсатын көздеді.
«Менің жетістігім – Отанымның жетістігі!» тақырыбында өткен байқауға Астрахан, Ақкөл, Аршалы, Атбасар, Бұланды, Біржан сал, Бурабай, Жақсы, Ерейментау, Қорғалжын, Шортанды аудандарынан, Степногорск қаласынан және Нұр-Сұлтан қаласы, дарынды балаларға арналған №2 облыстық мамандандырылған мектеп-интернаты, Көкшетау қаласы, Абай атындағы дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатынан іріктеу кезеңдерінің жеңімпаздары, жалпы саны 14 ұланбасы қатысты.
Байқаудың қорытындысы бойынша 1-орынға Ақкөл ауданының ұланбасысы Саяхан Дүйсекова, 2-орынға Көкшетау қаласы, Абай атындағы дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының ұланбасысы Алуа Дулатова, 3-орынға Астрахан ауданының ұланбасысы Дариға Жасуланова ие болды. Ал «Көрермендер көзайымы» номинациясымен Ерейментау ауданының ұланбасысы Ақбота Байсолтан марапатталды.
Байқаудың бас жүлдегері «Үздік Ұланбасы-2021» облыстық байқауының кубогымен, жеңімпаздар дипломмен және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Барлық қатысушыларға сертификат пен естелік сыйлықтар табысталады.
Загрузка...