NIS-те үздік жас тоғызқұмалақшы анықталады
Назарбаев Зияткерлік мектептерінде тоғызқұмалақтан желілік дәстүрлі спартакиаданың ресми ашылу салтанаты өтті. Математикалық дәлдікті қажет ететін зияткерлік дода қараша айының 1-3 аралығында өтпек, – деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі.
Тоғызқұмалақ – әлем мәдениетінің озық үлгілерімен бой теңестіре алатын зияткерлік (интеллектуалдық) ойын һәм логикалық ойлау өнері. Зияткерлік сайыс PlayOk платформасында қашықтан өтеді. Жарыстың ашылу салтанатында онлайн оқудағы үздік көмекші RoboНИШ тоғызқұмалақ ойынының тарихы және ережесін түсіндіріп, Зияткерлік мектептер командаларын таныстырды.
Спартакиадада ҚР Тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті Мақсат Шотаев, Орал қаласындағы спорт мектебінің тоғызқұмалақ бөлімінің жаттықтырушысы Бауыржан Шурин, тоғызқұмалақтан Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Медет Кусаинов төрешілік етуде. Биыл Нұр-Сұлтан қаласындағы NIS халықаралық бакалавриат мектебінің намысын 4 оқушы қорғайтын болады. Олар: Арсен Қатбек, Аида Давлетова, Диана Туребекова және Нурхан Толеев.
NIS халықаралық бакалавриат мектебінің математика пәнінің мұғалімі Ақерке Мерзетханның айтуынша: «Тоғызқұмалақ – танымдық, эстетикалық, спорттық, тіпті ғылыми аспектілерге ие. Тоғызқұмалақтың емдік қасиеті де бар, ол жасөспірімдер миын дамытады. Тоғызқұмалақ ойды дамытып қана қоймайды, ол тәртіпке үйретеді. Тоғызқұмалақ ойнайтын бала өскен соң, күнделікті жоспарын оңай құрып, кез-келген жағдайда өзін тұлға ретінде көрсете алады. Белгілі бір оқиғаға байланысты өзіндік ұстанымы, көзқарасы қалыптасады».
Биыл спартакиадаға NIS-тен барлығы 90 оқушы қатысады. Айта кетейік, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ тарапынан бүгіннен бастап ауқымды әрі маңызды жобалар – «Туған елге тағзым» экспедициясы мен NIS ғылыми жобаларының желілік байқауы басталды.
Загрузка...
