Сабақ нәтижелі болсын десек…
Мұғалімнің рөлі заманның талабына сай көптеген өзгеріске ұшырады. Олар бұрынғыдай тек басқарушы, дос, әріптес немесе үйретуші емес, бағыт беруші, жол сілтеуші, бақылаушы және көмекші рөлдерін атқарады. Заманауи тәсілдің негізгі ерекшелігі – оқушылардың алған білімдерін орынды жерде қолдана білуіне назар аудару.
Американдық әдіскер, педагог-ғалым Дже́ймс Стронг: «Мектеп жұмысы мен оқушы жетістіктерін өрістетудегі негізгі тұлға мұғалім», – деген болатын. Алайда тамыры тереңге кеткен ұстанымдар мұғалімнің жаңашыл идеяларды қабылдау қабілетін шектеуі мүмкін. Сондықтан жаңашыл идеяларды танудан және тәжірибе жасаудан жалықпау өте маңызды. Қашан да мұғалімнің жұмысы дұрыс мақсат қоюдан басталатыны айқын. Ал «Мақсат дегеніміз не?» деген сұраққа көптеген ғалымдар мынадай анықтамалар береді: болашақ нәтижені суреттеу; неге қол жеткізу керектігінің бейнесі және т.б.
Жалпы SMART деген сөздің мағынасы – ақылды, тіпті қу немесе тапқыр, епті деген мағынаны білдіреді, енді осыған назар аударып, әрбір әрпіне мән беріп көрелік.
Specific. Мақсат нақты болу керек, алға қойылған мақсат үлкен немесе күмәнді болмаса екіұшты емес, айқын болу керек дегенді білдіреді. Атап айтқанда, «Жоспарды мерзімінен бұрын орындаймыз» деген мақсат айқын емес. Ол айқын болу үшін егер жоспарды мерзімінен бұрын орындаймыз десек, жоспарды мерзімінен қанша уақыт (сағат, тәулік, ай, жыл немесе т.б) бұрын орындайтынымыз нақтылануы керек.
Measurable. Мақсат өлшенетін болу керек. «Жақсы маман боламын» деген мақсатты өлшеу өте қиын, ал «Жоғары оқу орнына түсемін» деген мақсатты өлшеуге болады.
Attainable. Мақсаттың орындалу мүмкіндігі ескерілу керек. Мақсатты жүзеге асыру үшін қажетті жағдайлар жасалған ба? Мысалы, негізгі мектепті тәмәмдап, «Мен жақсы маман боламын» деген мақсат – қаншалықты сенімді мақсат немесе орындала ма, жоқ па, анықтылығы күмән тудырады. Мақсат шынайы болуы тиіс.
Realistic. Мақсат шынайы болу керек. Алға қойған мақсатты іске асыра алатындай мүмкіндіктер болғаны жөн. Мысалы, елуге келген соң «Мен космонавт (турист емес) болам» деген мақсат – бұл жаста қол жетпейтін жағдай.
Timed. Мақсаттың мерзімі анықталған болу керек. Мақсат қоюды қарапайым өмірден алынған мысалмен түсіндіріп көрелік. Сабақта диалогтік оқыту арқылы оқушылардың ойлау және сөйлеу қабілеттерін дамыту деген мақсат қойсақ. Осы қойылған мақсат қаншалықты дұрыс болар еді? Жоқ, себебі мақсат нақтылығы айқын емес.
Джон Кеннедидің: «Ұлттың дамуы толығымен білім сапасының дамуына тәуелді», – деген ұлы сөзі бар. Демек мақсатты дұрыс қою арқылы біз сол сабақтағы жұмыстың нәтижесін болжаймыз. Сабақты өткізген соң мақсатымызға қайта оралып, оқыту тиімділігін анықтай аламыз. SMART мақсатқа сай құрылған сабақ табысты оқытудың кепілі болмақ.
Ғабит СҮНДЕТОВ,
Мәшһүр Жүсіп атындағы №57 орта мектеп директоры,
Нұр-Сұлтан қаласы