Жаңашылдық пен ізденіс нәтижесі
«Бүгінгінің баласы – ертеңгінің данасы» дегендей, №58 мектеп-гимназиясы 2017 жылдан бері бірнеше бағытта халықаралық, республикалық, қалалық жобаларды жүзеге асыруда. Халықаралық жобада мектебіміз, «SHARE» бағытында жұмыс істеп келеді.
Аталмыш жоба аясында еліміздің 5 мектебімен бірге Ұлыбритания қаласындағы Кембридж университетіне барып, тәжірибе алмасып келдік. Үштілді білім беруді дамытуда физика, химия, информатика пәндерін ағылшын тілінде оқыту жұмысы қолға алынған. Аталмыш бағдарлама баланың бос уақытын тиімді пайдаланып, бар ынта-жігерінің пайдалы іске жұмсалуын қамтамасыз етуде. Ұрпаққа ата-ана мен ұстаздың ең қайырлы беретін дүниесі – ол білім. Осы орайда, «Самғау» аясында «Табысты мектеп – «Эко-техникалық мектеп» жобалары іске асып жатқанын айта кеткен жөн.
Инновациялық-экологиялық, техникалық, шығармашылық, зияткерлік бағытта жүзеге асырылып жатқан жобалар аясындағы жетістіктер де көңіл қуантарлықтай. Экологиялық бағытта оқушыларымыз жасыл экологияның адам өміріндегі негізгі пайдасын кешенді зертханалық кабинетте тәжірибе жасау барысында зерттеуде. Жоба аясында мектеп оқушылардың өздері өсірген гүлдерімен абаттандырылып, табиғи коктейл дайындау қолға алынуда. Осындай жұмыстар арнайы сабақтар барысында жасалады және баланың қызығушылығын арттырып, еңбекке баулуды үйретеді.
Келесі жоба аясында оқушылар «Ракета модельдеу», «Stem+Ғылым және технология», «Робот техникасы», «PASCO» техникасы, 3D қалам және 3D принтер бағыттары бойынша қосымша білімдерін жетілдіруде. Жобаны іске асыруда заманауи үлгідегі техникамен жабдықталған арнайы кабинеттер ашылып, интерактивті тақта, компьютер, жиһаздармен толық жабдықталған. Осы жобалар факультатив, зертханалық, сыныптан тыс жұмыстар арқылы жүзеге асуда соның нәтижесінде 2-11 сыныптың 950 оқушысы біршама жетістіктерге жетуде.
Инновациялық жобаларды енгізу, іске асыру аясында «Akyl-D кoмпаниясы», «Вегетарий DUO» ЖШС, Халықаралық экология, инженерия және педагогика ғылымдар Академиясы, Сәкен Сейфуллин атындағы Агротехникалық университеті, «KazRobotics», «Компьютерлік академия «ШАГ», «Жасыл Орда» баспасы, «Space Created» әлеуметтік серіктестермен жасалған меморандум аясында бірлескен жұмыстарды ерекше атауға болады. Эко-техникалық жобалар жаратылыстану пәндері бойынша білім сапасына әсер етіп, оқушылардың ғылыми жұмыспен айналысуға деген қызығушылығын арттырып жатқаны байқалуда.
Осы орайда, мектебімізде қазақтың біртуар азаматы, ойшыл, фольклортанушы, этнограф, тарихшы, философ, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің белгілі тұлғасы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының зертханасы ашылғандығын мақтаныш етеміз. Оқушыларымыз Мәшһүр атамыздың қызықты кітаптарын оқумен қатар мәңгілік мекеніне айналған Баянауылға барып, оның өмірімен танысып қайтты. Сондай-ақ өткен жылы мектебімізде белгілі жазушы, драмматург, сценарист Әкім Тарази мен жазушы Роза Мұханованың кабинеті ашылды.
Оқушыларды рухани байыту мақсатында мектебімізде арнайы театр да жұмыс істеуде. Білім алушылардың классикалық шығармалардағы кейіпкер тілімен сөйлеп, актерлік өнердің қыр-сырымен танысып, театр өнерінің тереңіне бойлауда Ерхан есімді маманымыздың еңбегі ерекше. Былтыр мектебімізге Ілияс Жансүгіров есімі берілді. Осыған орай жыл бойы қалалық, республикалық деңгейде «Жыр бәйгесі» сайыстары ұйымдастырылды. Болашақта мұражай да ашылмақ.
Самал НУГУМАНОВА,
№58 Ілияс Жансүгіров атындағы мектеп-гимназия директоры,
Нұр-Сұлтан қаласы